КЕЗДЕСКІМ КЕЛМЕЙДІ....

КЕЗДЕСКІМ КЕЛМЕЙДІ....
жеке
блог

Алмас Темірбай деген ақынмен осы өлеңі арқылы таныс болдым.Таныс болдым да,жақын тарттым...Алдарыңызға тарту етемін)



 

 

 

Жоқ, енді... мен бүйтіп жүздескім келмейді!
Телефон арқылы тілдескім келмейді! 
Сағынып, жабығып, қамығып, зарығып, 
Түн сайын теңіздей мұң кешкім келмейді!

 

Кеше де, бүгін де... агенттен таппадым, 
Үйіңе қоңырау шалуға батпадым.
Көбейіп кетеді уайымым сені ойлап,
Азайып кеткенде кей күні хаттарың...

 

Сен жоқсың тағы да... Мен келдім ертерек, 
Сезімім әкелді бұл жерге желкелеп!
Білемін, кешігіп келесің әдейі, 
Сағына түссінші дейсің-ау еркелеп!

 

Ия, рас, әдемі басталған танысу,
Түнімен тоқтамай хат-хабар жазысу.
Ұнайтын барлығы − сөйлесу, ой кешу,
Сырласу, сүйісу, сезіммен алысу...

 

Аңқылдап, жарқылдап күлгенің ұнайды,
Алдымда еркелеп жүргенің ұнайды.
Шекемнен, көзімнен, бетімнен, ернімнен,
О-о-о, барлық жерімнен сүйгенің ұнайды...

 

Кездесу, кездесу... ұнамай жүр, бірақ,
Білемін, бақыт бар бұдан да құндырақ!
Сен тағы кетесің − көзіңде Күн күліп,
Мен қалам тұнжырап – 
кеудемде қап-қара Түн жылап...

 

Айнаға қарасам – «бет» дейтін түр − анау, 
Сағатқа қарасам − өтпейтін түн − анау. 
Өзіңе жазылған смс-хаттарды санасам, 
Бір тонна ақ қағаз жетпейтін шығар-ау?!

 

Мінекей, тағы да өзіңді қанша күн, 
Қырық жыл көрмеген адамдай аңсадым. 
Сөйлескім келмейді сенімен ренжісіп, 
Кездескім келмейді мен бұлай − шаршадым!

 

Шаршадым − киноға, кафеге шақырып, 
Қыс бойы − ақ боран, жаз бойы − қапырық!
О, қанша күтуге болады суықта,
Тіземді тоңдырып, қолымды қатырып.

 

Құрысын, е-е, ондай киноң да, кафең де, 
Ыңғайсыз күй кешем жүргендей жат елде. 
Кездескім келмейді сенімен ешқашан, 
Біреудің үйінде − бір күндік пәтерде!

 

Тыңдашы, түсінші, сен мені, шошымай,
Не сонда Махаббат дегенің осы ма-ай?! 
Бір апта күтуден жалықтым күн санап, 
Бір сағат кездесу үшін құр осылай?!

 

Өтінем, күнімді күтумен өткізбе, 
Өкпелеп қайтеміз, ондайға жеткізбе?! 
Кездескім келмейді сенімен мен бұлай,
Бір-ақ жол, бір-ақ жол... бар енді, тек бізде!

 

Жоооқ, жаным, бұртия бермеші балаша, 
Бәрі де әдемі, бәрі де тамаша! 
Тастағым келеді өткенді өткенге, 
Бастағым келеді өмірді жаңаша!

 

Жүргім де келмейді қыдырып қалада?! 
Тұрғым да келмейді жол қарап далада.
Жылы үйде отырғым келеді сүйсініп, 
Өзіме ұқсайтын кішкентай балаға!

 

Айтамын, шыдашы, жанымды қыспашы, 
Коя ғой, бұртима,өзіңді ұсташы! 
...Кез-дес-кім келмейді мен бұлай сенімен,
Үйленгім келеді мен саған... Қысқасы...


Авторы:

Алмас ТЕМІРБАЙ.