Кезексөз: "Мен МАССАГЕТке қалай келдім?"

Кезексөз: "Мен МАССАГЕТке қалай келдім?"
жеке
блог

     Кезексөз маған да келіп қалыпты. Кішкене кешіктірсем, кешірім өтінемін. Бұрынғы жазбаларымда жазғанымдай, кезексөз дегенді жақсы көремін. Бірақ дәл осы кезексөз маған берілмей-ақ қойса екен деп едім. Негізі массагетке қалай келгенімді бірнеше жерде айттым да, жаздым да. Кезегім келіп тұр екен, Ербол Жұмабайұлына «рахмет» деп жіберіп, жазып тастайын.

         Мен де сіздердің көпшілігіңіз секілді МАССАГЕТті құрылғалы білемін. Ең алғаш мені тәнті еткен – сайттың аты. «МАССАГЕТ» деген атауды қай данышпанның аузына Алла салып берді екен деп сүйсінетінмін. Көбінесе «Психология» айдарын оқып жүремін. Кейде бір мақаланы оқып отырып, ойым ішіме сыймай, пікір қалдырғым келеді. Ол үшін тіркелу керек. Тіркелген соң міндетті түрде блог жазу керек, онсыз ыңғайсыз сияқты. Ол кезде мен мектеп оқушысымын, блогқа не жазып жарытамын деген ой тұрады. Пікірлерді оқысам, барлығы бір-бірін таниды, апалы-сіңлілі, ағалы-қарындастыдай сөйлеседі. Мен бірнәрсе жазсам, жатырқамай ма, жатсынбас па деп тағы ойлаймын. Енді бір күні бар жігерімді жинап, тіркелейін десем, тіркеле алмаймын. Бетше қатып қалады. Содан бұйырмаған екен деп жүре бердім. Кіремін, оқимын, жабамын.

         Екінші курс. 2013 жыл 7 қазан. МАССАГЕТтен Анара Мұстафинаның «Блог деген не? Блогқа не жазамын?» деген жазбасын оқыдым. Осыдан соң блог жазуға деген құлшынысым арта түсті. Тіркелуде мақаланың астындағы «кіріңіз немесе тіркеліңіз» дегенді басамын, тағы да бұрынғыдай қатып қалады.

Сөйтсем, ең жоғарғы жағында тұрып, тіркелуді басу керек екен.

Сырын түсініп алып, тіркелдім. Сол күннен бастап «МАССАГЕТ» ауылының «туған қызы» болып алдым. Түске дейін сабақ, түстен кейін МАССАГЕТ. Редактор өзім сияқты, бір жазбасын жібермей оқып отырамын. Қазаннан наурыз айына дейін күніне 4-10 сағатымды МАССАГЕТке жұмсайтын болып алдым. Достарым «МАССАГЕТке салынып кеткен», «Ол әлеуметтік желі ме?» «Әселдің социальная сеті ғо» деп қалжыңдайтын болды. Таныстарымның бәрі мені көрсе: «МАССАГЕТтен не хабар?»- деп сұрайды. Ақпан аяғының соңында сол МАССАГЕТте отырған кезімде, күтпеген жерден бір жұмысқа шақырту алдым. Өміріме өзгеріс енді. Түске дейін сабақ, түстен кейін жұмыс, жұмыстан кейін тағы сабақтың тапсырмаларын қарау керек болды. Солай біраз уақыт блог жазудан қол үзіп қалдым. Бірақ оқуды тоқтатқан жоқпын. Кемінде, аптасына бір рет кіріп, оқып-оқып, сағынышымды басып аламын. Қазір де отырып, жазуды құнттамай жүрмін. Жазсам, міндетті түрде бірінші МАССАГЕТіме жариялаймын. Жазбасам да, бұрынғыдан жиірек оқып тұрамын. Әйгерім Сматуллаева, Анара Мұстафина, Ақерке Әбілхан, Болат Қосмағанбетов деген аға-апалардың жазбаларын сағындым. Қазіргі жаңа құрамы да өте ұнайды. 5-і күні болған бас қосудан кейін жақынырақ танып, көбірек жақсы көре түстім.

         Басқа танымдық сайттарға кіріп, пікір қалдырайын десем, өзімді МАССАГЕТіме адал болмай қалғандай сезінемін. Ол маған бәрін берді. Жаныма не керекті, іздегенімді осы жерден табамын. «Гүлдей бер, жасай бер, МАССАГЕТ!»

         Кезексөзді жерлесім – Нұршат Әлімқызы мен атасының баласы – Досхан Жылқыбайға беремін.

Сурет qazaquni.kz сайтынан.