Кездер-ай

Биылғы жыл өзімізді ұстаз сезінуге үлкен мүмкіндік  туған секілді. Ә дегеннен педагогикалық іс-тәжірибемізді өзіміз туып өскен ауылдағы орта мектепте өткізуді ұйғардық. Ауылымның табиғаты аясында таза ауасын жұтып, біраз уақыт қаланың аспанында қалықтаған көк түтіндерден көз жаздыра тұрайық деп шештік.
Мені өзім оқыған үш қабатты мектебім-алтын ордам құшақ жая қарсы алды. Алғашқы күннен бастап-ақ оқушылармен жақынырақ таныса бастадым. Менің еншіме тиген 9-сыныптардың екеуі де әрі қызық, әрі қиын оқушыларға толы екен. Қазақ тілі мен әдебиеттің сан саласына үңіліп, талаптанып жүргендері де бар, аракідік жалқаулары да кездесіп қалады. Қош, сонымен күндерімнің бірі көңілді, бірі күйбеңмен өтіп жатыр. Есенқабылдың тапсырысымен дүниеге келген мына бір әзілге толы шумақтар шынында да қыздар мерекесі қарсаңындағы мінездеменің төресі болған секілді. Сыныптағы қыздарды құттықтамақ болған оқушы ұлдар наурыздың сегізіне жақсы-ақ әзірленген екен. Оларға жәрдем болсын деп жырларымды былайша тізбектедім.
Жазира – менің сыныптас құрбымның сіңлісі. Оқушыны мен кішкентай кезінен жақсы білетінмін. Ал сабақта ол мынадай екен:
Жазира қыз үндемейді үнемі,
Бірақ бәрін іштей біліп жүреді.
Екі қолы тек еңбекке жаралған,
Тірлік болса екі жеңін түреді.
Ұлбосын – сабаққа жақсы-ақ дайындалатын пысық қыз. Білетіні де көп.
Сабақ айтқыш кластағы Ұлбосын,
Бұл жыл саған тек жемісті жыл болсын.
Қыс аяғы гүл өспейді, бұл жырым,
Шын жүректен саған сыйлар гүл болсын!
Гүлнұр – сыпайы, еркелігі өзіне жарасатын, бірақ сәл жалқау қыз. Дегенмен, тапсырманы орындауға бейім.
Біздің Гүлнұр хор қызындай сызылған,
Киіп алар сырт киімді қызылдан.
Қиын жұмыс тапсырылса өзіне,
Тыжырынып түр-әлпеті бұзылған.
Нұргүл - мерекелік іс-шаралардың басы-қасында жүрем деп сабақтн көп қалатын әдеті бар әнші қыз, талабы бар талантты оқушы.
Ән-думанға бөленеді даламыз,
Шырқағанда Нұргүл деген қара қыз.
Ән сап жүріп әртіс болып кетерсің,
Анда-санда сабаққа да қараңыз.
Салтанат – сыныптың басшысы, сабағы да өзі де әбден әдемі қыз. Айтпақшы, сыныпта екі Салтанат бар.
Жаралғандай 9А-ның бағына,
Жеңіп шығар барлық өнер жағынан.
Біздің басшы Сүйінова Салтанат,
Түскен емес ұзақ жылдар тағынан.
Индира – сабаққа ықыласы аздау, еріншектігі басым болғандықтан талапсыз деп саналып жүрген, бірақ өзіндік пікірі бар ерекше оқушы.
Келе жатыр парта соңын мекендеп,
Емтиханнан үндемей-ақ өтем деп.
Отырады Индира қыз елеңдеп,
Бұл қоңырау қашан болар екен деп.
Жанар – көп байқалмайтын, сыры өзіне ғана мәлім оқушының бірі.
Біздің ару кластағы Жанар қыз,
Мерекеде әзіл әнге салармыз.
Егіздерді ажырата алмай жүр,
Қорықпағын, бір амалын табармыз.
Гүлзипа – тақтаға шыққан оқушыға сұрақ қоюға аса құмар, сабағына да жан-жақты әзірленіп жүретін оқымысты қыз.
Жақсы оқу – Гүлзипаның ұраны,
Сызылып ап сабақ айтып тұрады.
Қол көтеріп шыға қалсаң тақтаға,
Таусылмайды саған қояр сұрағы.
Салтанат – сыныптағы қаржы қорына көп еңбек сіңіріп жүрген кассир. Өзі сабақты жақсы оқиды. Менің сақтық туралы ескертуім оның жақында ғана ақша жоғалтып жүрген жайсыз жағдайына дөп келмесі бар ма?!.
Ер мінезді ерке қыз бар сыныпта,
Терең бойлар білім деген тұныққа.
Есепші қыз теңге жинар Салтанат,
Сейфіңді мықтырақ қып құлыпта.
Ақжарқын – соңғы кезде сабаққа келуді сиретіп жүрген озат оқушы. Қоңырау соғылғанша асығып сағатқа қарай беретін керек емес әдеті бар.
Ақжарқынды ару десек ағат па,
Қоңырау күтіп қарай берер сағатқа.
Сырқаттанып емханаға барам деп,
Соңғы кезде сирек келер сабаққа.
Нұрбибі – сыныптағы ең нәзік, әрі әдепті қыз. Сабаққа ынтасы ерекше.
Кішкентай-ақ көздері күлімдеген,
Ренжігені ешқашан білінбеген.
Нұрбибі қыз, әзілде зіл болмайды,
Құттықтаймыз мереке күніңменен.
Карима – менің сүйікті ұстаздарымның бірі. Бізге көршілес сыныптың жетекшісі болған. Мына сыныбына жетекшілік жасауға да ұсыныс жасаған өзі. Өсімдіктер әлемін сүйеді, тазалықты тіпті жақсы көреді. Оқушы қыздардың анасындай, әлсіздердің панасындай болған ол кісіні де мен шумақтан құр алақан қалдыра алмадым.
Бойына біткен толық ар-иманы,
Кім білмес пысық ұстаз Кариманы.
Егер де әкім етіп қойса апайды,
Жасыл бақ болар еді әр үй маңы.
Жоғарыдағы жырларды оқып риза болмаған оқушы қалмады. Әсіресе, ұлдар жағы дән риза. Енді ше, әзілдеуге бәрі әзір. Есенқабыл: «Апай, тура жазыпсыз, дәл түсіпсіз», - деп қояды.
Ал, бұл менің шәкірттерге оянған махаббатымның алғашы баспалдақтары еді.
(9 наурыз, 2004 жыл)



Бөлісу: