Кезексөз: «Мен Массагетке қалай келдім?»

Сайтымыздың үш жылдығына орай жаңа эстафета басталған екен. Кезек маған келіп, мен де қаламымды қолыма алдым. 

Эстафетаның тақырыбын естігенде қуанғанымды айта кетейін. Себебі осы тақырып аясында ой бөлісу мені сіздермен жақындатады деген ойдамын. 

Жаздың соңғы айында ата-бабамның жерінде, теңіз жағасында сабақтан демалып жүрген кез еді. Алматыдан Massaget.kz сайтына сән рубрикасына жазатын журналист керек деген хабар келді. "Бағымды сынап көрсем бе?" деген оймен түйіндемемді әзірлеп, сайт редакциясына жолдадым. Ол жақтан хабар келіп, өзім Ақтауда жүргендіктен, skype арқылы сұхбат өтетін болды. Өз кезегімді күтіп отырғанда редактор байланысқа шықты. Танысып, сұхбаттасып, хабарласатындарын айтып, аяқтадық. "Уф, бұл шетелдікіндей болды-ау" деп, алқа-білезіктерімді шешіп, кілемге қисая кеттім)).

Қыркүйек, күнделікті тірлік, университет - үй. Бір күні сайттың редакторы хабарласып, сұхбатқа кеңсеге шақырды. Дереу анама хабарды жеткізіп, екеуміз киім таңдауға кірістік. Бұл кезеңнен де сүрінбей өтіп, бастықтың алдына баруға жолдама алдым. Ал, енді нағыз қобалжу басталды. Әскерге кетіп бара жатқандай, анам маған рух беріп, "бүйт, сүйтін" айтып, шығарып салды. Бастықтың кабинетіне екі адам кезекпен кіретін болдық. Кіріп, өзімді таныстырып, диалогқа кірістік. Біраз сұрақтар қойылып, жауаптар айтылды. "Күте тұрыңдар, ойланайық" деді. Редакторлармен кеңесіп, шешім қабылданып, жұмысқа сынақ мерзіміне кірдім. Осылай 3 кезеңнен өтіп, Массагеттің есігі де ашылды. 

Сан түрлі идеялар басыма келіп, ұжымға ұсынып, бірқатарын іске асыра бастадық. Өзімді көрсетуге талпындым. 

Кез келген жұмыс туралы айтылғанда "ұжым" мәселесі қозғалмай кетпейді. Мен тап болған ұжым тамаша десем қате айтпаспын. Әріптестерімнің көбі қара шаңырақ ҚазҰУ-мыздың өзіммен бірге түсіп, оқитын курстастарым. Бірінші күннен бастап маған көмектесіп, қолдау көрсетті. Өзімді жалғыз сезінген емеспін. Біреуіміздің қабағымыз түйіліп отырса, екіншіміз әзілдеп, көңілді көтеріп отырады. Дәл осындай ұжым арасында қызмет істейтініме қуаныштымын.

Міне, мен Массагетке осылай келген едім, сөзімді қорытындылап, кезексөз таяқшасын әріптесім Бауыржан Жақсымбет пен сайтымыздың белсенді оқырманы, блогшысы Айкона Н-ге ұсынамын.



Бөлісу: