Кездер-ай!

Кездер-ай!
жеке
блог

 

Қиыс күнге қарсы тұрған көлденең,

Тынышымды ап, ойға маза бермеген,

Белгісіндей менің жастық шағымның,

Сағынамын сол шақтарды «сен» деген!

 

Түн ұзаққа тамшылатып ақ терді,

Шабыт қысып, хат жазылған дәптерді-

Ұсынатын жүрек жұбанышымдай,

Ұмытпаспын сол бір алтын сәттерді...

 

Оқу бітіп, арманымдай келді күз,

Білім іздеп қыр асамыз енді біз...

Армандарға жетеріміз белгісіз...

Қол ұстасып бір партада отырған,

Кездер-ай! Тарихқа да бергісіз..!

 

Сезім кернеп жүрегімді, жең түре,

Еш тосқауыл бола алмастан еркіме,

Қапталыңнан қиығын сап көзімнің,

Сездірместен тамсанушы ем көркіңе...

 

...Ту сыртымнан сен де қарап тұрушы ең,

Қарай қалсам, жалт бұрыла күлуші ең.

Сыныптастар арасында түрлі өсек,

Айтылғанмен сені асқақ көруші ем...

 

Сезімдерге бергендей-ақ, текке ерік,

Көмейіме көлгір өксік кептеліп,

Мәңгі мендік болмасыңды білгенде,

Қала бергем, өкінішпен шектеліп...

 

Ұнатып жүріп алғашқы сыныптардан-ақ,

Көз сүзіп жүргем,

Сезімдей тұнық арнаға ап.

Қосыла алмасымызды білгенде,

Достыққа біздер бас тіктік-

Жүгініп намыс, арға нақ..!


Армандарымыз орындалмастан қалаған,

Бір жеті өтпей арадан,

Мен кеттім мәңгі ғашық боп,

Ақындық жолын таңдаумен,

Бағымды іздеп қаладан...

 

Қалада қалдым тұрақтап,

Ризық жинап өлеңнен,

Ауылдың иісі аңқиды әлі денемнен.

Балалық шақтың куәсі болған ауылға,

Сағынбасам сені келер ме, ем?!

 

Сағыныш жасым тамшылар,

Бүршігін жармай жан шынар.

Құрбыңнан сені сұрап ем...-

Тұрмысқа шығып кетіпсің,

Маңдайға жазған сол шығар...