Керемет актрисаларға еліктеп жүріп, өз жолымды таптым.

   Баршаңызға қайырлы күн, бүгін ҚР еңбек сіңірген артісі, " Құрмет " орденінің иегері Ғазиза Мәкешқызы Әбдінәбиевадан сұқбат алудың сәті түскен екен. Сәлеметсіз бе, Ғазиза ханым. Қал жағдайыңыз, көңіл-күйіңіз қалай?

   Сәлеметсіз бе?! Қал жағдайым шүкір жақсы, көңіл-күйім тамаша.

   Сізге қояр сұрағым, өзіңіз қай жылы және қай жерде дүниеге келгеніңіз туралaы айтып кетсеңіз?

   Мен өзім 1948 жылы 3 желтоқсан күні Қызылорда облысы Сырдария ауданы Тартоғай ауылында дүниеге келдім.

   Өнер жолына қалай келдіңіз?

   1966-1970 жылдары Алматы Мемлекеттік Құрманғазы атындағы Өнер институтының театр факультетінің актер бөлімін бітірдім. Екінші курс оқып жүргенде, ол 1969-1968 ж. мені Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жастар театрына жұмысқа шақырды. Осы театрда Әмина Өмірзақова, Мұхтар Бақтыгереев, Қасым Жақыбаев сияқты ғажап актерлерден білім алып, көп нәрсе үйрендік. Ол жерде 1969-1993 жылдар аралығында 25 жыл қызмет еттім. Одан әрі 1993 жылдан бастап, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында еңбек етемін.

   Сіз осы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық Драма театрының әртісісіз. Осы театрда неше жыл бойы жұмыс істеп келе жатырсыз? 

   22 жылдан астам бойы жұмыс істеп келе жатырмын.

   Сіздің ең алғашқы сомдаған рөліңіз?

   Өзім осы театрда жақсы режиссерлармен таныстым. Болат Атабаев деген ғажап, білімді режиссер, ол қазір шетелде. Мен алғашқы көпшілік сахнасынан бастадым. Көпшілік сахнасында бірте бірте сол осы жердегі ең Қазақ драматургиясындағы ең үлкен үлкен рөлдерді жасадым. Мысалыға, Чеховтың " Шағаласында " Аркадина (реж. Б. Атабаев), Ш. Құсайыновтың " Қарагөзінде " Мөржан (реж. Б. Атабаев), М. Кәрімнің " Ай тұтылған түнінде " Таңқабике ( " Күнәһар ", реж. О. Кенебаев), Н. Гогольдің " Ревизорында" Анна Андреевна ( " Пара ", реж. Е. Обаев) және т.б. рөлдерді ойнадым.

   Гогольдің " Анна Андреевна " кейіпкері мен өзіңіздің арасында қандай ұқсастық байқайсыз?

   Енді әр рөлдерде өзіңнің жан дүниеңнен, өзіңнің мінезіңнен алып соңдайсың ғой. Ізденесің, көресің жан-жақтарынан мінездерін.

   Сахнада қойылым кезінде сөзіңізді ұмытып қалған кезіңіз болды ма? Ондай ситуациялардан қалай шықтыңыз?

   Ондай жағдайлар енді болғанымен өзіміздің қазақ тілі болғаннан, әйтеуір, алып кетесің. Ең бастысы мағынасын толық жеткізу. Ұмытпауға тырысамыз әрине, өзіміздің жұмысымыз болғаннан кейін.

   Өнерде жүрген әріптестеріңіздің арасынан кімнің өнерін жоғары бағалайсыз? 

   Кезінде өзіміздің пір тұтқан үлкен актрисаларымыз болды, бала күнімізден жаңа айтқандай, мысалы: Әмина Өмірзақова, Сәлимам Саттарова, Саура Майханова, Шолпан Жандарбекова, Фәрида Шәрипова Бикен Римова деген керемет актрисалар болған. Олар дүниеден өтіп кетті қазір. Соларға еліктеп жүріп, енді өзіміздің жолымызды таптық.

   Сіздің тағы театрдан гөрі кинода да ойнағаныңызды білеміз. Кино саласында сомдаған рөлдеріңіз?

   " Айналайын " - Сәлима (реж. А. Сатаев), " Тоғысқан тағдырлар" - Роза және " Қара шегіртке " - Марго, деген телесериалдарда кинорөлдерім болған.

   Театр мен кино рөлдерінің арасында айырмашылықтар бар ма?

   Әрине, айырмашылық бар. Кинода суретке түскендей, бір рет түсіп, қайтып жөндей алмайсың. Ал, театрда бір ойнағаныңда өзін білесін, қай жерді жөңдеп алмаған, келесі жолы түзеуге тырысасың. Қиын енді екеуі екі бөлек дүние.

   Сұқбатыңызға рақмет!

   Рақмет жаным!

                                                                                              Сұқбаттасқан Айдана Ақтанқызы

 

 





Бөлісу: