КЕШІГУ...

КЕШІГУ...
жеке
блог

Алтынымды алғандай татқа малып,
Кешігем...
Қасиет пе қанға сіңген?..
Алға қарай ұмтылам тоқтап алып,
Тірліктің ауасымен алғасын дем.

Жұртын сипап қаламын ылғи Бақтың,
Көшіп кеткен сәл бұрын мен келерден.
Құлқынның құдығына құлдилаппын,
Көретін әрбір сәулем енді – өлермен.

Арманды аттандырып жіберіппін,
Бұралаңды соқпақ-ау жүрген белім.
Қарауылға алған ем бір елікті,
Шүріппені басуға үлгермедім.

Сыртылдаған сағаттан сезіктенем,
Төбемнен түс ауғанын тұр көрсетіп.
Үлгере алмай «Бесінге» безіп келем,
Көлеңкем қапталымнан қыр көрсетіп.

Аздан соң Күн қонады ұясына
Тұрмасы белгілі оның аялдап сәл?..
Уақыт зымырайды жиі асыға
Дегендей ғұмырыңа таянды ақшам.

Дәуірімде бола алмай көшке өнеге,
Заманынан кеш туған Азамат па ем?
Мен үлгермей жүргенмен ештеңеге,
Ешқашан кешікпейді Ажал, әттең...