Көкжал қасқыр. Ұшы-қиыры жоқ жазиралы жазық даланың иесі. Солтүстіктегі азуы алты қарыс аю мен шығыстағы ажал құдайы айдаһарға тісін батырып отырған да осы көкжал болатын. Жорыта жүріп, талай жерді табанымен тоздырған көкбөрі кезінде айқастарда не жеңгенше, не өлгенше айқасты. Міне, осы тектілігінің арқасында аң біткеннің барлығы көкжал тұқымымен санасып отырды. Арландар өрлігін жоғалтпады, бірлікті ту етті, жанарымен талай аңды ықтырды. Рас, өз кезегінде, жеңіліс тапты, бірақ, қайта тұрды, алға ұмтылды, жеңіске жетті...
Арадан біршама уақыт өтті... Арландар арасында өскен қорқаулар тектілікті сақтап қала алмады. Атасына басын иген аю да басынып, күш көрсететін деңгейге жетті. Сорлы қорқау құрдай жорғалап, аюдың жемтігіне қызықты, топтан шыққан бір-екі арланды талаумен болды. Бұрынғы көкжалдың жауға жалғыз шапқаны көзсіз ерлік саналса, қорқау үшін бүліктен артық ештеңе болмады...
Жыртқыш ұрпағы тамырынан адасып, азулы көкжал бара-бара қойдай жуасып барады... Болашақта, ұйқыдағы айдаһар оянса не болмақ? Бодандық жалынын шашып, басып кірсе, қарсы шығар шамаң бар ма? Сондықтан, есіңді жи, көкбөрі тұқымы, азулы болуды жазған екен, жыртқыш болып өмір сүр!!!