Кері тартқыштарды түсінбегенмін, түсінбеймін, түсіне де алмай кететін шығармын. Ең алғаш әкеммен футболға барғанда біздің құрама Иракпен тең ойнап, Әлем Чемпионатына баратын мүмкіндіктен айырылған еді. Артынша қаншама жылдар өтті. Жеңіліс дәмін әрдайым татып келеміз.Сол сәттерде алаңдағы жігіттер мен бапкерлерді, жүйені бір боқтап алатынымыз рас, дегенмен құрамаға деген сенім ешқашан сөнген емес. Келесі ойын айналып келгенде үміт деген тағы жарқ етіп, стадионға тағы келеміз, қолдау көрсетеміз. Солай болған, Құдай қаласа, солай бола бермек!
Әңгіменің төркініне көшейін. Ғаламторда күнде көретініміз кері тартқыштар. Солар шаршатып бітті. Әдетте ондай адамдар футболға еш қатысы жоқтар яки қазақ футболына қатысы жоқтар. Назарларыңызға жиі еститін, оқитын сөздерді ұсынайын. Оларды жазатындар - кімдер?!
"Ой, біздікілер ұтылады..." - бұл ең жиі еститін сөзіміз. Иә, біздікілер ұтылар. Бірақ он екінші ойыншы боп саналатын жанкүйер қауымы ойын басталмай жатып осындай болжам жасап қойса, қай құрама ұтар дейсіздер? Бұл тек жеңіс бар жерде жүретіндердің сөзі. Ертең Ұлттық құрама бір рет жеңіске жетсе, дәл осындайлар бірінші қатарға шығып, кеудесін қағып Ұлттық құраманың жанкүйері екенін сайрап тұрып айтатын болады.
"Уақыт құртпай үйден көре салайын..." - бұл стадионның айналасынан автобуспен болсын өтіп көрмеген жандар. Стадион мен теледидардың айырмашылығы жер мен көктей екенін білмейтіндер. Футболды стадионнан көрген адам мұндай сөз айтпаса керек.
"Оған ақша құртқанша... Билет қымбат..." - не дейміз? Ешкімнің қалтасындағы ақшасын санап жүрмегендіктен, айтар сөз жоқ. Бұл жандар қазіргі таңда тегін ештеңе жоқ екенін білмей кете ме, қалай өзі?
"Бізде футбол жоқ!" - егер қоғам футболға осындай селқостықпен қараса, бізде қайдан футбол болсын?
"Шетелдің жанкүйерлері мықты, иә?" - бұл сөзді де жиі естиміз. Айтар сөз жоқ! Бұл - үйде жұмыс істемей аяқ көтеріп жатып, өз әйеліңе көршінің еңбекқор күйеуін мақтаумен тең шығар. Елді мақтай бермей, өзің неге содан асып түсуге тырыспайсың?
Футбол мен жанкүйер тығыз байланысты. Жанкүйер қандай - футбол да сондай немесе керісінше. Жанкүйерлік дамымай, футбол да дұрыс дамымас. Ойынның қызықты өтуіне алаңдағы он бір еркектен бөлек, алаң сыртындағы халықтың да үлесі зор. Халықтың шуы, айқайы, демеуі кез келген қызықсыз болады деген ойынды қызықты етіп, жүгіре алмайтын ойыншыны жүгіртіп, гол соға алмайтынды гол соқтыртатынын білесіздер. Ендеше, біз неге ылғи кері тартамыз? Мейлі, көрме! Мейлі, барма! Мейлі, қолдама! Осыларды істемейді екенсің, кері де тартпа! Елдің ынтасын баспа! Барамын деп тұрған баланы басқаға шақырма! Өз ойыңды ақырын алып, бір жеріңе... өздерің білесіңдер. Солай.
Бүгінгі ойында ойыншылар Алматылық жанкүйерлерден үлкен қолдау күтеді! Біз сенеміз! Біз үміттенеміз! Біз өшпей - бұл сенім мен үміт оты өшпейді! Алға, Қазақстан! Алға, Ұлттық құрама!
Кері тартқыштар, үндемеңдер!
жеке
блог
блог