КЕЛІНШЕКТАЛ
блог
Мектеп ауласындағы шығар есіктің табалдырығын аттап, көшеге бет алған Әлішер он қадамдай жүргеннен соң кілт тоқтады. Әншейін, базарға кетіп бара жатқандай жайбарақат жүрісіне өзі де таңданды. Мектеппен мәңгілікке қоштасып, кетіп бара жатқаны осы кезде ғана шындап ойына келді. "Ойпыр-ау, мұным не менің? Қимастық сезім менде шынымен жоқ па?" деп ойлады. Артына еріксіз бұрылып қарады. Мұны қимай жоқтайын деп мектеп жоқ секілді. Бәрібір. Шыға берістегі аула-дәліздің екі қапталында өсіп тұрған жап-жасыл келіншекталдардың баяу ғана самал желмен тербелгені болмаса, қимылы бар басқа зат немесе тіршілік иесі байқалмайды.
"Мен де қызықпын. Осындай шіліңгір шілденің тал түсінде мектепте қандай тіршілік болсын". Келіншекталға тағы да көзі түсті. Неге екенін өзі де білмейді, әйтеуір, сол келіншекталды керемет жақсы көретін. Жап-жасыл-ау, шіркін. "Әлемде дәл бұндай жап-жасыл түс жоқ" деп ойлайтын Әлішер. "Осы ағаш неге тек мектепте ғана өседі екен? Адамдар осындай келіншекталды неге өз үйлеріне отырғызбайды"? Әлішер осы келіншекталды қимайтын сияқты. "Осы ағаштың көшетін алып, үйге отырғызбасам" деп ой басына келді.
...Мектепте бірге оқыған сыныптастарының арасынан Әлішер ең соңғысы болып аттестатын алды. Әйтпесе, шілде айының алғашқы аптасы артта қалған кез. Сосын ғой, мұның мектеп ауласының алдында жалғыз состиып тұрғаны.
Үйіне қарай бет алды. Асыққан жоқ. Асығып неғылсын, үйіне барса мұны үйінің алдындағы жүгеріге жұмысқа салып қояды. Одан гөрі жол-жөнекей бір-екі достарына соғып, әңгімелесіп барғаны мақұл. "Достарына" дегенде есіне Жанболат түсті. Жан досы. Көрмегелі 20 күндей болып қалыпты. Егер, оқуға түсемін деп кетіп қалмаса үйінде болуы тиіс.
"Қызық" деді ішінен Әлішер, "оқу бітті, паспортым бар, аттестатым бар. Енді не істесем де өз еркім. Оқуға түссем де, жұмыс істесем де. Тіпті, үйленсем де. Сабаққа дайындаламын деп бас қатыру жоқ. Қандай рахат".
Ой құшағында келе жатып, Жанболаттың көшесіне қарай бұрылды. Осы кезде көз ұшынан зымырап келе жатқан жеңіл көлік көшені шаңға бөгіп, заулап келді де, мұның жанынан өте бере дөңгелегімен жолды сырып барып кілт тоқтады. Ішінен атып түскен көршісі Әзірет мұнымен амандасып та жатпады.
-Әлішер, тез жетші үйіңе! Не болғанын барған соң естисің!
Басқа ештеме айтпады. Әлішердің жүрегі зу ете қалды.
-Оу, тыныштық па?-деп жалма-жан Әзіретке сұрақ қойды. Әзірет машинасына мінді де, есігінен басын шығарып,
-Бар үйіне, барған соң естисің,-деп машинасымен орталыққа қарай құйғыта жөнелді.
Әлішер дереу жасы сексенге таяған әжесін еске алды. Қылтың-сылтыңы көп әжесі "Аллаға шүкір, мен өлсем жылайтын жұрағаттарым бар" деп жиі айтатын. Әлішердің жаны қалмайтын. "Әже-ау, оныңыз не? Сіз әлі жүз жасайсыз" дейтін. Дерін десе де күндердің күнінде бәрібір, әжесінің бұларды тастап, тірі адамдардың ешқайсысы да барып көрмеген мекенге аттанатыны есіне түсіп, көңіл күйі түсіп кететін. Одан әрі ойлауға да қорқатын.
Дереу, үйіне қарай бет алды. Бағана бұл аттестат алуға кетерде сап-сау тұғын. Алайда, ажал қай кезде адаммен ақылдасып тірлік істеп еді? Әжесін жаманшылыққа қимады.
Бұл әжесінің бауырында өскен. Соғыс майданындағы қаңғыған оқтың бірі мұның атасына бата тиіп, жалмап кеткен. Ал, әжесі қайтып тұрмыс құруды ойлаған да емес. Соғыс басталған жылы дүниеге әкелген жалғыз ұлын өсіріп-жетілдіру жолында тынымсыз еңбек етіп, перзентін елден кем қылмай өсірді.
Кем қылмай өсіру бар да, қызығын көру бар ғой. Сол жалғыз ұлының бір басы екеу болғанда да жүрегі жарыла қуанып, кейбір азаматы бар әйелдердің өзі өткере алмайтын дүбірлі той жасап, арқа-жарқа болған. Алайда, тұңғыш та соңғы келіні ұзақ уақытқа дейін бала көтермей, соны уайымдап, әжесі байғұс талай түнді ұйқысыз өткізді.
Әжесі мектепте еден жуушы болып жүргенде бағанағы келіншекталды өз қолымен қондырған сенбілікшілердің бірі. Өзімен жақсы сөйлесетін, сырласатын бір әйел бір күні бұған,
-Сәлимаш-ау, мына келіншекталдың жапырағын қайнатып, келініңе ішкізші, бәлкім, пайдасы тиер,-деп айтқан-ды. "Жалғыз келінің бала көтереді" десе Меккеге жаяу барып келіп келуге даяр Сәлима шынымен де, келіншекталдың жіп-жіңішке, сүп-сүйкімді жапырақтарын қайнатып, одан шыққан жап-жасыл, қышқыл, ып-ыстық суды келініне ішкізген.
Одан пайда болған жоқ, алайда, арада бір жарым жыл өткеннен соң осы Әлішер дүниеге келді. Әлішер Сәлиманың атасының аты болатын.
Әлішер болса келіншекталды не үшін жақсы көретінін білмейді.
Үйіне жылдамдата басып, асығып келе жатқан Әлішер жол бой әжесін ойлаумен болды. Бұрын-соңды мұның үйінде өлім деген нәрсе болған емес. Балалық шағы қамсыз өтті. Әжесі шынымен қисайып қалса тоқтамай бір ай жылайтын шығармын деп ойлайтын. Әлішер қара терге түсті. Әжесінің жанында отырмай мектепке кетіп қалғанына өкінді. "Соңғы сөзін естіп, бақұлдасқанымда ғой". Кемсеңдеп, жылауға шақ қалды. " Мені іздеді ме екен а?".
Үйінің төбесі көрінді. Орталықта тұратын жамағайының машинасы бұлардың үйінің қақпасының алдында айнасы күнге шағылысып тұр екен. Жанында тағы да бір машина тұр. "Бітті бәрі" деді ішінен. Әжесін ойлап ішінің әлем-жәлемі шықты. "Әлішерімнің бір басын екеу қылып, содан туған туған шөберемді көрсем болды, Аллаға мың мәрте шүкіршілік айтып, армансыз өлер едім" деп оқта-текте айтып отыратын. Осы есіне түсіп еді, "Әжееееее" деп айғайлап жылауға сәл қалды...
Көшеден өтіп бара жатқан адамға әуелі бұлардың мал қорасы көрінетін. Әлішер мал қорасы жағында төрт-бес еркектің бір ірі қараны жайратып, сойып жатқанын көзі шалды. Өлік шығатын үйде әрине, мал сойылады.
Бұл қақпадан ішке кіре берді.
-Әлішер-ау, қайда жүрсің? Ана малыңкөбеймегір Жасұзақ ана сарыала тананы шауып тастапты. Арам өлтірмей сойып алып жатырмыз. Бар, әкеңе жәрдем бер,-деген анасының даусын естіді. Әлішердің көзі үй алдындағы шынардай болып өскен өрік ағашының саясында шәй ішіп отырған әжесіне түсті.
-Әжеееееее!!!!-деп жүгіріп барып әжесін бас салып құшақтады.
Мал жайратып жатқандар шошынып, өріктің астына жалт қарады...