Кездесіп қалма менімен...

Сен сергелдеңсің. Мен тұрақтымын. Бар ойымды меңіреу далаға апарып тастайтын бір қасиетің бар. Жақсы ма, жаман ба, кім білсін. Мен сені құрметтедім, ара-тұра арылғым келетінін айта бастап едім қиқуды шығарып, қиыннан соқпақ салдың. Саған байланысты ой, сөз, көз... бәрі де бірыңғай селт еткізіп, үрейлендіреді мені. Түсінесің бе... Мен сенен қорқамын. Мінезің бірде жұмсақ, бірде қатты. Сезім, көңіл, ниет, сыйластық... бәрі де қалды бұл кезде. Мен менмен емеспін. Бірақ басымды анда бір, мында бір соғудан-ақ шаршадым. Несін айтайын, шаршадым. Өмірді жаңадан бастадым. Бастағандай болдым немесе. Бағың ашылсын деп, өз бағымды түрен жолға бұра тарттым. Оқыстан болғаны үшін сен де, мен де дымға түсінбей әйтеуір әртүрлі ойлар орманында адасып қалдық. «Адамда-а-а-а-ар!» деп айғай салғым келеді. Бірақ сен есітіп қоя ма деп ләм демеймін.

Иә, сенімен бірге болу – ойға сыймайтын дүние. Өткенге қайта айналып қарағым келмейтіні соншалықты, мен оның барлығынан да ада болғым келеді. Құлыптай алмайтын санадағы сергелдеңнен құтылғым келеді. Аулақта болуға асығамын. Сүйдім бе, сүймедім бе... ол енді маңызды емес.

Саған қиын шығар, бірақ өзің түскен торға мені де шақыруың эгоизм. Мен көмекке қол да созар едім, бірақ бәрі де кеш. Ағаттыққа барғым келмейді. Адамды өзгерту қолымнан келмейді, қаншалықты ақымақ болғанмын деген ой келеді кейде. Кім өзін әрқашан да жазалай, жек көре берсін? Менің де қалауым бар. менің де таңдауым бар. соңыра келгенде несібем бар шығар?

Әлде менің өз қалауымнан бөлек басқарып алғың келе ме? Түсінбеймін. Түсінбей де өтетін шығармын. Сол...

Қош бол...



Бөлісу: