Мен Массагет порталын құрылғалы білемін. Себебі, сайтымыздың құрушы һәм алғашқы толқынының құрамында біздің арқа сүйер бір топ ағаларымыз (Фараби, Ардақ, Ғани) жұмыс жасады. Ақыл сұрап барғанда, арагідік әңгіме-дүкен құратынбыз. Сонда, осы ағаларымыздың бұрын-соңды естімеген, кітаптан оқымаған қызықты мәліметтерді жарыса айтып отырғандарын көріп, іштей бас шайқайтынмын. Кейіндеп осы сайтта жұмыс істейтіндерін біліп, Массагеттің тұрақты оқырманына айналдым.
Бірақ, мына оқиғадан бастап мен шындап қызыға бастадым: 3 курсымның 2-жарты жылдығын (Түркия, Анкара) Гази университетінде оқыдым. Шерағам оқумен қатар, Массагеттің Түркиядағы тілшісі болып жүрді. Бір күні, «Ереке, ғашықтар күні жақындап қалды, ғашығыңды сағынып жүргеніңді білемін. Оның да тағатсыздана күтіп жүргені ақиқат. Өздерің секілді белгілі себептермен қашықта жүрген ғашықтар қаншама? «Қашықтықтағы ғашықтық» деген тақырыпта мақала жаз, мен сайтқа жариялайын»,- деді. Бірден қуана келістім. Оңайға соқпады. Өтірік айтпасам, 3 күн дұрыс ұйқы көрмедім. Дегенмен, сағыныш деген – ұлы сезім екен. Көңілімнің түкпіріне кіріп алып, жүрегімді тулатқан тентек сезім қаламымнан еркелей ағып, сия болып төгілді. Сия сезім «Қашықта жүрген қос ғашық» деген атпен жарияланды. Сол күні жаңағы қашықтықтағы ғашығымның сымсыз телефонның ар жағында тұрып қуаныштан айтқан сөздері әлі құлағымда. Сағат сайын көрілім санын санағаным, оқырман қауымның жазған жылы тілектері мәңгі есімде қалары сөзсіз...
Содан елге оралып, ел жұртпен аман есен жүздесіп, сары қызбен қауышып, сағынышымызды бастық. Уақыт неткен жылдам еді, соңғы курсқа да аяқ бастық. Меніңше, егер Абай атамыз ҚазҰУ-дың түлегі болса, «Қартайдық қайғы ойладық, ұлғайды арман» деген сөзді 4-курста айтар еді. Бірде, қазіргі әріптесім, өмірдегі жанашыр досым Жолдас екеуіміз, ескі әдетімізше, әр тақырыпта ой жүгіртіп, әңгімелесіп отырған едік. Сөз арасында Массагет сайтына тілшілер қабылдап жатқанын естідім. Бір үміт жылт ете қалды. Менің көзімнен: «Бағымды сынап, бір байқап көрсем бе екен?» деген сол әлсіз үмітті көріп қойса керек. Бірден, «Біздің жігіттердің біршамасы өткізіп қойды, түйіндеме жазып бер, мен апарып берейін, мүмкін жолың болып кетер»,- деді. «Ай, қалай болар екен?» деген аздаған күдікті де байқаған бұл жігіт: артынша, «Ия, сен жазып бер, сосын пікірлесуге дайындал, бәрі жақсы болады»,- деп сенім беріп, ізінше осы қызметтің арқасында аз уақыттың ішінде көп нәрсе үйренгенін, әріптестердің ұйымшылдығын, ананы-мынаны айтып қызығушылығымды одан ары арттыра түсті. Келіскеніміздей, сол күні түйіндемемді жазып, Жолдасқа бердім. Жәкең арқамнан қағып, «енді сенің тағдырың – менің қолымда» дегендей, мен туралы жазылған ақ парақты алып, ақырын басып жөнеле берді...
Жәкеңнің қолында кеткен ақ парақ бір аптадан соң мені пікірлесуге шақырды. Бұл пікірлесуді мен ешқашан ұмытпаспын. Тосыннан қойылған сауалдардың біразы абдыратып тастаған да рас. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» демекші, «жарты жыл Түркияда оқып келдім» деп мақтанып отырғанда, «түріктің Нобель сыйлығын алған жазушысы кім?» дегенде, «Орхан Памук» деп жауап бере алмай қалып (бес саусағымдай білетін едім), бетім қызарды. Әйткенмен, бар күшімді салып, өзімді жан-жақты көрсетуге тырыстым. Әр берілген тапсырманы орындау барысында бұл жұмыстың артылар жүгінің ауыр екенін, үлкен жауапкершілікті талап ететіндігін түсіндім.
Жауапкершілікті алғашқы күннен бастап сезінгенімді, артылар жүктің ауырлығына қарамай көтеруге дайын екенімді басшылықта түсінген болу керек. Мені бұл қызметке лайықты кадр деп шешіпті...
Бақытыма орай армандар мақсатқа, мақсатым өмірге айналып жаңағы Жәкеңнің қолындағы ақ парақ болашағыма сара жол салып берді. Міне, мен қысқаша айтқанда, Массагетке осылай келдім. Мені Массагетке әкелген асыл арман мен ғасыл достар еді. Бүгін міне, білдей біл Массагеттің тілшісі ретінде кезексөз жазып отырмын... Жәә, осымен жетер, қаламымды тоқтатып, кезексөз таяқшасын әріптесім Нұрбол Нұрмаханұлына және біздің сүйікті оқырманымыз Әсел Асановаға ұсынамын.