Кездесерміз деп үміттенейін...

*** Күн, неткен жарықсың! Тіптен, қаратпайсың ғой! Жарайды, қарамасам да, нұрың түсіп тұрған шақта мені еститініңді білемін! Күн, сен сондай алыпсың! Нұрың бәріне де жетеді! Бәрін жылыта аласың! Көмектесе аласың! Мен де қанша адамдарға көмектескім келсе де, үлгермеймін, ұнай алмаймын, көңілдеріне жаға  бермеймін! Ал, сен тып-тыныш тұрып-ақ, бәрінің көңілінен шығасың! Ең бастысы-бәріне КЕРЕКСІҢ! Мен де сондай болғым келеді! Бірақ қолымнан келмейді! Адамға жағу, шындығында, сондай қиын!

Күн, менің де Күнім бар ғой! Саған ұқсамайды, бірақ аты-КҮН! Ол жақсы! Ол да сен сияқты, қатты жақсы көріп, жақындай түскің келген сайын алыстайды, қаншалықты сырын ұғып, көңілінен шығып, өзіңе керек екенін білдірейін десең, күйдіріп жібереді...

Күн-ау, сен де батып барасың ба? Мен ше? Қараңғы түнге қалдырамысың? Несіне қамығамын, Күн, сен ертең тағы да атасың! Қандай ғажап! Ал, мен ертең болмауым да мүмкін. Сонда да, «кездесерміз» деп үміттенейін...

***  ...жасыңа жас қосылып, ойың, бойың өскен сайын адамдардың бетпердесін сыпыру оңай, әрі өкінішті болады екен...

*** - Бүгін бір түс көрдім... Әдемі ақбоз атқа мініп алыппын деймін...

-Үлкен жетістіктерге жетесің! Арманың орындалады...

-Түсімде пәленшенің баласы көз жұмыпты деймін... Біртүрлі шошып ояндым...

-Ее, оның өмір жасы ұзақ болады. Көңіліңе алма, түс түлкінің...

  Пах-Пах! Неткен, түстер! Қазағым жориды-ау! Дұрыс, әрине! «Жақсы сөз-жарым ырыс» деген де өзіміз. Жақсыға жорып, жаманнан да жақсылық күткеніміз-ертеңгі күнге сеніп, бір үмітке желеу беретіні болар.

Бірақ деймін да, жақсы түс көрсек, «Таңға жуық көрдің бе? Ол-аян түс қой! Бұйырса, бір жақсылықтан үміттен!», «Ойбай, мұның керемет қой! Байлыққа кенелейін деп тұрсың-ау!»...тағы басқа, «ғажап» қылып жорып жібереміз! Ал, «нашар» түс көрсек, оны қай уақытта көргенімізге қарамастан, «әй, сен алаңдама, түс түлкінің бірдеңесі...», «уайымдаған соң көргенсің ғой», «түске не кірмейді...» тағысын тағы жоққа шығарамыз. Оны әлгіндегі сөзсіз орындалатын аян түс уақытында көргенімізді де ескермейміз.

Әрине, бұл да дұрыс. Кім жамандық қалайды дейсіз? Түсте тұрған не бар? Түс деген, әншейін, өңіңде еленбей қалған ойлар немесе ұйқы әлемінің жарнамалары ғой...

*** Ей, Алатау, ей, Алатау... Алатау деймін! Алатау-ау, сәл аласаршы? Сәл ғана төмендеші? Жете алар емеспін саған... Айтарым бар! Алатау, сырласайықшы? Адамдар менен шаршаған сияқты. Жалықтырғанмын-ау бәрін шамасы...

Алатау, сенен миллион есе кіп-кішкентай мынау менің өзімнің  жан-дүниемді жарып, өн бойымды жоқ қыларлық мұңым, қайғым, қуанышым бір басыма жетерлік. Жаратқан адамға көтере алмас сынақ бермейді дейді. Дегенмен де, кейде жүрегім жарылардай ауырып, бүкіл денемді бір нәрсе өртеп жібереді! Кішкентай сынаққа шыдамай, өзімді құздан лақтырғым келетін сәтте сені ойлаймын! Алатау, неткен асқарсың! Сендей болсам, мынау қайғы-cымақ дүниелер түк те болмай қалар еді! Сен де көргенің мен бауырыңа келіп мұңын шаққан пенделердің сырын, сонша мыңжылдық құпияңа шыдай алмай жарылсаң, не болмақ?! Мен ол... мен кіп-кішкентай, бар-жоғы маңызды емес жүрген біреумін ғой. Әлдебір күні жарылып кетсем де, Алматыны армансыз аралап, бақтарында қыдырған, көк аспанын көріп қуанып, Медеуінің мұзын сүйіп, Көктөбесін талай асқан, көшелерін кезіп өткен, болып – болмағаны де беймәлім, ешкімге де қызықсыз біреу кеудесіне сыймаған тынымсыз уайым мен миын жеген сансыз ойлардан кетті дер. Кетті дер де, екі-үш күн аза тұтып қоя салар. Ал, сен! Ал, сен жарылсаң... Жо-жоқ! Ешқашан! Сен олай етпе, Алатау, жарай ма? Әйтпесе, орының ойылып, мынау Алматым қорғансыз қалады! Сен, сен солай тұра бер, жарай ма?! Қанша азаптанып, қанша қамықсаң да, сен солай тұра берші? Әлі талай тарихтың куәсі болып, талайды өткеруің керек қой! Алатау, сен расында асқарсың!

*** ...кәрі күздің қоңыр күрсінісінен үзіліп түскен жапырақ сынды жаным қонарға жер таппай жүр...тағы бір күн бітіп барады...қолдарыңды керсең, қос қабырғасына саусағың тиер төрт қабырғама, жалдап жүрген пәтеріме қайтамын қазір, бұйырса. Мейлі, аядай болса да, ол менің тұрып жатқан «қалқам», өмір сүріп жатқан «жерім», өзімнің кішкентай ғана «әлемім», демек, 'үйім'...шүкір.



Бөлісу: