Кездейсоқ адам

Адам баласы жылулыққа құштар-ау. Бәріміз әйтеуір біреуден жылылық іздейміз. Тас-түнектен сәуле іздеген секілді...

Ата-ана, туған-туысқанынан басқа, кез келген адамға қиналғанда сүйеу болатын кездейсоқ бір (не бірнеше) адам болады. Иә, кездейсоқ кезіккен...

Алматыға келіп, бейтаныс ортаға топ ете түскенімде мені қорғап, қанатының астына алған бір әйел болды. Ол кісінің жақсылығы сол, оқуға орналасып болғанымша, менің қамымды күйттеп, бар тәттісін аузыма тосты... Осы бір бәзбіреуге бір түйір көрінетін ізгілік көп адамның қолынан келсе, қанекей?! Кеудемде шыбын жаным тұрғанда, ол кісінің осы бір жақсылығын өмір бақи ұмытпаспын. Тіпті күндердің бір күнінде тасбауыр қаладан табылған бейтаныс мейірімді жүрек иесіне сол бір мойнымдағы қарызын қайтарармын деп те арман етем.

Жақсы адам болғаны үшін ғана бар құрметке лайық секілді. Осындай ізгі адамдардың мектебінен өткен менің нашар адам болуға қақым жоқ шығар...

Дәл сондай адам... Өмірімізге кездейсоқ килігіп, жылулығын шашып қана қоймай, онысына ешқандай ақы сұрамайтын дәл сондай адам кім-кімнің де өмір парағында жазылған...

Сурет: goodfon.ru 



Бөлісу: