КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ НАҒИ ІЛИЯСОВТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ

Қан майданда ерлік көрсеткен, есімі тарихта алтын әріптермен жазылар батырларымыздың бірі Нағи Ілиясовтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Нағи Ілиясов Будапешт қаласын (Венгрия) азат етуде көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағын алған қазақстандық батырлардың бірі.

Нағи Ілиясов 1920 жылы 6 қарашада «Қызыл коммуна» ауылы, қазіргі Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. 12 жасында әкесінен айырылып, алғашында Арыстағы балалар үйінде, кейін Ташкент балалар үйінде тәрбиеленіп, білім алады.  Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде жұмысшылар факультетінде оқуын жалғастырды. Оқуды 1939 жылы бітіріп, еңбек жолын Ташкент маңында Жоғарғы Шыршық ауданындағы бастауыш орта мектепте мұғалім болып бастады (1939-1940). 1941 жылы туған еліне   оралып, Қызылорда облысына қарасты Тереңөзек ауданының мектебінде неміс тілі мен орыс тілінен, тарих пәнінен сабақ бере бастайды. 1942 жылы ұстаз қызметін атқарып жүргенде әскерге Отан қорғауға, Қызыл Армия қатарына шақырылады. Сталинград майданындағы 152-атқыштар бригадасының жеке артиллерия дивизионының барлаушысы ретінде Астраханға таяу маңдағы Халхута поселкісінің маңында ұрысқа кіреді. Кеңес әскері қатарына 1942 жылдың қаңтарында шақырылып, 2-Украина майданына қарасты 46-армияның 99-атқыштар дивизиясының 473-артиллерия полкі 2-дивизионының барлау бөлімінің командирі болып жаумен алысады. 1942 жылдың қаңтарынан 1946 жылдың қаңтарына дейін армия қатарында болды.

Жауынгерлік қызметі кезіндегі аса қиындық тудырған шайқастардың бірі – Будапешт операциясы болды. 1944 жылы 5 желтоқсанының түнінде Нағи Ильясов алғашқылардың бірі болып Дунай өзенінің оң жағалауына (Будапешттің оңтүстік-батыс бөлігіне) өтті, шабуыл тобының құрамында ауылды басып алу кезіндегі шайқастарға қатысты.

Ол соғыстағы бір шайқас туралы: «Түн, біз өткелден өте бастағанымызда өзен үстін тұман басқан еді. Аса қатты тыныштық сақталғанымен, гитлерліктер бізді байқап қалды. Осы кезде өзен үстінде көптеген жарық беретін ракеталар жарқылдап, біз алақанда тұрғандай күйде болдық. Дунайдың сол жақ жағасында тұрған катюшалар осы сәтте оқ атқылай бастады. Сөйтіп жаудың оқ боратуы тоқтатылды. Оң жақ жағалауға өткен кезде соғысу үшін ұзына бойы қазылған ені тар шұңқырлардағы (траншеялардағы) жау әскермен төбелес басталып кетті. Бұл өте ауыр ұрыс болды. Дегенмен неміс әскері паналаған шұңқырдың оң жағын тазалап Будапештке баратын үлкен жолға өттік», –  деп еске алады Нағи Ілиясов.

Ол жарақат алса да, әскер қатарында қалып, әрі қарайғы шайқастарда да батылдығымен көзге түскен. Осының негізінде, 1945 жылдың 24 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының жарлығымен Нағи Ілиясовқа  фашистік басқыншыларға қарсы күрес майданында жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындағаны үшін және көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, Ленин ордені және Алтын Жұлдыз медалімен марапатталды. 1945 жылы 24 маусымда Мәскеуде өткен Жеңіс күніне арналған парадқа қатысып, 1-4 Украин майдандарының біріктірілген полктарының колонналары құрамында Қызыл алаң арқылы жүріп өтті.

Талай тағдырын талқандаған сұрапыл соғыс аяқталысымен Нағи Ілиясов 1945 жылдың  қараша айында Қызылорда қаласына оралып, қызметке орналасты.

1952 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебін тәмамдап, ауыл шаруашығы саласында ерен еңбек етті. 1956-1960 жылдары Қараөзек совхозының директоры, 1964-1965 жылдары Сырдария ауданы Комсомол совхозы №2 бөлімшесінің  меңгерушісі, 1965-1966 жылдары Сырдария ауданы ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.

Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясов 1987 жылы 6 мамырда Алматы қаласында 67 жасында дүниеден өтті. Туған мекені Қызылорда қаласына жерленді. Бүгінгі күнде оның есімімен Қызылорда облысы, Сырдария ауданындағы туған ауылы аталады. Сондай-ақ  Нағи Ілиясовтың есімі орта мектепке, Қызылорда қаласы мен облыс аудандарының көшелеріне берілді. Ер есімі ел есінде деген осы.

  

Болат САЙЛАН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.

Ақтолқын РАЙЫМБЕК, 2-курс магистранты.

 



Бөлісу: