Кездерім бар
блог
Кездерім бар құздардан жығылатын,
Өз – өзіммен ұрынып, тығылатын.
Өлең менен жалығып кей сәттерде,
Менен өлең мен одан тынығатын.
Кездерім бар жырлармен сырласатын,
Шумақтармен еріксіз мұңдасатын.
Ұйқастармен алысып таң атқанша,
Құдіретімен өлеңнің құз басатын.
Кездерім бар түнменен сөйлесетін,
Жұлдыздармен қуана тілдесетін.
Сырымызды біздердің тыңдамақ боп,
Ай қарайтын, кей сәтте желде есетін.
Кездерім бар қайғымен алысатын,
Құлагер боп мұңменен шабысатын.
Сүрінгенде сан мәрте биіктерден,
Қуаныш пен жыласып, табысатын.
Кездерім бар жүретінде айтақтай,
Алып ұшып, жүрегімде жәй таппай.
Ренжіскенде шаттық кетіп қасымнан,
Езуімде жиылатын байқатпай.
Кездерім бар мына өмірден жалығар,
Шабыт қысып, демім жетпей тарығар.
Жүрегімде ала – дүлей дауыл боп,
Тіл байланып, сөз қатудан қағылар.
Кездерім бар сағынатын өткенді,
Еске алатын, мың жығылған өткелді.
Өткендерім кетсін мейлі сағым боп,
Есіме алып жыламаймын текке енді...
Аманжолов Бекарыстан ( 2012жыл )