«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» па?

Келіндер, бетіңізді кім ашқаны, оның не айтқаны, түрі есіңізде бар ма? Ол сізге қалай ыстық болады? Қазіргі асабалар «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегенді жақсы ұстанып, қазақтың мақалдары мен өлеңдерін мағынасына бойламай жатып, оңды-солды «шашып тұрып» қолдана беретін болды. Бұл негізі «ҚЫЗдың бетін кім ашса, сол ыстық» деген қазақтың жап-жақсы мәтелі еді, бетіңді бүркеген орамалды емес, абыройыңды сақтаған «пердені» алғаш ашқан адамның саған өмір бақи ыстық болатынын ұқтыру мақсатында қаракөз қыздарымызға кім көрінгенге етегіңді түрме деп ғибрат қылғаны еді...

Ендігі әңгіме осы бұрмаланған мәтелді сәт сайын қолданатын «Беташар» рәсімі жайында. Мен туып-өскен Маңғыстауда келін үйге келіп түскеннен ертесіне түске дейінгі мезгілде дереу келіннің «Беташар» рәсімін жасайтын. Оған дейін келінді шымылдықтың артына жасырып, тек жастар жағы, жеңгелері мен қайын сіңлілілері ғана көреді, басқаларына түрін көру арман, беташардан соң ғана көре алады. Кешкіге қалдырмай, күндіз ауылдың үлкендерін, туған-туысты шақырып, келіннің бетін ашып, қолынан шай ішеді.

Туфли киген келіннің ептілігі осы сәттен бастап сынға түседі, беташар аяқталғанша келін жаңа сойылған малдың терісінің үстінде тайып кетпей, сырғанамай иіліп сәлем салып тұруы керек. Ал оның бетіне жабылатын орамалы ақ түсті, ішінен түк көрінбейтін болады да, оған тағы бірнеше мата жалғанып, білезік, жүзік секілді әжелерге қымбат бұйымдар байланады. Беташар аяқталған соң «бізге де келін түсіру жұғысты болсын» деген ниетпен байланған маталар мен білезіктерді бөлісіп алады. Сонда кей тойда осы білезік, жүзіктерге таласып қалған әжелерді көріп біз таңғалушы едік. Басқа жақтың беташарларында таңданатын нәрсе одан да көп екен.

Әуені: домбыра VS клубняк
Беташар – қазақы салт, вечердің жын-ойнағы емес. Ол домбырамен күмбірлетіп тұрып ойналады. Ал қазір ше? Қызық қыламыз деп, бұзық қылып, оны та-та та-та та-та-тай деп тақпақтатып айтып шығады, келінді билетейін деп жатқан сияқты.

Мағынасы: өнеге VS мадақтама
Беташардың ең негізгі мақсаты жас келінге өнеге боларлық сөз айтылып, жақын-жуықты қалай құрметтеуді насихат ету.

Өнегелі келін боп
Тарихта мәңгі қалыңыз
Абай менен Шоқандай
Ақылды ұлды табыңыз.

Аузы-мұрның сүйреңдеп,
Өсек айтпа, келіншек!
Қайын ағаңның алдынан
Кесіп өтпе, келіншек!

Тап-тұйнақтай тазала,
Қоқсымасын қоқысың,
Отауының орны сол:
Тәрбие-тәлім еліңе
Болсын, отау отырсын.

Осы секілді мағынасы бар беташар жырын кім естіді? Өзім естімегеніме біраз болды. Қазір еститінің сәлем салғызатын адамдардарды мадақтау ғана, ата-енең, қайын ағаңды бір мақтайды, ананы бір, мынаны бір мақтайды, ақшасын алып, қалтасын қақтайды, бітті, сонымен беташар тәмам.

Мақсаты: тәрбие VS ақша

Ертеде келін беташарда сәлем салғаны үшін көпшілік оған сый-сыяпат әзірлейтін болған. Ал қазір асабаға не той иесіне ақша жинау мақсатында ғана беташар жасайтын сияқты. Әр адамның атын атап, барлығы ақшасын тастамайынша келесі жырын бастамайтындарды да көріп жүрміз.

Уақыты: күндіз VS кеш

Ата-бабамыздың салт-дәстүрі бойынша ұзатылған қызды кешке қалдырмай үйден шығарып жіберген, сол секілді келіннің де бетін түскі мезгілде ашатын болған. Ал қазір кешке той басталар сәтте ғана бет ашады. Тағы да сол тойға жиналған көпшіліктен көп ақша түссін деген пиғыл...

Көп аймақта қыздың тойына ата-анасы да келеді. (Маңғыстауда тек құдашалар барады). Құдаларды (қыздың төркінін) бірінші той төріне жайғастырып, одан соң сол ата-анасының алдында беташар жасап, сәлем салғызып қояды. Осы енді дұрыс па?



Бөлісу: