Кешегі курсант – бүгінгі құтқарушы
блог
Еліміздегі келешек офицерлер шыңдалатын институттардың бірі – ҚР Ішкі Істер Министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Көкшетау техникалық институты. Офицер – әскери атаққа лайық болу, оған қол жеткізу оңай емес. Ең алдымен, нағыз офицер болу, бұл – Отанына, еліне, жеріне адал қызмет ету. Алға қойылған талаптарды қалтқысыз орындап, қандай жағдай болмасын мемлекеттің мүддесін, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Тәуелсіз ел болғандықтан, еліміздің әскерінің дайындығы біз үшін өте маңызды. Осы ретте, еліміздің игілігі үшін келешекте қызмет ететін білікті офицерлер даярлайтын жоғары оқу орындарының қатарында КТИ-дің орны ерекше. Өйткені қоғам қауіпсіздігіне аса қажет, айтып келмейтін тілсіз жаулардан қорғайтын өрт сөндіру-құтқару саласы бойынша еліміздегі жалғыз оқу орны.
Аталмыш оқу орнының түлектері жыл сайын жұмыспен қамтылуда. Солардың қатарында Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне жұмысқа орналасқан биылғы жылғы түлектер қатарынан төмендегі азаматтық қорғау лейтенаттарын көруге болады:
Эмзеев Қуаныш Әбдіжаппарұлын – №9 ӨСБ-нің «Бата» өрт сөндіру бекетінің қарауыл бастығы,
Бөрібаев Нұрзат Мәулетұлын – №5 МӨСБ-нің аға инженері,
Иманмұсаев Мирас Байзекенұлын – №4 ӨСБ-нің қарауыл бастығы,
Тілеуқұлов Асқар Төреханұлын – №9 ӨСБ-нің «Нұра» өрт сөндіру бекетінің қарауыл бастығы
Рахымбаев Бексұлтан-Әли Ержарықұлы – ТЖД мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің инженері.
Олармен қатар, Департаментімізде Ресей Федерациясының ТЖМ МӨҚ Академиясын тәмамдап келген Бейсенбеков Аманжол Алдабергенұлы да техникалық нормалау бөлімінің инженері болып қызметке тағайындалды.
Олар 2012 жылы жоғары оқу орындарына түскен кездерінен-ақ өздерінің алдарында үлкен жауапкершілік тұрғанын, болашақ маман ретінде қоғам тыныштығы мен халық амандығы үшін аянбай еңбек ететіндерін түсінген. Адамды құтқару – өз жүрегінің қалауымен құтқарушы мамандығын таңдағандар үшін жауапты, игілікті, сонымен бірге қауіпті де қиын жолдың бірі екенін анық сезінген.
Төрт жылдық оқу жылында өз қызметтерінің білгір де кәсіби мамандарынан алған білімдері мен тәжірибелірінің арқасында өздерінің құтқарушылық қызметке деген күш-қайратына сеніп келген жас түлектің бірі 1993 жылы 2 ақпанда дүниеге келген азаматтық қорғау лейтенанты Рахымбаев Бексұлтан-Әли. Б.Рахымбаев 4 шілде күні оқуда озат, әскери қызметте өзін үздіктер қатарынан көрсеткені үшін Президент қолынан погон алған он екі түлектің бірі болды.
Бексұлтан-Әли өз сөзінде «Мен дәл осы мамандықты таңдап, дәл осы КТИ-ында білім алғанымды, елордалық Төтенше жағдайлар департаментіне қызметке тұрып, өмір бойы қайырымды іс – құтқарушылықпен айналысатынымды мақтан тұтамын. Ал еліміздің Бас Қолбасшысынан әскери шенімді алған кездегі бақытымды, болашаққа жетелеген құштарлық сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес» - деп атап өтті.
Мемлекетімізге, қоғамымызға қажет мамандық иелерін оқытып, оларды жұмыспен қаматамыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының даму көрсеткіші. Әрбір азамат өз кәсібін, өз жұмысын жан-тәнімен беріліп істесе, қоғам игілігі үшін өз мойнына жауапкершілік алса, нұр үстіне нұр болары хақ.