Кезексөз: "Жазғы демалыста..."
блог
Сәлем, достар! Демалыс туралы материал жазу барысында блог жазуға ой келді. Кезексөз жазылмағалы біраз уақыт болып еді, жаз маусымының бастауы болсын деп "Жазғы демалыста..." атты кезексөз бастайын.
Мұның мақсаты - жазғы демалысқа тағайындаған жоспарыңызбен бөлісу. Жазда не істейсіз? Қандай ойыңыз, жоспарыңыз бар? Ал мен болсам...
Жыл сайын жазғы демалыста бір жерге барып келу мүмкіндігі бола бермейді. Екі жылда бір рет ауылымызға қонақтап барамыз. Өзіміз Алматыда тұратындықтан, 4000 км жерде шалғай жатқан Маңғыстауға бару біз үшін үлкен сапар!
Кішірек кезімізде мама-папамыз "пәлен күні ауылға барамыз" дегенде, бір ай алдын ала сөмкемізді жинап, киімдерімізді салып, ойыншықтарымызды түгендеп қоятынбыз. Күн санап, күнді тез өткізу үшін ерте жатып қалатынбыз. Қазір есіме түсіп, күлкім келіп кетті :) Балалық қой))) Дегенмен, әлде де бір ай болмаса да, екі апта бұрын жиналып, өзімді қоярға жер таппай, вокзалға баратын жолға қарап "кішкене қалды" деп қоямын.
Міне, жақында да әке-шешем ауылға баратынымызды айтты. Алайда, бұл жолы мен жұмыс істейтін болғандықтан, олардан кешірек демалысқа шығатын болдым.
Жаздың соңғы айында билет алып, Қарт Каспийге, Сам құмына барып келемін, бұйыртса. Осыған дейін "тү, Туркияға барғым келеді" деп аңсайтынмын, биыл сондай мүмкіндік бар бола тұра, шын мәнінде ол жаққа баруды қаламайтынымды түсіндім. Қоғамның "стереотипінің" жетегіндегі ой ғой ол...
Одан да атамекеніме, нағашы ауылым - Тұрыш, Бейнеуге, өз ауылым - Ақтауға барып келейін деп шештім. Түркиядағы су Ақтауда да бар! Дубайдағы құм Маңғыстауда да бар! Ой десең ой, қыр десең қыр көресің. Бұл фактілер әлгі стереотиптің "бетін ашып" тұр.
Екі айдың тез өтуін тілесем, 20 күн демалыстың одан екі есе тез өтіп кететінін білемін. Сол себепті қазірден бастап әр күнде не істейтінімді шамамен ойластырып, жоспарлап жүрмін. Мысалы, нағашы ауылға барып, көрісіп қайту керек. Поезға мініп, Маңғышлаққа барамын. Ақтаудан түсіп, алдымен үлкен ағамның үйіне өтіп, содан соң бар ағайын-туысқа көрісемін (жасың кіші болса, осы ғой)). Бір күні көлік тауып, туыстармен Қарақия ойпатына, Оғыландыдағы Бекет ата қорымына барып келу керек. Содан соң асықпай, 7, 14, 1 шағынаудандарына барып, теңізді қызықтауға болады.
Ал қалған екі айында тек жұмыс, жұмыс, жұмыс. :)
Кезексөз таяқшасын Қарлыға Бүйенбай, Назым Сапарова, Уалихан Мырза, Толғанай Мұқашева атты оқырмандарымызға ұсынамын. Жалғап жіберіңіздер :) Идеяны ұнатқан кез келген оқырман кезексөзді жалғастырып жіберсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қане, бастайық ;)