Шын мәнінде көңілсіз, жалғыздан-жалғыз теріс қарап жылап жатумен өткен 8 наурыздарым аз болған жоқ. Дегенмен Айкона романтикаға кенелгім келеді деген соң, өмірімдегі ең көңілді, романтикаға толы 8 наурызды жазайын :)
Интернатта оқып жүрген кезім. 8 наурыз. Досбол деген бала сөз айтып жүрді. Аян деген жан досы болатын. Туысқан ағам сол күні мені үйге алып кетпек болып келіп тұрды.
Киім-кешегімді реттеп, шағын жүгіммен бөлмеден шыға бергенім сол, бөлме есігінің алдында тұрған Аянға соқтықтым. "Тоқтай тұршы, кетіп барасың ба?" деді ол алақ-жұлақ етіп. "Ертеңдері келем ғой" дедім. "Жоқ, қазір тоқтай тұршы". Аян дене-тұрқы толық келген шикіл сары бала болатын. Ыңғайсыз қимылдап, жүгіріп кетті.
Мен дәлізге шығып, төменгі қабатқа түспек болдым. Сол сәт топырлап мініп келе жатқан Аян бастаған үш бала мені төменгі қабатқа сүйрей жөнелді.
Досбол бір қабат төмен тұратын. Байқаймын – бағытымыз Досболдың бөлмесі. Мен қарсылық білдірмедім.
Балалар (Досболдың достары) мені Досболдың бөлмесіне итергендей етіп кіргізіп жіберді.
... Бөлмедегі үстел үстінде бір бума қызыл гүл тұр. Оның қасында құлағына дейін қызарып Досбол отыр.
- 8 наурызыңмен!
Гүлден де қатты қызарып отырған Досбол орнынан тұрып, төменшіктеп гүлді ұсынды. Сол кездегі түрі әлі күнге көз алдымда. Бұл бір дақ түспеген алғашқы, адал, таза махаббаттың бейнесіндей еді.
-Рақмет! Менің де түрім оңып тұрғаны шамалы. Біртүрлі қызарақтағанымды байқасам да, одан үстем тұрғанымды сезіп тұрмын.
– Қазір... Досбол терезеге қарай жүгіріп, терезені ашпақ боп әуреленіп жатыр. Қар тұнып қатып қалған әлгі құрғыр ашылып болмайды. Сөйтсем жоғарғы қабаттан ашықхат түсіп келе жатыр екен.
Терезені әрең дегенде ашып, жоғарыдан жіпке байланып түскен ашықхатты алды да, маған ұсынды.
Ашықхаттың ішіндегі сөздер "Алғашқы махаббатым" деп басталатын...
Қатты таңырқадым.
Бірақ адам өзін шын сүйгенді жалындырғанды, артынан жүгірткенді жақсы көретін жаратылыс па деймін. Әлде біздің арамызда сондай түсінік болатын. "Жақсы оқитын қыздар жігітпен жүрмейді!". Бір бүйрегім бұрып тұрса да, Досболды жақтырмаған кейіп танытып, қыздар оны "Секпілбет" деп мазақтаған сайын іштей біртүрлі болсам да, сырттай қосыла мазақтап, ақыры ол бәріне қолын бір-ақ сілтеп, кете барды.
Бұл күндері мен Досбол туралы жиі ойлайтын болып жүрмін. Ол мені, алғашқы махаббатын кей-кейде ойлай ма екен?..
Ойлайтын шығар...
Әр жылы 8 наурызда!
Кезексөз таяқшасы – Қарлығада.
Сурет: liveinternet.ru