Кеңқоныс
блог
Кеңқоныс -"Абай жолы" эпопеясында көп суреттеледі. Кеңқоныс десе дегендей, кең алқап. Бір өзі 20-25 мыңдай малдың өріс мекені. Суы мол, жері шүйгін бүл 66 өлкеде тынығу жан рақаты. "Өлеңмен жер қойнына кірер денең" деген Абай Балашақпақпен екі ортада дүниеден кеткен. Ұлы адамның жүрегінің соғуы осы жерде тоқтаған еді. "Өлсем орным қара жер сыз болмай ма" деген кемеңгер атамыз "Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман" деп те осы қоныста күрсіне ойға қалған екен. Берірек жүріп, өрге көтерілдік. Бұл - Ақбайтал асуы. Шыңғыстың ең биік жота- сы - Ақбайтал. Міне, қатты жел соға бастады. Желдің өзіне қанат бітіретін осы жота. Ақбайтал жотасының ба- тысынан басталатын: Баканас, Тай, Байқошқар өзендері Балқашқа құяды да, шығысынан басталатын: Құндызды, Шет, Қарауыл, Шағандар Ертіске құяды. Бөктерде биік боп көрінетін Хан, Қарашоқы, Қаражартас тауларын Ақбайталда тұрып, дөң есебінде ғана болжай аласыз. Ақбайтал мен Балқыбек жайлауының арасы 30 шақырымдай жер болғанмен ылдилай жүріп, тез жетесіз. Талай рет сиезд болып, Абай жарлы-жақыбайлардың ісі үшін сан рет топқа түскен жайлау осы. Осында Абай Керей қызына ара түсіп, әмеңгерлікке қарсы шыққан. Оның: Етімді шал сипаған құрт жесін деп, Жартастан қыз құлапты терең суға,- дег деген өлең шумақтары осы түста туғаны Мұқаң романында әңгімеленеді. Ал мына тас "Еңлік-Кебек Қаражартасы" деп аталады. Олар алғаш рет осы жерде кездескен. Мынау ескі қораның үйіндісі - Еңлік әкесінің малға жасаған ықтасын қорғанының орны. Ол кезде там үй салмай Шыңғыс өңіріндегі малдылардың
көбі киіз үйде отыра беретін болған. Мұқаң елге келген сапарларында бұл Қаражартасқа соқпай кеткен емес. Біз ұлы адамның бұлақ басында ұзақ тұрғанын көруші едік. Біз Еңлік пен Кебек кездескен Қаражартастың өлкесін өрлеп жоғары көтерілген кезде Шәкәрімнің әкесі Құдайбердінің қыстауына кездесеміз. Құдайберді Құнанбайдың ең үлкен бәйбішесі Күңкеден туған. Өлкенің батыс жақ қыратының етегінде тұрған ескі қыстау Шәкәрімнің балалық шағы өткен жер. Өлкенің аяқ тұсында батысқа қарай сұлай түсіп жатқан тастақ дөң жолбарыс бейнесіне қатты ұқсайды. Жас күнінде және өскен шағында да көз алдында жатқан Қаражартас тарихы Шәкәрімге "Еңлік-Кебек" поэмасын жаздырғаны мәлім.
Кәмен Оразалин
«Абай ауылына саяхат» (Ұлы ақынның 150 жылдығына арналады), Алматы «Жалын» 1994ж, 200-201-беттер