Кеншілер қаласындағы қос қуаныш

Кеншілер қаласындағы қос қуаныш
жеке
блог

Кеншілер өңірі Қарағанды облысының қала және аудандарындағы білім беру мекемелерінің біразына қазақ елі үшін, халық үшін еңбегі сіңген азаматтардың есімдері берілгеніне қарағандылықтар дән риза болып, тақияларын аспанға атуда. Солардың қатарында қазақ ұлтын 30 пайызды, қалған 70 пайызы өзге ұлттың өкілдерін құрайтын Шахтинск қаласындағы №16 лицей-мектебіне ұлт-азаттық жолында аянбай тер төккен, Алаш қозғалысына жетекшілік еткен мемлекет қайраткері, ғалым Әлихан Бөкейхановтың, көркемсурет мектебіне Қазақ КСР – інің халық суретшісі, актер, режиссер өз заманында қазақ кедейлерінің өмірін қыл қаламмен әсем бейнелеп, тарихи құндылығымызды дәріптеген, пейзаждарымен танылып, талантын көптеген елге мойындатқан Әубәкір Ысмайыловтың есімі берілгіндігі туралы қаулыны сүйікті «Егемен Қазақстан» газетіміздің 7 наурыздағы санында көрген шахтинскіліктер сүйіншілеп, қуанышқа бөленгенін тілмен жеткізіп бере алмаспыз.

Олардың қуаныштары мен алғыстарында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың есімі бар.Әсіресе, дуалы ауызды, ақылы қазыналы қала ақсақалдары: «Көп жасағыр! Маңдайы ашық, жүзі нұрлы осы азаматымыздың ісіне ризамыз. Тәрбие орындарына ұлт абыздарының атын бергені дұрыс болды» деген тілектерін құлағым шалғаны бар. Сондай-ақ, жасөспірімдердің арасында Әлихан Бөкейханов пен Әубәкір Ысмайыловтың  шығармаларынан сайыстар өткізіліп жатқанына куә болдық.         

Бұдан үш жыл алдын саясаткер, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, ұлтжанды азамат Досмахамбет Көшім шаһарымызда екі-ақ сағат болса да, екі жүз жылдық тарихымызды қаузаған кездесуінде: «Неліктен өз туған жерлеріңізде өгей ұлдың күйін кешесіздер? Бізден өзге елдердің барлығы өз ана тілдерінде сөйлейді.Ал неге біз Отанымызда өз тілімізде сөйлей алмаймыз?», - деп ащына айтып, қала тұрғындарына, соның ішінде қазақ жастарына үлкен ой салып кеткен болатын.Сол кездесуде жас ұрпаққа білім беретін ордалардың хал – ақуалы салыстырылғанда, қазақ мектептерінің аздығы, ұлты қазақ бола тұра өзге тілде сөйлейтін азаматтардың көптігі жүрегін сыздатқан еді. Жар құлағы жастыққа тимей ұлтымыздың болашағын ойлап шырылдайтын Дос ағам мына жаңалықты есітіп, қуанып қалатын шығар. Ренішін білдірген ұлтжанды ағамызға өзге ұлты көп болған қаламызда қазақтың саны да, білім беру мекемелерінің де қатары әсте көбейіп келе жатқандығын жеткізгім келеді. 

Иә, маусым айында еліміз әзіз тұтатын, қазақ елінің арда ұлы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы тойланады. Кемеңгер ғалым атамыздың есімімен аталған лицей – мектебінің мерейтойға тартуы көп. Қазіргі таңда білім ошағында жалпы 817 халық балалары тәжірибелі, білікті ұстаздардан сапалы білім, саналы тәрбие алуда. Ұжымының басшысы, қалалық мәслихаттың депутаты Арарат Есмағамбетовтың басшылығында ұстаздар қауымы ғылыми конференция өткізуді жоспарлап отыр. Бүгінгі күнде қызу дайындық үстінде. 

Ең бастысы, ұлт үшін қызмет еткен, осындай дәуірді көруді, қазақ балаларының бақытты болғанын армандаған Әлихан және Әубәкір аталарымыз бұдан былай халқымыз балаларының білім мен тәрбиелеріне назар салып, шаттықты өмірлеріне, жетістіктеріне сүйсініп тұратын болады.

Аманкелді Тұржанов