Мейіргүл бастаған қызықты кезексөз таяқшасын Қарлығадан бұйырыпты, ары қарай жалғастырайық.
Адамның өміріне мән беретін, сән беретін нәрселердің бірі - хобби. Баланың санасы қалыптаса бастағаннан бері бір нәрсеге құмарлығы да табылады.
Бала кезімнен музыкаға, әсем әуенге құмармын...
Ол құмарлық мынадай затты алуға әкеліп соқты :). Оқушы кезімде фортепианода ойнауды үйренгім келіп, үйге мұғалім шақыртып оқитынмын. Ол апайым "музыкаға бейімің бар" деп қанаттандырып, тез-ақ үйреткен еді. Уақыт өте келе фортепианомен қоштасуға тура келіп, мынадай кішігірім, заманауи құрылғы сатып алдым, синтезатор. Бір жақсысы - ешкімнің мазасын алмай, құлаққап/наушник қосып алып, ойнай беруге болады. Бірақ сырт көзге бір түрлі көрінеді екенсің :).
Музыка біткен жоқ... Ән айтып, жұрттың мазасын алатын әдетім бар. Музыканы үнсіз тыңдай алмаймын, міндетті түрде (сөзін білсең де, білмесең де енді) қосыла шырқау керек :). Кейбіреулерге ұнайды... Тыңдар құлаққа айтар әуенім бар деп мен де "кетәрі" емеспін :).
Алматы, "Тіл шебері" байқауы, 2014
Сән индустриясына қызығушылығым тағы бар. Сондай-ақ көлік айдауды өте ұнатамын. Әсіресе, әйгілі "механиканы". Көлікті толықтай өзің билеп отырғандай боласың. Ал, автомат, шіркін рақат қой. Бір қолың, бір аяғың демалып барады. Бірде біз Маңғыстауға көлікпен барғанбыз. Қазақтың дархан даласын-ай... Тау-тасты, шөл даланы жағалап, еш кедергісіз ұшып келесің... Мен әдемі, қымбат көлікке емес, көлік айдауға қызығамын.
Келесі қызығушылығым - психология. Нақтырақ айтқанда, психоаналитикаға қызығамын. Адамның сана мен бейсанасын талдау, тану, анализдеу. Егер біреу бір қиын жағдайға соқтықса, "неге?" деп қазбалап, байырғы бала кезінде болған жайттарды сұрастырып кетемін. Психология қазіргі заманда керекті білімдердің бірі деп санаймын. Бұл тақырыпта материалды қуана қуана жазамын.
Сонымен қатар, ым-ишараны танып, талдауға құмармын. Жұртты бақылауды да әдетке айналдырыппын... Көбіне сөзіне емес, денесінің беретін сигналдарына мән беремін. Бірақ жақындарыммен сөйлесуде бұл әдетті "өшіруге" тырысамын. Бәрін біліп отыру - өте ауыр. Кейде өмірімізге өтірік те, жалған сөз де керек...
Кейбір отбасылардың ішкі қарым-қатынасының сырлары да көзге түсіп отырады. Алайда, бұл "хоббидің" де жақсы жақтары бар. Кейде бір келеңсіз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндігің болады.
Бұл қызығушылығым осы тақырыпта вебинарлар ұйымдастыруға алып келді. Алайда, "бәрін білем" деп айту мүмкін емес, сондықтан үнемі даму керек. Ол үшін жиі эксперимент жасап тұруыма тура келеді. Ондай кезде күнде көретін, үнемі жанымдағы әріптестерім көмекші. Айтпайтын нәрселерді айтып, бір түрлі әңгіме қозғап, реакцияларын бақылап отырамын. Кешіріңіздер, айтпақшы... )))
Осы жазда тағы бір қызығушылығым пайда болды. Сүйікті апам "қызымызды шығарып салу керек" деген бұйымтайын айтты. Яғни, ұзату тойда қызды таныстырып, жігітті таныстыратын, тілек, өлең айтып, қызды жат жұртқа сыңсумен шығарып салу керек болды. Аяқ астынан түскен міндеттен қорқып, қобалжып, пойызда келе жатып дайындыққа кірістім. Сүйтіп, бірнеше күннен кейін ұзату да өтіп, жүгімізді арқалап, шықтық әйтеуір. Дәстүрді сақтайтын, жалғайтын - өзіміз. Бұл "тәжірибе" маған ұнады. Бұған қызығушылығым күннен күнге артуда...
Ақтау, 2014.
Және ең ерекше қызығушылығым - дыбыстау. 2013 жылы алғаш рет аудиокітапты дыбыстадым. Қатты қорқып, қобалжыдым. Алайда, ойдағыдай өтіп, нәтижесі сараптамадан өтті. Бұл хабарды естігенде, жалғастыруға құмарттым. Бірнеше кітапты дыбыстап, осы салаға одан сайын қызыға түстім. Әрине, қиындау. Көптеген тағамнан бас тартасың, режіміңе мұқият қарайсың, жаттығуларды үзбей жасайсың және дыбыстау процесі 4-5 сағатқа созылуы мүмкін. Жұмыс біткенде, тіпті, аузыңды ашып, сөйлей де алмайсың. Бірақ, өзіме қызықты болғандықтан, әрі қарай жалғастыруға ынтығым бар.
Осымен аяқтайын. Кезексөз таяқшасын Есіл еркесі мен Назым Сапароваға ұсынамын. Назарларыңызға рақмет!