АРАҚ... Жаныма түрпідей тиетін осы сөз, қаншама мыңдаған адамның ғұмырын жалмады десеңші. Қаншама миллиондаған бейшара-байқұстардың көз жасы жатыр осы сөздің астарында. Осы бір әзәзілдің суын ешкім де ұната қоймайтыны хақ дүние. Көшеде біреудің аунап жатқанын байқасақ, немесе ішіп алған күйеуі әйелін тоқпақтағанын естісек, арақ деген албастыны сыбап, жеті атасын түгендеп шығамыз. "Кiм жасады екен осы арақ деген бәленi", "Неге дүкендерде сатады", "Сатқызбау керек",-деймiз. Деуiн деп аламызда кейде той-жиындарда өзiмiзде сол "шiркiндi" тартынбай бiр кiсiдей-ақ тартып отырамыз. Неге? "Е, ендi бiздiкi анда-санда ғой", "Салынып кетпеймiз ғой". Қызық екен. Ақылды болса, елдiң бәрi осылай-ақ жүре бермей ме онда? Ешқандай маскүнемдiк болмаса. Мiне бұлай ойлау бiздiң басты қателiгiмiз. Сол маскүнемдер "мен ертең алқаш боламын" деп бастады дейсiз бе? Олар да дәл осылай ойлаған басында. Сiз секiлдi. Той-томалақтарда басталған "стакан соғыстыру" ертең үйде жалғасын таппайтынына кiм кепiлдiк бередi. Қиын. Әрине, қиын-ақ. Арақ - ол анық харам етiлген шайтаннын лас суы. Кұранда ап-анық етiп көрсетiлген. "Әй иман келтiргендер! Арақ шайтанның iстерiнен. Одан сақтаныңдар. Негiзiнен шайтан арақ пен құмар арқылы араларыңа дұшпандық әрi кек салып, Аллаhты еске алудан және намаз оқудан тосуды қалайды" (Мәйда сүресi, 90-91 аят). Мейiрiмi шексiз Аллаh Тағала, бiздiң жағдайымызды ойлап, пендесiнiң жаман жолда өтпеуi үшiн спирттi iшiмдiктi харам еттi. Түсiне бiлген жан үшiн оның мәнi аса зор. Айтыңызшы, арақтан сiз қандай пайда көрдiңiз? Қане шыққан мүйiзiмiз болса көрсетейiкшi. Мейлi ғой, медицинада пайдасы бар дейтiн шығарсыз. Ал сiз оның зиянын ойладыңызба одан бұрын? Зияны сұмдық емес пе арақтың.
Сiз қазiр осы постты оқып отырғанда, көздерi жәутеңдеп, "бүгiн әкем iшiп келмесе екен", "ең болмағанда бүгiнгi күнiмiз тыныш өтсе екен" деп жылап отыр әлемнiң әр түкпiрiнде қаншама жас балалар. Солардың жағдайын бiр сәт ойлап көрдiк пе? Терлеп-тепшiп сұм арақтың пайдасын iздегенше, осы балғындардың жағдайын да ойлап қояйықшы. Олар үшiн өмiрдiң бақыты неде? Олардың бiр-ақ арманы бар ғой. Дастархан басында күлiп-ойнап отырып тамақ iшу. Болды, осы ғана. "Әкемiз арақты қойса екен". Басқа арманы жоқ. Олар өзiнiң қатарластары ұқсап өстi дейсiз бе? Қашан көрсең маскүнем әкесiнен немесе шешесiнен зәресi қалмай қашып жүргенi. Бiр-бiрiнiң бауырына тығылысып, көрпе астында қаншама түндер жылап шықты екен. Сiз бен бiз оны бiлмеймiз ғой. Арақтың арты ешқашан жақсылыққа әкелген емес. Әттең-ай... Қолымда емес, егер маған салса сол балалардың барлығына көмек бергiм келедi. Алқаш әке мен маскүнем анаға айтқым келедi, түсiндiргiм келедi, араққұмарлықтан арылтқым келедi. Арақ атаулыны мүлде жоқ қылар едiм. Кешiрiңдер менi... Қолымнан келмейдi...