«Керемет күн»

Желтоқсан мен Сәтбаев көшелерінің қиылысына, иә, Жаңа алаңға бару керек деп шештім де, жолға шықтым. Ісіме сәт! ) 

Ай шамасында бұрын ғана жайқалып тұрған біздің ауыл қазір «тақырбас». Талдардың кесілгені жаныма батады әрдайым. Бірақ, себепсіз емес - жол кеңейтілмек. Қуантады. Бір-екі күнде білінбес, бірақ, бәрібір адам тамсанардай көркем боп шыға келер. Үш-төрт жыл бұрынғымен салыстыра айтып отырмын. Еліміз деген уақытпен ілесіп, кемелденіп келеді емес пе? Әлемнің еш елінен кем емес екеніміз-ақ соның дәлелі.

Ары қарай метромен.
Осы метро мен үшін аса қадірлі. Діттеген жеріңе демде жететіндіктен ғана емес. Жай ғана көлік демейік, дербес еліміздің көп жетістігінің бірі, жемісі ғой. Сапалы, көркем екенін қаншама ел мойындады, кері тарта бермей, метромен жүрейік, ағайын! ) Жер асты көлігі түгілі қарапайым өркениеттен алыс елдер қаншама? Метросы бола тұра қауіпсіздігіне сенімді бола алмай өмір сүріп жатқандар қаншама?..


Республика алаңы. Қасіреттің де, қасиеттің де куәсі. Жүрек тұсың шымырлайды екен. «Келешек ұрпақтың еңсесі түспесін»  деп емес пе өрімдей ғана, өзіміздей ғана жастардың жандарын пида еткені?.. Сол бір қаhарлы қыс аязынан қазақтың бойы енді жылып келеді. Құдай енді тоңдырмасын бізді...

 

Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Қадірін білейікші, адамдар!!! 

***

Шоқанның «Мемлекетіміздің тарихы Қазақ хандығынан басталады» дегені бар. Рас. Тарихтың негізі бірнеше жыл емес, бірнеше ғасырдың қойнында жатады. Керей мен Жәнібек бабаларымыздың тұсында қазақ халқының қалыптасу кезеңі тоқтап, келесі кезең - алпауыт ел, мемлекет, хандық негізі қаланды. Ақиқаты сол, осындай дәрежеге жетпеген этностардың көбі жер бетінен жойылды, ал, жеткендердің көбі я жерін, я тілін сақтай алмады. Мәселен, қазір әлемде мемлекет саны тілдер санынан көп.
Білетінім бір тоғыз. Өз кітапханам «жұпыны» болғандықтан, бір пысықтап алу үшін келесі нысанымды бетке алдым.

Кітапхана деген сөздің өзі жаныңды шала байытып тастайды. Бүйрегім бұрып тұрады. Тұнған қазына. Керегіңді жазасың, демде бірнеше кітапты үйіп тастайды алдыңа. Гуглдан несі кем? ) Әйтеуір, қазір оқимын деген адамға барлық жағдай жасалған. «Зеңбіректің жарығын кітап оқимын деп тауысып алғаның үшін» ( Ә. Н. «Ақиқат пен Аңыз» ) жазалы болардай зұлмат заман жоқ, бейбітшілік.

Тарихты оқыған сайын тебіренесің. Шынымен, бұл хас батыр нар тұлға, биік өре біздікі ме? Кеудеңді мақтаныш кернейді. Негізі, жеті жұттың бәрін қазақтай көріп, қасіретті бір қазақтай көтерген әлемде ел жоқ! Тағдырдың тезінен өтіп, мамыражай осы  күнге жеткен елдің бір ұланы екеніңді түйсіну бақыт емес пе?

 

Қазақ хандығы үш жүз жылдан аса жасап, бірнеше ханның билігінде болды. Әлемге қазақ атын танытқан, азуын айға білеген орыс пен қытайдың өзі санасып отырған Хан Абылайдың саясаты – бүгінге дейін үлгі. Қазіргі заманымыз бен «Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай!» деп Бұқар жырлаған заманды салыстырсақ, көп нәрсеге көзіміз жетеді.

Қазақ хандығының Туы

Кітапханада жақында ғана «Тұңғыш Президент сайланған күніне» орай ашық сағат өткен екен. Елбасының кітаптары, еңбек, Жолдаулары, өмір деректері бар.

( Айтпақшы, массагеттіктер, өткен мейрамдарыңмен! Және келе жатқан! )

Жалпы, күнім осылай өте шықты. Тәубені ойладым. Шүкір! Бізді бақыт бар екен. Байлық бар! Ел, Ер, тірек, жүрек, білек, тарих, шежіреміз бар! Және... метро бар, үйге қайтайын!

P. S.

суреттер: blogspot.com, yvision.kz, saltanat m.



Бөлісу: