"Керемет" СҚКО немесе мен білетін орталық

«Керемет» - студенттерге қызмет көрсету орталығы

       Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде көптеген қолжетімді мүмкіндіктер баршылық. Тіпті, университетіміздің студенттерге қызмет көрсету орталығы да бар. «Керемет» орталығы 2014 жылдың 17 наурызында университет ректоры мен Ғылыми Кеңес шешімімен қолға алынды. Орталықтың ашылуы да салтанатты түрде өткен болатын. "Керемет" біздің универнситетіміздің тағы бір үлкен жетістігі. Орталық директоры болып Сайран Баяндинова тағайындалған. Сайран ханымның айтуы бойынша мұндай әмбебап орталық Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД елдері бойынша тұңғыш рет ашылған екен. тіпті, орталығымыз 20 мыңға жуық студент пен 5 мыңдай оқытушы құрамына қызмет көрсететін дәрежеде. Ашылу салтанатында Сайран ханым орталық дами түссе басқа да жоғары оқу орындарының студенттеріне қызмет көрсететін болатындығы туралы мәлімдеді. "Бұл орталық - ректорымыздың идеясы!" Орталық жалпы 3 қабаттан тұрады. Онда студенттерге ыңғайлы жағдайлар жасалып отырады. Орталық негізінде көптеген жұмыстар атқарылып, студенттер өзіне қажетті  кеңестерін де осы «Кереметтен» алады. Орталығымызда студенттерге түрлі қызметтер көрсетіледі. Мәселен, административті қызметтер, оқу процесін ұйымдастыру қызметі, көңіл – күйді көтеруге арналған ойын – сауық орталығы мен жастар орталығы қызметі, тіпті, диагностикалық орталық қызметі де жұмыс жасайды.

       Студенттер қатарынан бірнеше зертханалық жұмыстар мен лекциялардан шаршап, кітапханадан шықпай, кітаптан бас алмай жүргенде көңіл – көтеру үшін дәл осы «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығына келе алады. Себебі, мұнда, сонымен қатар, жеке кинотеатр, кафе, сұлулық салоны, ательелер де жұмыс атқарады. Оптика немесе дәріхананы сырттан емес «Кереметтен» оңай табуға болады. Бұл, әрине, әрбір студентке таныс дүниелер. Себебі, қажеттіліктерімізді орталықтан табу өте ыңғайлы әрі оңай.

       «Керемет» біз үшін 3 қабатты әмбебап орталыққа айналды. Ашылғанына небәрі бір жыл ғана болса да, көпшіліктің ең көп баратын орталығына айналып та үлгерді. Баршамызға таныс университеттік ұйымдарымыз да өз қызметін дәл осы «Кереметте» жүзеге асырып отырады. Олар «Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері», «Сұңқар» студенттер кәсіподағы, Студенттер сенаты, Студенттік жоғары жатақхана қызметі, Студенттік ғылыми орта, Болондық жүйе бойынша студенттік бюро, «Көмек», Факультеттердің студенттік декандары, Дебаттық клубтар. Ұйымдар бөлек атаумен немесе әртүрлі қызметті алға қойған болса да мақсаттары бір. Барлық ұйымның жұмысы – біздің сүйікті университетіміз Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ игілігі үшін. «Кереметте» бәрі бар. Үнемі студенттердің жағдайын жасап, көмегін аямайтын біздің мақтанышымыз – «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығына алғысымыз шексіз. Рахмет саған, «Керемет»!!!



Бөлісу: