«КЕНЕСАРЫ ХАННЫҢ БАСЫН ҚАЙТАРУ МӘСЕЛЕСІ»

«КЕНЕСАРЫ ХАННЫҢ БАСЫН ҚАЙТАРУ МӘСЕЛЕСІ»
жеке
блог

     Кенесары Қасымұлы - қазақ сұлтаны, орта жүздің ханы. 1802 жылы туған Шыңғыс ұрпағы Ресейдің патша үкіметі таратқан хан билігін қалпына келтіруге және хан атағын Қасымовтарға беруді көздеді. 1841 жылы қазақ руының рубасылары мен сұлтандарының жиналысында Кенесары Қасымұлы хан болып жарияланды. ХІХ ғасырдың 20-40 жылдары ұлт азаттық үшін күрескен Кенесары хан 1847 жылы қырғыз манаптарының қолынан Кекілік-Сеңгір жерінде қаза табады. Оған дәлел сол кезеңдегі ғалымдардың деректері, қазақ сарбаздарының күресінің соңғы күндері туралы жазған Л. Мейер «Олар қырғыздармен үш тәулік бойы ерлікпен шайқасты, Сібір қырғыздары көмекке келіп жетер деген үмітті болды. Бірақ патша үкіметінің жергілікті өкімет билігінің басшылары олардың келетін жолын бөгеп, тосқауыл қойып үлгерген еді. Үшінші тәулік дегенде көтерілісшілердің бір бөлігі қоршауды бұзып шығып, құтылып кете алды. Ханның көптеген сенімді серіктері түгелдей дерлік өлтірілді. Ханның өзі бірнеше сұлтандармен бірге тұтқынға алынды және азапты жазаның салдарынан қаза тапты»,- деп дерек келтірсе, бұл туралы жазған М. Красовский де: «Кенесары Шу өзенінің оң жағындағы аңғарлардың бірінде қазіргі Тоқмақ бекінісіне жақын жерде қарақырғыздардың қоршауында қалды, бірақ оларға ерлікпен қарсы тұрған ол қолға түсіп, айуандықпен өлтірілді», – деп жазады. Қаза тапқан ханның сүйектерін табуда шиелініскен мәселе болды.

     Жанашырлар ханның дене сүйегін іздеп, қай жерде екендігін анықтау үшін ханның өзі бақилық болған Қырғызстанға үш-төрт рет барып қайтқан болатын. Бірақ, өкінішке орай, ханның қай жерде ұсталғандығын, қалай дүниеден өлтіргенін және мәйіттің қай жерге жерленгені жөнінде ақпаратты жобалап шамамен айтушылар көп болғандығымен, алайда нақты деректі ешкім білмеді. Ғалымдар осындай ханның дене сүйегін табу кезінде қиындықтарға тап болды. Меніңше, ханның дене сүйегін табу өте қиын. Кейбір ауызша мәліметтерге сүйене отырып, аруланып жерленген мәйіттер табылғанымен, ол кездерде ғылыми зерттеулер жүргізуге қолдау болмағандықтан тиіс деңгейде ғылыми жұмыстар жүргізілмеді.

     Кенесары Қасымұлының мәйітіне байланысты ең танымал халық арасындағы нұсқа ханның басының Ресейде екендігі жөнінде дерек болып табылады. Бұл деректі растайтын бірқатар қазақ тұлғалары бар, қазақтың атақты археолог ғалымы Әлкей Марғұлан атамыз және көптеген азаматтар растайды. Олар Санкт-Петербург қаласындағы Ресейдің танымал Эрмитажда ханның бас сүйегі ХХ ғасырдың 80 жылдарына дейін тұрғаны ақиқат. Алайда одан кейінгі қазақ үшін маңызды бұл бас сүйектің қайда кеткендігі тағы да үлкен сұрақ болып қалған еді.

     Ресейліктер неліктен қазақ ханының бас сүйегін жасыруы мүмкін деген сұраққа жауап беріп көрсек, барлығымыз білетіндей қазіргі Ресей Федерациясының алғышарты болып табылатын Ресей империясына хан қарсы шығып, наразылық білдіріп, олардың қазақ халқының отарлап жатқандығын ашық айыптаған еді. Олар ханымызды «бүлікшіл сұлтан», – деп барынша атын кірлетуге тырысып бағып, оны тарихта жақсы кейіпкерлердің қатарынан табылуына кедергі жасау арқылы өздерінің тарихи қылмыстарын жасыруға ұмтылған еді. Бұл тұжырымымызды растайтын тағы бір дәлелдеме қазақ халқының көптеген тұлғаларының бас сүйектерін Ресей үкіметінің әлі күнге дейін сақтап отырғандығы, мәселе, 1916 жылғы көтерілістің көшбасшылары қатарында болған Кейкі мергеннің бас сүйегі Санкт-Петербургтегі Антропология және этнология мұражайында тұр. Ал қазіргі таңда әлі күнге дейін жасыру неге болып жатқандығына олар халқымыз үшін бағалы, қадірлі екенін түсініп, мемлекеттік құпия ретінде ұстап отыр деген жауап нұсқасы бар.

     Бұл нұсқанының рас немесе жалғандығын анықтау үшін қазақстандық ғалымдар бірнеше рет екі ел арасында бұл мәселені көтерген болатын, тіпті мемлекет басшылығы да даулы сұрақтын нүктесін қоюға сан мәрте ұмтылыс жасады. Атап айтсақ, кезінде үкіметке басшылық еткен Серік Ахметов бас сүйектің орналасқан жерін анықтауға бағытталған зерделеу жұмыстарын жаңғыртуды тапсырды. Одан кейін Кәрім Мәсімов өз премьер-министрлігі кезінде Ресей басшылығымен келіссөздер жүргізіп, бұл мәселені көтерген болатын. Ол өзінің Ресейлік мемлекет деңгейіндегі қайраткері Дмитрий Медведев кездесу барысында Кенесары хан мен Кейкі батырдың бас сүйегі жөнінде сөз қозғап, ресейлік басшылық бұл мәселені шешу үшін жәрдем беретіндігін жеткізген болатын. Осы жұмыстардан кейін елге Кейкі батырдың бас сүйегі қайтарылды, оны қазақтың бас антрополог ғалымы Оразақ Смағұлдың өзі растап берді.

     Алайда, сол жұмыстардан кейін де дәл Кенесарының басына қатысты мәселе аяқсыз қалып еді, жазушы Сергей Марков маңдай тұсына патшалықтың мөрі басылған бас сүйекті Омбыда өз көзімен көргендігін жазған және оның жазуына қарағанда бас сүйектің бір өзіндік ерекшелігі бар дегенге келтіреді. Әлі күнге дейін ханымыздың бас сүйегіне қол жеткізбеуіміздің себебі де мүмкін осы ерекшелік шығар, оны тек ғана қолға тиіп, зерттеу жұмыстарын жүргізген кезде ғана анықтай аламыз, уақыттың еншісінде.

     Ұзаққа созылған даулы мәселенің қайтадан үміт отын жақтырып көтерліуіне жақында ғана жасалған еліміздегі Шоқан Уалиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинның мәлімдемесі болды. Оған сүйенсек тарихшы сұлтанның бас сүйегін қайтарумен айналысатын ресейлік комиссияға қатысу үшін шақырту алған, әзірге дипломатиялық мәселелер шешіліп жатыр дейді. Сондықтан әлі нақты мәліметтер айтылмады.

     Қорытындылай келе, соңғы жақсы жаңалық баянды болып ханның басы өз отанына оралады деген үміттеміз. Марқұмның басы мен денесі табылып, өзіне лайықты құрметпен, тиісті дәрежеде жерленеді деп, өзімізге тиесіліні қайтарып, халқымыздың ұлттық тарихының жаңа кезеңі басталады дегенге сенеміз. Ресей жәдігерімізді бермей отыр деген жеккөрінушілік жойылып, екі елдің арасындағы қарым қатынас жаңа деңгейге өтіп, достық қатынасымыз нығаяды деп ойлаймыз.

 

Болат САЙЛАН, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.

Құралай Калыкулова, 1-курс студенті.