Кесексөз: Менің махаббат хикаям

Кесексөз: Менің махаббат хикаям
жеке
блог

Менің махаббат хикаям

-         Ау, не дейсің?

-         Сенің махаббат хикаяңды сұрап жатыр деймін!

-         Ә-ә-ә-ә... махаббат бар ма өзі?

-         Барға бар, жоққа жоқ да!

-         Е-е-е-е... солай де...

-         Сомен баста енді.

Қайбір жылдары әлде кеше ме есімде жоқ. Тіптен менің өмірімде шынайы бір махаббат болған емес. Болса сол бір Тәңірге. Оның өзі кеш келді. Шешем, «әй, бала ана әкеңе тартып кетпе, ақын болсаң жөнімен» -деп, зекіп тұрушы еді. Сол кезде «қойшы шеше»-деп, мен де қоя салам. Сөйтсем, бәленің бәрі алда екен ғой.

Менің махаббат хикаям... хикаяларым жылына, айына кейде күн, кейде түн таңдамай ауысып тұрды. Бір хикая емес, шағын новелла болып қала береді. Содан не керек, ақыры бір шешімге келіп ғашық болып көргім келді.

-         Ғашық болып көру сен үшін ойыншық па?

-         Жоқ ии-и-и. Тек тырысу керек болды. Әйтпесе, жүректің де ығыры шықты.

Ақыры өзім іздеп жүрген адамды кездестірдім. Біз ІІ курстан бастап таныспыз. Ол ә, дегенде менің атымды естісе жек көреді екен. Қазір атымды естісе жылайды... шіркін, қандай дос едік! Тіптен, ол мен жайлы мен ол жайлы бәрін білдім. Арада ешқандай сыр қалып қоймады. Күндіз-түні махаббат жайлы айтамыз. Мен өз қыздарым жайында, ол өзінің жігіті жайында. Біз үшін арасында құшақтасып қою дейтін дүние бар. Бірақ, сезіммен емес достық лебізбен. Сөйтіп, ІІІ курсқа өттік. Өткенде де жаман өттік. Қоңыр күздің жапырағын қолыма ұстап келе жатып ойға кеттім... «бағыма бұйырып тұрған адам бар ма екен, кім болар екен, мен бақытты боламын ба, махаббат деген не өзі, қалай ғашық болуға болады» дейтін, мәнісі жоқ бір нәрселерді ойладым. Алдымнан досым шықты. Бір ұрысып алдық. Себепсіз. Қызық ә! Кейін татуластық. ҚазҰУ дейтін қалашықтың ең биік № 17 «қонақ үйінің» ең биік вип балконында жүздестік. Мен сөз салдым. Иә, солай. Жәй сөз емес «маған мәңгі тыныштық сыйла» -дедім. Қазір ойласам, қандай тыныштықты айттым екен деп ойланып кете берем. Күтпеген жауапты бірден алдым «ИӘ»!

«ИӘ» -нің ғұмыры ұзақ болды. Жылдан асып жылжып келе жатыр. Дәл қазір күлкім келеді. Екеуіміз дос болдық. Арада екеуіміздің махаббат болып кетуімізге кедергі келтіретін дүниелер көп болды бірақ, қосылдық. Чудо!

-         Сомен, хикаяң бітті ме?!

-         Не керек тағы?

-         Әй, аналар деген сезімдерін салып отырып, жүректегі махаббат қылдарын шертіп отырып, жылап та күліп те жазыпты. Сенікі не мынау?

-         Мынау деме, мынаудың өзі көпке жетеді.

-         Сенде тұрақтылық дейтін дүние бар ма?

-         Ей, Мұқағалидың өлеңін білесің бе?

-         Қандай?

-         Өмір дейтін- тағатсыз бір қозғалыс,

Өмір дейтін- өлемін деп қарамау!

Бір жерде тұрып қалсам, өліп қалам ғой! Қызықсың и сен де!

-         Қойшы сені, адам емес екенсің?

-         Иә, адам емеспін, АҚЫНМЫН!

Жолдас, қабылдап алдық. Жалғасын тапсын енді. Ары қарай адамға емес ақынға берсем деп ем. Кесексөзді жалғайтын ақын қыз Кәрібай Әсел.