Қазақта «қызды жат жұрттық» деп жиі айтып жатады. Ата-анасының аялы ұясынан аттанғаннан соң қыз балалардың тегін ауыстырғаны дұрыс па? Сіз қалай ойлайсыз?
Светлана Аяғанова, зейнеткер.
- Негізі жолдасының тегіне өту дұрыс емес. Кезінде, біз тұрмысқа шыққан кездері жолдасының тегін алу сән еді. Мен өзім жодасымның тегіне өттім де, артынан өкінген де кездерім болды. Неге десеңіз, үлкен атаның атын қалай атаймын деп қиналдым. Басында бірнеше жыл бойы тегімді сұраған кезде ұялып айта алмаған да кездерім болды. Қазір үйдегі атаңмен тегімді тартып алғаны үшін ұрсысып та аламын. Тұрмысқа шықпаған кездегі фамилиям өзіме ұнайтын еді.
Нұрмұхамед Бейсеубаев, мұғалім.
- Қазіргі заманда текті ауыстырған мүлдем тиімсіз. Қаншама құжатты ауыстыру керек. Ол үшін кем дегенде бірнеше ай жүгіруге тура келеді. Текті ауыстыру уақыт пен ақшаның жұты десек те болады. Дәл осы себептермен менің жұбайым тегімді алмаған болатын.
Елдос Тоқтарбай, журналист.
- Жалпы менің ойымша қазақ тарихын қарап отырсаңыз келіндердің қайын атасының тегіне жазылу бұл – заңдылық. Неге дсеңіз, бұл қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетінде, рулық этникасында бар дүние. Осы салттан қазіргі таңда қол жазып қалғандаймыз. Осыны жаңғырту керек. Мысалы, қазіргі кезде балаларға арнап жазып, ырымдары мен тиымдарды зерделеп жүрген Ділдә Матайқызы Тасмағанбет келіні (Иманғали ағмыздың анасы) деп жазады. Меніңше осының өзі біраз дүниені аңғартатын секілді. Қыз баланың кімнің үйіне келін болып түскендігін білу үшін де қажет. Жалпы мен келіннің қайын атасының тегіне өткенін құптаймын. Бүгінгі ұрпақ өзінің өткені мен кеткенін білген дұрыс және біз жастар осы дәстүрді халықтың санасына қайта жаңғыртуымыз керек.
Ғалия Мойтапова,
Алакөл ауданының тұрғыны.
- Мен жолдасымды сүйгендіктен оның тегін алған едім. Менің ойымша әр қыз бала тұрмысқа шыққаннан кейін жолдасының тегін алуға міндетті. Қазақта «Қыз жат жұрттық», «Қыз қонақ», «Қыздың көрі де, төрі де бөлек» деп бекер айтпаған ғой. Осы сөздердің өзінде біраз ұғым жатқаны анық. Сондықтан да келіннің қайын атасының тегін алғаны өте орынды.
Жадыра Аққайыр, Студент.
- Келіннің қайын жұртының тегіне көшуін аса құптамаймын. Десе де, ол әркімнің өз еркі. Бәлкім, біреуге ол "жанұяға" беріліп, махаббатының беріктігін көрсету тәсілі шығар. Менің өз пікірім - өз тегіңде қалу. Біріншіден, көп жүгірмейсің. Себебі, құжат ауыстыру оңай шаруа емес. Екіншіден, өзің үйреніп қалған тектен бас тарта салу да оңай емес. Кәсіби жағынан қарайтын болсақ, ел алдында өз тегіңмен танылып қалып, басқа текке көшсең, халықтың құлағының үйренуіне де көп уақыт керек. Бірақ, жоғарыда атап өткенімдей, ол - әр адамның жеке таңдауы.
Мейіржан Жылқыбай, бағдарламашы.
- Менің ойымша дұрыс емес. Тегін ауыстырғандық басқа жақтан енген секілді. Ол бізге жат дүние. Онсыз да барын беретін әйел байғұсты тегіңді бер деп қинаудың еш қажеті жоқ. Бермесе бермей ақ қойсын.