Кешір Алматы, мен Ақтауға ғашықпын...

         Жақында біз Маңғыстау өңірінің тыныс-тіршілігімен танысып, құпияға толы сырларымен адамзат баласын таңдандырып келе жатқан тарихи мекенде болып қайттық. Сапар барысында, жай ғана жоспарланған объектілерді аралап шыққан жоқпыз, бүкіл өмірімізге жетерлік  рухани серпіліс алдық.  


                 Не мақсатта?

            Ойламаған жерден...  Қысқасы, Маңғыстау облысының мәдениет басқарамасы өлке тарихын таныту, бір жағынан туристерді қызықтыру мақсатында блог тур ұйымдастырған болатын.  


 Блогтурға қатысуға ұсыныс түсті. Дегенмен, бірден шешім қабылдаған жоқпын. Бір аптаға бас редактор жібермейтін шығар деп ойладым. Қателесіппін, керісінше жаңашылдық пен ізденімпаздыққа жаны жақын коллективім бұл ұсынысты жақсы қабылдап, «батасын беріп» шығарып салды.

Әуежайға қарай

            Сонымен, жүктерімді жинап, 11-қараша күні кешкі сағат 18:30-да әуежайға қарай жол тарттым. Көпшіліктің жұмыстан үйіне қарай асығатын уақыты. Кептіліс. Тұман. Тіркелуге үлгердім. Бәрі сәтті өтті. Дегенмен, көңілімде бір түрлі сезім болды. Әлде қуаныш, мүмкін алаңдаушылық... Батыс өңірі бұрын соңды барып көрмеген жер, әрі өмірімде бірінші рет осылай бір аптаға жолға шығып барамын. 

           Салқын самал

            Үш сағаттан соң Ақтауға жеттік. Ұшақтан түсе сала ең бірінші сезінгенім салқын самал болды. Осы кезде ұйымдастырушылар бізді қарсы алып, алдын ала дайындалып қойған қонақ үйге алып келді.


Ақтау уақытымен түнгі сағат 01:20-ның кезі болатын. Заттарды орналастыра салып, жолдан шаршап тұрсақ та түнгі қаланы көруге шықтық.

            Өсімдіксіз әлем...

            Машинаның терезесінен қала көркіне көз тастап келемін. Экологиялық бағытта жұмыс істеп жүргендіктен назарым бірден өсімдікке ауатыны рас. Бұл жақта ағаш аз. Тіпті жоқ деуге де болады. Өйткені, бұл өңірдің климаты шұғыл континентті. Жазы ыстық, құрғақ, жері тасты. Сонымен қатар, су мәселесі қиындық тудыруы мүмкін. Қала көшелерінен жапырағы түсіп қалған қарағаштарды көруге болады. Өмірі қызылды-жасылды гүлдерді, қысы-жазы әдемі болып тұратын қылқанжапырақты, бұталы  өсімдіктерді көріп өскен мені бұл маң қатты таңдандырғанын жасырмаймын. Кейіннен түсіндім, бұл жердің басты ерекшелігі өсімдікте емес, өзге нәрселерде екен...


            Қала іші

            Өсімдік аз болғанымен, қала тап-таза. Тыныш. Халқы мамыражай. Асықпай жаяу жүріп түнгі қаланы тамашаладық. Мұнда Алматыдағы сияқты қарбалас байқалмайды. Кептеліс деген атымен жоқ. Баратын жеріне лезде жетіп қоясың. Бірде, бір жерге Алматыдағы сияқты бір жарым сағат ерте барып, күтіп қалғаным бар. Әбден кептеліске ертерек шығуға үйреніп қалған екенмін...

            Қызылды-жасылды ғимараттар...


Байқағаным, бұл жақтағы түрлі ғимарат пен үйлердің сырты әр түрлі түспен боялады екен. Қызыл, жасыл, сары т.б. түстер үйлесімділікпен  қала сәнін келтіріп тұрғандай. Заманауи архитектура, ерекше дизайн және креативті жобалар. Қазақстанның бірнеше қаласында болдым, бірақ, мұндай «көңілді» түстермен боялған нысанды көрмеппін:)) Өсімдіктердің жоқ екенін білдірмеу үшін осындай «тәсіл қолданған» болар деп ойладым...

Санды мекен жай...

Әдетте, көше атауына кісі есімі беріледі. Бір тұлғаның есімімен бірнеше көше аталуы мүмкін. Мысалы, Алматыда Клочков аталатын екі көше бар. Өзге қалаларда да солай. Бір қызығы, Ақтауда көше атауы жоқ. Қала бірнеше ықшам ауданға бөлінеді. Тұрғындардың айтуынша, бүгінде қалада  ықшам аудан саны 36-ға жеткен. Мұнда тек «Бірінші Президент» және «Тәуелсіздік даңғылы» деген екі көшеге ғана атау берілген көрінеді.

Мен қалай адастым?)

Сонымен қатар, қала шетіндегі коттежді үйлерден тұратын «Шығыс» және “Толқын” деп аталатын ықшам аудан бар екен. Сырттан келген мен оны білмегендіктен, «Ақкеме» кафесінің мекен жайын интернеттен таба алмай жарты сағат отырдым. Қалай  іздесем де, 11-26 дегенді тауып береді. Басында, 11-26-ны сол кафенің телефоны болар деп ойладым. Кейіннен білдім ғой, оның бар мекен жайы сол екенін. Әбден, көше атауына үйреніп қалған маған әуелде бұл сандар қызықты болып көрінді...

Өте ыңғайлы...

Қала ықшамаудандарға бөлінгендіктен қажетті жерді тез тауып алуға болады, әрі айтуға оңай. Әсіресе, сырттан келгендер үшін өте ыңғайлы. Мұнда адасу тіпті мүмкін емес сияқты. Мекен жай ықшамаудан, үй және пәтер ретімен айтылады. Мысалы, 11-4-29. Яғни, 11 ықшамаудан, 4-үй, 29- пәтер деп түсінуге болады. Бір байқағаным, ықшамаудан деген аты дардай болғанымен, олардың  арасы жап-жақын. Әрбір ықшам ауданда шамамен 40-60-тай үй бар. 

     Арасы жап-жақын көшелер:)

Ақтаудан қайтар күні мұражайға бардым. Одан шыққан соң,  Арайлым мен Ақниет жұмыс істейтін Абай атындағы мәдениет сарайына  қарай жол тарттым. Қанша аялдама бар дегеніме қала  тұрғындары: «Үш аялдама, Алатау жақта, жаяу алыс. Автобусқа отырсаңыз, тез жетесіз»,- деді. Бірақ, мен бір шеті қала көшесін аралау үшін әрі таза ауамен тыныстау мақсатында сұрастырып жүріп жаяу бардым. Алматыда ұзын-ұзын көшелерде жаяу жүріп үйреніп қалған маған  бұл жол түк те алыс болып көрінген жоқ...

Арзан такси:)

Қазақстандағы ең арзан таксистер Ақтауда дер едім. Ол жақта такси ұстау құны қала ішінде 200-300 тг-ден аспайды екен. Шаһар тұрғындары осы бағаны тұрақтандырып алыпты. Басында, ондай тұрақты баға бар екенін білмеген мен бір рет 600 тг-ге такси ұстадым))) Ештеңке етпейді, есесіне, білдім ғой келесіде:))

Теңіз жағасында*


 

Кішкентай кезімнен су атаулыға жаны әуес мен теңізді көруге асықтым. Түн. Қараңғы. Тап-таза ауа. Шағаланың шаңқылы естіледі. Танауыңды қытықтаған жел. Теңіздің аласұрған толқынын көруге келген жұрт жетерлік. Ұйықтайтын мезгіл болғанымен, мен өзімді өте сергек сезіндім. Қатты соққан толқындарға қарап ерекше бір күйге түстім. Теңізге қарай бергің келеді екен. Теңіз суы адам жанын тазартып, энергия сыйлайтын секілді. Күн салқындау болғандықтан, суға түспедік. Дегенмен, жағасында армансыз қыдырдық.

Айтпақшы, батқан күнді тамашалағанды жақсы көретін едім, бұл маңда күн ерекше бататын сияқты көрінді маған... Батқан күнге қарап, қиял әлеміне саяхат жасауға болады:))

Ертесі таң атпай теңізге тағы келдік:) Эххххх, осы уақытқа дейін теңізді көрмей қалай өмір сүргенмін)

(Суреттен байқасаңыздар, ол жақта үнемі жел соғып тұрады. Самалға бетіңді тосып, таза ауамен тыныстағанға не жетсін)

 Өкініштісі, біз махаббаттың символына баланған аққуларды көре алмадық. Себебі, аққулар теңізге суық түскенде келеді.


Қаланың басты ерекшелігі осы теңізінде болса керек. Кез келген адамнан қандай көрікті жер бар деп сұрасаңыз, бірден теңізді айтады әрі мақтаныш етеді. Теңіз шынымен мақтануға тұрарлық жер екен))

Батыстықтардың болмысы

Бөлінгенім емес, дегенмен, көбісі «Батыстықтар дөрекі», «Адайлар адам етін жейді» деп жатады ғой. Мен айтар едім, олар өте ұйымшыл, әрі өз елінің патриоттары деп. Батыстықтар  айтқысы келіп тұрған нәрсесін бетке тура айтады, олардың табиғаты сондай. Досқа адал. Қазақылық болмыс өз алдына. Ерекше қонақжай. Ақтауға жетер-жетпестен хабарласуды бастады. Кетер-кеткенше қонаққа шақырып сыйлы мейман етті. Тіпті, әуежайға дейін шығарып салды. Аз ғана уақыттың ішінде бауыр басып қалғандықтан, соңында қимай-қимай қоштастық.


                    P.S. Бұл күндер менің өмірімдегі ең ерекше әрі қызықты сапар ретінде есте қалмақ. «Марсқа барғандай таңданғаның не?!»,- деп сөге көрмеңіздер. Менің жан дүниеме ерекше әсер еткендіктен, ойларымды қағазға түсіріп отырмын. Айтарым көп. Сіздерді жалықтырып алмас үшін, жеті күндік саяхаттың әрбір күнін жеке-жеке пост етіп жазбақпын. Егер сізге  ұнаса, келесі жазбаларымды күтіңіз демекпін.

                Сурет сапасы үшін кешірім сұраймын) Таң қалып жүріп, дұрыстап суретке де түсірмеппін ғой)

           Айтпақшы, блогтур жайында видео түсірілді. Жақында тамашалай аласыздар. Мынау сол түсірілімнен үзінді) Қазір монтажда.

       Әзірге айтарым осы. Сапар жайында жазба күтіңіздер))

                        Жалғасы бар:))

 

 

 



Бөлісу: