Кең даласы әкемнің, құшағынан аумаған...

Кең даласы әкемнің, құшағынан аумаған...
жеке
блог

                                                     Туған жерім,мен перзентің боламын, 
                                    
                Сенде туып,сенде өскен баламын. 
                                   
                 Сағыныштан ой мазалап мені көп 
                                                     Өзің жайлы сыр жазуды қаладым... 

         Сағыныш...Бір ғана сөздің ішінде қандай мағына жатқанына таң қаласың.Адам баласы болған соң әртүрлі сезім жетегінде жүреміз ғой,шіркін.Қазіргі сәттегі күйімді сағыныш деген сөз ғана сипаттай алады...Түн ұйқым ұзақ ойға жалғасып барады... 

       Оқушы кезім.Күн сайын мектепке барып,келіп ҰБТ дейтін үлкен сынаққа дайындалып жүрген шағым.Сол кезде өмірдегі ең маңызды сынағым деп ойлағаным ақымақтық екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді...Пенде болған соң қателеспей тұрмайтынымыз рас екен.Сол сынақтан сүрінгендегі күйімді айтудың өзі артық болар еді.

Өмірімнің бар мағынасы кеткендей болып,өзімді ұзақ уақытқа жоғалтып алғаным-ай...Бар уайымым,қайғым сол болған еді. «Уақыт-емші» деп бекер айтпаған екен.«Болған іске өкінбек жоқ»деп алға адым басуымды тоқтатпадым.Нәтижесінде ел ордасы-Астанадағы белді оқу орнына оқуға түстім.Сөйтіп анамның маған артқан сенімінің бірін ақтадым деуіме болады.Айналаны алтын түске бояған күз келіп,ызғарлы суығы ұрып тұрған Астанаға да келдім.

Студенттік кездер басталып,өмірімнің жаңа бетіне қадам бастым.Ия,алғашқы сәттерде бәрі қызық,барлығы керемет болып көрінді.Жаңа жер.Жаңа қала.Жаңа достар.Бұлардың барлығын көргенде,өткенге,туған жерге деген сағыныш бойымды билеп алады деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірмепті.Туған жерімнен кетер кезімде сағынбайтындай,қайта оралғым келмейтіндей кетіп едім...

Бұл жолы да қателік деген есіктің ішіне кіріппін...Алғашқы мезгілдерде ешқандай ой болмай алаңсыз жүрген едім.Уақыт өте келе туған жерге деген сағынышым үдей берді,үдей берді...Ал қазір мен туған жердің қадірін енді түсінгендеймін.Мұңайғанда өз нұрлы сәулесімен маңдайымнан сипап:«Барлығы жақсы болады,шыда ботам!» дейтін күнін,жылағанда көз жасымды құрғатып:«Мұның барлығы артта қалады!» деп құшағына алатын самал желін,сүрінгенде қолтығымнан демеп:«Тек алға қара!»деп күш беретін қара топырағын,қуанғанда маған қосылып: «Бақытты сәттер де көп болады!»деп айтып тұратын табиғатын,күркіреп жаңбыр жауғаннан соң туған топырағымның иісін жүрегіме жеткізіп: «Перзентім менің!» деп махаббатына бөлейтін ауасын,бойындағы бар нәрін маған беріп: «Мықты бол!»дейтін суын,бәрін,бәрін қатты сағындым...Осы сәттен бастап «туған жер»деген жай ғана бір сөз емес екені,туған жердің құдіретінің қандай мықты екені,туған жер менің екінші анам екені жүрегіме енді жеткендей болды....Ойымда тек бір ғана әннің шумақтары қайталана берді,қайталана берді... 

Балғын денем балқыған, шат көңілім шалқыған туған жер, 
Анашымның ақ сүті-ау, топырағымнан аңқыған туған жер. 
Ойын қуып аунаған, жүрегімді баураған туған жер, 
Кең даласы әкемнің, құшағынан аумаған туған жер!
Туған жер…