Кептелісте өтетін қарбалас өмір... 5/90
блог
Уақыт... Жағажайға барғанда құмды ұстап көрген боларсыз?! Түйіршіктер алақаныңызға симай, бостандықты аңсаған жандай, саусақтарыңыздан сусып шыға бастайтынын білесіз. Уақытта сол іспеттес. Білмеймін, мен үшін әрқашан сол бір ассоциация келеді ойыма. Уақытты айтып отырғаным, экспериментімнің 5-ші күніне қалай жеткенімді білмей де қалыппын.
Демалыс күндері болғандықтан, үшінші және төртінші күндері блог жазбадым. Бұл күндері монитордың бетіне телміріп отырғым келмеді. Сол себепті осы 2 күнге шолу жасасам, онда отбасыммен қызықты демалыс күндерін өткіздім. Өз басым, адам қай жаста, қандай тығыз жұмыстары болмасын, ОТБАСЫға уақытын бөлуге тиісті деп санаймын. Сенбі күні қыстың қамын ойластырып, шоппингпен айналыстық. Одан келіп, үй шаруасына кірістім. Жексенбі күні Ботаникалық саябаққа барып, серуендедік. Ластанған қала ортасында орналасқан бұл саябақ, шөл даладағы оазис секілді. Серуеннен келгеннен соң, "Ал, енді өзіміз дұрыстап, манты жасап жейіктің" қамын жасадық. Екі күннің қорытындысы осындай.
Ал бүгін ше? Бүгінгі күн өте қарбалас, әрі нәтижелі күн болды. Шынын айтсам, таңғы сағат 6-дан бері үйіме сағат кешкі 9-да келдім. Айтпақшы, қараңғы мезгілде, шам жарығы түсіп тұрғандағы жаңбырдың асфальтқа жауғанын көріп пе едіңіз? Оны фотоға, не видеоға түсіруге мүмкіндігім болмады, өкінішке орай. Бірақ бұл көрініс көз алдымнан кетпейді. Жерге тиген тамшылар, ытқып- ұшып, құдды өз билерін табиғатқа, адамдарға "міне, біз қандаймыз" деп паш ететін қойылым қоятын сынды.
Бүгін жарты күнім жолда өтті. Кептелісте бір аялдамадан екінші аялдамаға жеткенше 1,5 сағат уақыт жұмсаппын. Осы адам баласы өмірінің қанша сағатын жолда өткізеді екен деген қызығушылық туындады. Соны білмек болып, іздестіріп едім, www.slate.com сайтының 2014 жылғы зерттеуі бойынша, адам баласы шамамен жылына 38 сағат, ол дегеніміз өмірінің 3 айын кептелісте, жолда өткізеді екен. Қызықты, әрі өкінішті факт.
Бүгіндікке жаңалықтар легі осындай. Сау, саламатта болыңыздар ;)
P.S. Комментарийлеріңіздің бәрін оқимын. Жылы лебіздеріңіз бен тілектеріңізге өте үлкен рақмет! Кейбір жандардың өмірін өзгертуге түрткі болғанымды оқып, қуанышым қойныма сыймай отыр. Осы блогты бастағалы бері, неге екенін білмеймін, өзімді ЖҰЛДЫЗ санап жүрмін. Бұл сезім мені одан да үлкен асуларды бағындыруға жетелейді, шабыттандырады. Лайым солай болғай!