Кезексөз. Көңілдің нәзік пернесі

Кітап - ішкі әлеміңнің айнасы. Дүниетанымың. Өлшеулі өмірің. Өлшеусіз сезімің...

Адамның қанша кітап оқығаны бетіне жазылып тұрады. Дұрысы - іс-әрекетінен айқын білінсе керек. Көп кітап оқыған адам жолбарыстай жабайы адамның алдында да сыпайы. Үнемі кісілік келбетін, адамдық болмысын сақтайды. 

Көп кітап оқыдым деп кеуде керуші ем мен бейбақ. Менен он есе көп кітап оқыған қатарластарымды көрген соң, үнім өшті. Дегенмен, қолыма кітап беріп қойып, еркіме жіберсе, жалған дүниенің рақаты мен үшін сол шығар...

Қазір шетел әдебиетіне құмартып жүрмін. 

Сонымен, ұсынайын:

1. Софи Кинселла "Асүй ханшайымы" (Богиня на кухне). Басты кейіпкер - Самантаның тағдыры менің тағдырыма келіңкірейді. Басы бос, жұмысбасты қыз. Тамақ пісіре алмайтынын оқығанда, еріксіз күліп жібердім. Менен басқа да тамақ пісіре алмайтын қыздың бар екеніне шүкір. Мейлі, кітапта болса да ))) Ақыры не болады дейсіз ғой? ) Ақыры, үй тірлігін тындыра алмайтын Саманта нағыз асүй ханшайымына айналады. Қалай айналатынын айтпаймын. Ол Саманта екеуміздің құпиямыз ))

2. Виктория Токарева "Менің дұшпандарым" (Мои враги). Кім-кімнің де дұшпаны бар. Сіздің де дұшпаныңыз бар... Сүйікті қаламгерім В.Токареваның бұл повесінде дұшпаным деп есептеп, жер-жебіріне жетіп жүрген адамдар күндердің бір күнінде біртіндеп жоғалып, басты кейіпкер дұшпандарын аңсайтын күйге жетеді. Сенесіз бе?!..

3. Татьяна Устинова. "Персональный ангел".  Қазір оқып жатырмын. Басты кейіпкер Катеринаның кейбір мінездері, өмір иірімдері менікіне келеді екен... Әлде, өзім ұқсатып алдым ба? Маңызды емес. Маңыздысы - кітап ұсынуға тұрарлық. 

"Пойызда кітапты ішің пысқан соң оқисың, автобуста шын мәнінде кітап қызықты болған соң оқисың" депті бір данагөй. Дәл айтқан. Бүгінде автобуста үлкендерге орын берместен, кітапқа шұқшиятын әдет шығарыппын... Кітап еркіме жібермей, жан-дүниемді баурап алса, қайтем?.. 

Байқасаңыз, нәзік қауымның кітаптарына жата-жастана жармасыппын соңғы сәт. Қазақ әдебиетінде Бексұлтан Нұржекеевтей әйел жанын түйсінер жазушы жоқ дейді... Рас. Дегенмен, мына нәзік қауымның кітаптары көңіл пернесін дөп басып, көкейге небір ой маржандарын тізбектейтіні де шындық.

Жазира, рақмет ) Кезексөз Айжан Табында )




Бөлісу: