Өзім оңтүстіктің тумасымын. Мектептің табалдырығын аттаған соң, Ұлттық Университеттің студенті атану бағы бұйырды. Алматыға арман қуып келгеннен бері ғаламтордың ресурстарын көптеп пайдаланатын болдым. Студент болғасын әдеткі жағдай ...
Уақыт өте келе жаңа тапқан достарымның біршамасы интернет журналистикасымен айналысатындықтан, менің де мақала жазуға құлшынысым ояна түсті. Сол кезде біздің факультеттің жоғарғы курсында оқитын Фараби және Уалихан есімді жігіттердің жаңадан ашылған massaget.kz сайтында жұмыс істейтіндерін білдім. Олармен менің ортақ әңгімем жарасатын. Уалихан спорт журналистикасына қызығушылық танытып жүрсе, ал Фарадидің оқымаған кітабы жоқ болатын. Нені сұрасаң да, ұтымды жауабы бар жігіт еді. Осыларға қызығып, massaget.kz порталының тұрақты оқырманына айналдым. Кейде Фарабиге жазған мақалаларымды қарап көруін сұрайтынмын. Ол мейлінше көмектесетін.
Осылай екінші курстың соңына да жеттік. Ол кездерде сайтқа жұмысқа орналасу туралы ойлаудан қалыс едім. Себебі мен оған дайын емес едім. Сосын жазғы демалысымды АҚШ-тың Айова штатында өткізіп, Алматыдағы үшінші күзімді де қарсы алдым. Шетелде болып қайтқаннан кейін, өмірге деген көзқарасым өзгергендей болды. Енді үлкен кісідей алдағы болашағымды нақтылауға көше бастадым. Бірінші және екінші курстағы журналистикаға деген құлшынысым енді шынайы кейіпін көрсете бастағандай. Осылай Массагетте тәжірибемді арттыруды мақсат еттім!
Қазақта «Ер кезегі үшке дейін» деп жатады ғой. Мен де мassaget.kz-ке бір табан жақындауға үш рет әрекет еткенмін. Алғашында маған бос уақыты болса кітаптан көз алмайтын Фараби демеу болған. Тәжірибе жинақтаушы білімгер ретінде массагетке кіруге асықтым. Уақыт жиілігіне мұрындық бола алмайтынымыз рас. Семестр аяқталып, үйге қайттық.
Қыстың суығы саябырси бастаған кез. Демалыстан кейін тағы бір мүмкіндікті қарап көруге тырыстым. Уалихан ол кезде басқа жұмысқа ауысып кеткен болатын. Ол мені Массагетте жұмыс істейтін Ардақ есімді жігітпен таныстырды. Өте білікті әрі көңілі ашық жігіт екен. Ол еш сөзімді қайтармай мен жіберген мақалаларды қарап, дұрысын жариялап тұрды. Тәжірибе жинақтауға шақырудың уақыты келмегенін айтатын. Мен де өз үстімде жұмыс істеуден талмадым. Барынша қызық ақпарат жазуға талаптанатынмын.
Үшінші рет тіпті ойда жоқта болды. Көктемнің көкек айы еді. Мен шетелге шығу мүмкіндігін ұтып алу мақсатында, Эразмус Мундус бағдарламасына құжат тапсырып жүрген болатынмын. Факультетте бірге оқитын Нұрбол есімді жігіт massaget.kz сайтына шет тілін меңгерген мамандардың қажет болып жатқанын айтып қалды. Сосын түйіндемемізді жазып, жолдадық.
Екі күнде сұқбатқа да шақырды. Алдымен сайт редакторларымен сұқбат өткіздік. Олар бізді құптағаннан кейін, келесі күні бастықтың кабинетіне жол алдық. Ең маңыздысы да осы болатын. Басекең түйіндемемізге қарап, ретімен сұрастыра бастады. Екі сағаттан аса уақыт отырған болсақ керек, бастықтың көңілінен шығыппыз. Жұмысқа бірден алды. О баста мен тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берсе екен деп келген болатынмын. Осылай Массагеттің ұжымына сіңісіп те кеттік!
Тәуелсіздік күніне орай сүйікті сайтымызға 3 жыл толмақ. Сол себепті кезексөз барысын жалғастырамыз. Кезексөз таяқшасын әріптесім Фариза Абилова мен сайтымыздың белсенді блогшысы Erkezhan Aryn-ға ұсынамын.
P.S. Қадірлі оқырмандар, біздің үш жылдық кездесуге келуді ұмытпаңыздар. Естен кетпестей етіп өткізейік. Қызық ойындар мен көңіл ашар думан болады.