Кезексөз: Жатақханадағы бірінші күнім
блог
Достар, жаңа кезексөз бастаймыз!!!
Кезексөз шарты: Блогшы ұсынылған тақырып аясында блог жазуы керек. Блог жазып болған соң, кезексөз таяқшасын басқа біреуге ұсынып, оған кезексөз таяқшасын бергені туралы хабарлауы керек. Кезексөз екі апта жүреді.
Кезексөз түйіні: Ең көп лайк пен коммент жинаған блог бір күн бойы "Жұлдызды блогқа" ілінеді.
Жатақханадағы бірінші күнім
Мен үшін жатақханада өмір сүру тосын болған жоқ. Себебі оның алдында интернатта оқыдым.
Жатақхананы әрең дегенде алып, бөлмеге аяқ басқанымда (17 жатақхананың 212 бөлмесі), мені бөлмедегі үш бос кереует қарсы алды. Қайсысын таңдасам екен деп ойланып тұрдым, тұрдым да, заттарымды жайғастыра бастадым. Бір кезде, бөлменің қоңыр есігі сықырлай ашылып, бөлмеге әдеміше келген бір қыз кіріп келді. Ол қызды мен одан бұрын Алматыға келе жатқан пойызда кезіктірген едім. Есімі Нұрайна екен. Оралдың қызы. Таныстық. Жөн білістік. Екеуміз заттарымызды ыңғайлап, үшінші қыздың келуін күттік. Сол кезде бөлмеге шашы беліне түскен ұзын бойлы, аққұба қыз кірді. Ол – кейін талай қызық пен шыжықты бірге өткізген Айзада болатын.
Міне, үш кереуеттің үш керемет иесі табылып, біздің жатақханадағы өміріміз басталды.
Кешкісін бір таныс қыз үйіне шақырып, сол жаққа барып келейін деп шештім. Оның үйі жатақханадан жырақ та емес. Нұрайна мен Айзаданың "Беймезгіл уақытта қайда барасыңына" қарамай, не түртпектегенін білмедім, сол жаққа қарай алып ұштым да тұрдым. Сөйтсем, бекер емес екен...
Жолдан өте бере, үлкен жылдамдықпен келе жатқан көлікке қағылдым... Көліктегі 4 жігіт те КазГУ-де оқиды екен, олардың жандары көздеріне көрініп, мені жедел жәрдеммен ауруханаға әкелді. Періште қағып, жеңіл-желпі жараландым. Көлік жүргізушісінің есімі Олжас екен. Өзі сондай сымбатты, үлкен қоңыр көзді болатын. Мен Олжастың сымбаттылығына сүйсініп, бір көргеннен, ғашық болдым. Бәлкім сіз сенбессіз, бірақ бұлай да болады екен. Махаббат, сезім бәрібір бірінші кезекте тұрады екен.
Кейін Олжас ауруханаға келіп тұрды. Дәрі-дәрмектерімді әперіп, қарындасындай қамқор болды. Ал мен ол келген сайын өз-өзімнен өртеніп, кетпесе екен деп отыратынмын. Үлкен қоңыр көзі ойымнан шықпайтын... Ол палатаға кіріп келгенде, бөлмеге күн кіргендей, жаным да жадырайтын...
Міне, менің жатақханадағы бірінші күнім осылайша жатақханада басталып, ауруханадан аяғын тапқан болатын...
Кезексөз таяқшасы Гүлжан Серікте
Сурет: motto.net.ua