Сіздер ең бақытты жанұялар қатарынан едіңіздер ғой. Не себепті бұлай болды? Жиырма жылдан бері оразаңызды бұзбай келесіз, иманжүзіңіз нұр шашып тұрушы еді. Тұлымшағы желбіреген төрт қызды бірінен соң бірін дүниеге әкеліп, жұмақтан орын дайындап жүр ғой деуші ем... Сұлу да сымбатты келіншегіңіз бар, ақылсыз да емес. Сізге не жетпеді? Әлі күнге бір ұл балаларыңыздың болмауы келіншегіңіздің кінәсі емес қой. Үміттеріңіз үзілмесе, әлі-ақ бола жатар, бастарыңыз жас. Құдайдың бермегенін тартып ала алмайсыз.
Төрт қызыңыз және Құдай қосқан қосағыңызбен төрт көзіңіз түгел отырған шақта, әлі бой жете қоймаса да ес жиып үлгерген үлкен қызыңыз:
– Әке, мен сіздің телефоныңыздан байқамай басқа әйелге жазған хабарламаларыңызды оқып қойдым. Сізден мұндайды күтпеп едім,- деп тамағын кернеген ызаға булығып, ары қарай көз жасын көлдетуге ғана дәрмені жеткенде сіз қандай сезімде болдыңыз екен?! Қандай шайтан тайдырды сізді тура жолыңыздан? Өз біліміңізбен біраз биікті бағындырып, қызметіңіз жоғарылағаннан бері көпшіліктің аузынан түспейтін болдыңыз. Екі көзі мен екі қолы телефоннан босамай, әлемнің өсектерін өзеуреп отыратын еріккен әйелдердің ерні ерніне тимей әңгімелейтін ермегіне айналып кетпегейсіз. Түйіршік тастардан там-тұмдап жинаған таудай абыройыңыз бір күнде зілзалаға ұшырап, тас-талқаны шықпаса екен.
Қыздарыңыз ертең-ақ бой жетіп шыға келеді. Сіз осы бағытыңыздан бұрылмайтын болсаңыз, шиіттей сәбилеріңіздің ой-санасын, психологиясын күл-парша ететініңізді бір сәт елестетіп көріңізші. Әкесінің теріс қылығын көріп өскен қыз – барша еркек сондай екеніне шәк келтіре алмай, ешқашан тұрмыс құруды қаламай өтетінін ескергейсіз. Болмашы бояуға, жалған жылтырға құр қызығам деп ғұмырыңыздың соңына дейін кәрі қыздарды бағып отырғыңыз келмейтін болар... Әлі де кеш емес, қыздарыңыздың қызығы үшін келіншегіңіз сізді бір жолға кешеді. Бір жолға ғана... Тек енді шалыс баспас болсаңыз...