Кезексөз: "Мен Массагетке қалай келдім?"

Мен 11-сынып оқып жүргенде Massaget.kz сайты жаңадан құрылған болатын. Жаңа ашылған сайт кімді болса да қызықтырары анық. Әсіресе ҰБТ-да әдебиет таңдайтын бір топ бала жарияланған әр мақаланы талдап, талқыға салатынбыз. Керек жерлерін жазып алып жүретінбіз. Аз уақыт ішінде Массагеттің тұрақты оқырманы атанып, әдебиетке деген сүйіспеншілігіміз одан сайын арта түсті.

Бір күні бір топ өлең шумағымды редакция поштасына жібердім. Көп кешікпей шықты. Қуанышымда шек жоқ, бәріне көрсетіп, мақтанып жүрмін. Сиясы кеуіп үлгермеген ақындардың өлеңдерін, шығармаларын бәрін-бәрін үзбей оқитынмын. Менің Массагетке деген қызығушылығым осылай оянды.

ҰБТ-дан ойдағыдай балл жинағасын, талай ақын-жазушыға пана болған арман қала Алматыға аттандым. Абай атындағы қасиетті қара шаңыраққа қабылданып, №3 жатақханасына орналастым. Филология факультеті болғасын, өңшең таланттар тұратындай көрінді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жігіттер танысып, білісе бастадық. Отырғанымыз сол еді, бөлмеге бір бала кірді. Танысып, хал-жағдай сұрасып, бәрімізден бір-бір өлең оқуды өтінді. Өз кезегімде көп ойланбай «Биші қыз» деген өлеңімді оқыдым. Өлең оқып біткен бойда: - Жасұлан Исакаев деген сен бе? - деп сұрады. - Иә, мен, – дедім. Ішімнен "Ақтөбеден келген мені мұнда кім таниды" деп ойлап отырмын. Сөйтсем, менің бұл өлеңімді Massaget.kz сайтынан оқыған екен. Бұл мен үшін өте қуанышты жағдай болды. Осы сайттың тілшісі болсам ғой деп армандайтынмын.

3 курс. Жаңа оқу жылы басталды. Қателеспесем, қыркүйек айының аяқ жағы болу керек. "Масссагетке жаңадан тілшілер қабылдап жатыр" деген хабар естідім. Тезірек түйіндемемді дайындап, поштаға жібердім. Арада 2-3 күн өткең соң , қалта телефоныма қоңырау шалып, кеңсеге шақыртты. Адасып жүріп, әрең тауып бардым әйтеуір. Он шақты адам жиналып отыр екен. Бір кезде бәрімізге бірдей тапсырма берді. Берілген тапсырманы орындап болғасын, бір-бірден бастықтың кабинетіне кірдік. Сан түрлі сауал қойылды. 10-15 минутқа созылған сұхбатымыз өз ойымнан шықты. Менің Массагеттегі ең бірінші күнім осылай өтті.

Бір аптадан соң, қайта хабарласып, кеңсеге келуімді сұрады. Алғаш барғандағыдай толқу жоқ, өзіме сенімді бардым. Менімен қоса бір жігіт пен бір қызды шақыртыпты. Бұл мен үшін бір сайыстың екінші сынағындай болды. Тағы да бір тапсырма беріп, қабілетімізді байқап көрді. Шешуші сәт екенін сезініп, осы жолы өз ойымды өте тиянақты жеткізуге тырыстым. Ааа айтпақшы, жазған ой толғауымның тақырыбы: «Қазақстанда мұнай, газ, металл болмағанда...» деген болатын. Жарты сағаттан соң жазған дүниелерімізді жинап алды. Жанымды қоярға жер таппай, жауабын асыға күттім. Мені бастық кабинетіне бірінші шақырды.

-Құттықтаймын! Жұмысқа қашан шығасың? - деді. Қуанғаным соншалықты, ештеңеге қарамастан "ертең-ақ кірісіп кете берейін" дедім. Аптаның дүйсенбі күні болатын. "Сейсенбі күні құжаттарыңды жинап, сәрсенбінің сәтті күнінен баста" деп бұйырды бастық. Көптен күткен күнім де осы еді. Міне, менің Массагетке келуім осылай болды. Еліміздегі ең үздік сайттың тілшісі болу – мен үшін үлкен мәртебе.

Жақында сүйікті сайтымызға 3 жыл толады. Осыған орай жаңа кезексөз бастауды ұйғарып отырмыз. Кезексөз таяқшасын әріптесім Өмірбек Сансызбайға ұсынамын.



Бөлісу: