Кешікпей көктем де келер,
жүректің жібітіп тоңын.
Не қалды біз енді сенер,
күтпейік келместің жолын.
Бақыттың соңы емес шығар,
сен жазған көңілсіз өлең.
Мені де біреулер ұғар,
...Маңдайға имандай сенем.
Шығысты жалынға малып,
тағы бір кешіміз батты.
Тәңірге не етейін налып,
үміт қып бұйырмас бақты.
Өмірдің түсі жоқ жасыл,
үндемей бірге өтіп кетер.
Бізге аздық етеді ғасыр,
кеш ұқтым...Бәрі де бекер.
Соңғы рет отырып бейуақ
соңғы рет оңаша қалып.
Соңғы рет сен жайлы ойлап,
соңғы рет бір жылап алып.
Ұмытам!Сертім бұл саған,
жүректі қинамай бекер.
Көктемге еш мұңсыз барам,
Қажыдым.Осы да жетер!