АЛТЫН БАЛЫҚ
Алтын балық
Ауға түсті ажалы алқымға алып.
Торда тулап жатты да, тілге келді:
«Үш тілек айт.
Шартыңды ал, тыңдалық!».
Жай жымидым, кемпірше кесірленбей,
Оқыстан не айтушы ем көсілгендей?!
Зәулім үй, асқан байлық сұрамадым,
Демедім атақ-тақты өсір демде, ей!
Десек те жақсы-жаман сыңар еткен,
Қылығым жоқ өзгеге қылар өктем.
Атақ, байлық – бәрінен бұрын әсте
Тәубемді тал бойыма тұмар еткем.
Сұрасам, тек Алладан сұрағаным,
Жолымда ынсап – серік, шырақ – арым.
Арасы адалдық пен адасудың
Білемін, болатынын бір-ақ адым.
Теңізге кетті балық, алаңсыз ой,
Демедім ешкімге де «Саям Сіз ғой».
…Сұрап алған достықта қадір бар ма,
Сұрап алған бақыт та баянсыз ғой.
Сағыныш НАМАЗШАМОВА
Саған жолыққым келген..
Сенің жанарыңнан мөлт еткен өзімнің қайғымды көріп,
жүрегіңнен мен қонар бос қалған айдынды көріп.
Қиялымның қанатын қақтырып
Кірпігіме аңсардың мөлдір шығын тақтырып
Ұмытқым келмеген.
Сенің айтқан естелігіңнен өзімнің өткенімді көріп,
Бұл күнге мен жайлы арманды қанат қып жеткеніңді көріп,
Батар күнді құз басынан асыра салып,
Жүдеу жүзіме Ай нұрын пердеғып жасыра салып,
Саған жеткім келген.
Сенің қуанышыңа өзімнің себеп болғанымды көріп,
Саған шыншыл болмысыммен керек болғанымды көріп,
Үзілмеген үміттің жетегіне еріп,
Үркер мұңның әйтеу сөніп кетеріне сеніп,
Саған жолыққым келген.
Айжан Табаракқызы
Тәкаппарсың…
Сен кім едің, алдамшы деп жүректі сендіремін
Тым ессіздеу ғашықпын, бір өзіңе, бақытым да байлаулы енді менің…
Баладайсың, бұртиясың, өкпелеп қарамайсың.
Мен өзіңдей тәкәппар көрмеппін ғой, сезімді жай сауық деп бағалайсың…
Қымсынасың, тағдырыңа уәж айтып, қырсығасың.
Сені ойласам тартпайды тәбетім де, тамағымнан өтпейтін кұрсын асым…
Қызғанасың, жігіттер имейді деп қызға басын.
Имей қайда барасың, сүйкімдім-ау, жүрек жанды шыдатпай сыздағасын…
Кетпе дейсің, кінә артасың, орынсыз өкпелейсің.
Дәрменсізбін, қайтейін, саған ұқсап, әнші боп кетейін бе, не істе дейсін?!…
Назданасың, сондай суық қараған көзқарасың.
Сендік сезім ендігі жүрегімнің, жарақатын тырналап қозғамасын…
Өшір дейсің, сатқындықтың сылтауын кешірмейсің.
Сатқындықты жасайды тәкәппарлар, тәкәппарсың сен сондай, кешіргейсің…
Ләззат Мақаш