Кезексөз "8-наурыз немесе қымбат алқа хикаясы"

Кезексөз "8-наурыз немесе қымбат алқа хикаясы"
жеке
блог

      Кезексөзді ұсынған Қарлыға қарындасыма алғысымды білдіре отырып, келе жатырған көктемнің кереметтей мерекесімен елімнің барлық аналарын, барлық қыздарын шын жүректен құттықтаймын! Ол құттықтау бөлек әңгіме болсын, енді негізгі тақырыпқа көшейін.                Жігіт болып талай қыздарға сый жасағанмын. Бірақ бәрі қалыпты жағдайда еш "келеңсіз оқиғаларсыз" өткен секілді. Колледжде бірінші курста оқып жүргенмін. Содан ұнатып жүрген бір қызға мереке күні сыйлық беретін болып шештім. Ол кезде қалтамыз да жұқа болатын. Базарға барып 2500 теңгеге алқа сатып алдым. Жанымдағы пысық досым бағасын қымбаттатып жаздырып алмайсың ба деп алқаның бағасын 11000 теңгеге өзгерттірдік. Ол кезде "Жастар комитеті" болып би кешін ұйымдастырушы едік. Бағасы 50 теңге тұратын билеттерді компьютермен жасап шығару менің міндетім болатын. Сол билеттерді тарататын ниетпен "сүйіктімнің" оқитын тобына келдім. Ыңғайлы сәтті пайдаланып "Мерекең құтты болсын!" деп ешкімге көрсетпей алқаны беріп жатқаным сол еді, оның топтас қыздары жүгіріп жетіп келді. Әншейінде тақылдап тұрған мен, қыз мәселесіне келгенде жамааан ұялшақ едім. Құлағымның ұштарына дейін қызарып кеткенін көрмесем де сезіп тұрмын. Қыздар "Мәә, мынауың қымбат алқа ғой!", "Қайдан алдың?", "....... сүйесің бе?", "Бізге қайда?" деп жабысты маған. Өлімнен ұят күшті, бетім бүлк етпестен "........, білмеймін, танымайтын бір жігіт саған берсін, өзі біледі деп тастап кетті" дедім. Ол байғұс алқаны мәз-мейрам болып мойынына тағып алды. Сұп-сұлу аршыған жұмыртқадай аппақ мойынына алқа жарасып-ақ тұр. Не күлерімді, не жыларымды білмей сытылып шығып зытқанымды қойсаңшы...

        Бір ұстазымыз жігіттер жиырма беске дейін тәнімен, жиырма бестен кейін жанымен сүйеді деуші еді. Ол да рас шығар... Қазір ол қыз  дүниенің қай бұрышында жүрсе де бақытты болсын деген тілекпен жарқын естеліктер арқылы еске аламын. Бұл алқаның жырын біреулер оқып қойса қиындау болатын сияқты маған ))). Ойымды дұрыс жеткізе алдым ба білмеймін, жұмыстың қағаздарымен басым қатып отырып жаздым. Ендігі сөз кезегін Нұршатқа табыстаймын! Іске сәт!