Келіндер бәйгесінен аман қалу мүмкін бе?

Келіндер бәйгесінен аман қалу мүмкін бе?
жеке
блог

14 наурыз күні "Мирас" салтанат сарайында 31 арна ұйымдастыруымен "Келіндер бәйгесі" атты жаңа шоуының тұсаукесері өтті. 

Бұл жиналысқа БАҚ өкілдері мен жас жұлдыздар қатысты. Әдеткі пресс-конференциядан мүлде өзгеше ұйымдастырылған бұл тұсаукесер әр қонақтың есінде әлі біраз уақыт болары сөзсіз. Неге десеңіз, "Мирас" салтанат сарайының әсемдігі, той "форматында" безендірілген бөлме және нағыз беташар! Қалыңдықтың рөлінде Кәмиля Асылова атты жас сәнбике болса, күйеужігітті теледидар бетінде жарқырап жүрген Тәуекел Мүсілім сомдап шықты. "Жас жұбайлар" қошеметпен бөлмеге кіріп, беташар рәсімі өтті. Келінді екі жағынан жеңгелері қолтықтап, келген қонақ пен "қайын жұртқа" сәлемді де берді.

Осылайша, күлкімен басталған кеш күлкімен аяқталды. Бірнеше сағат бойы қонақтардың көтеріңкі көңіл-күйін бір қалыпта "ұстап" тұрған спикерлер мен асабаның еңбегі зор. Оның үстіне 31 арна келген қонақтың барлығына аты шулы "селфи таяғы" - моноподты "тойбастар" ретінде сыйлап, қуантты.

"Келіндер бәйгесінің" мақсаты - той алдындағы, барысындағы қобалжумен астасқан биік дәрежеге ұмтылған дайындықты көрсетіп, қалыңдықтардың өзін қалай ұстап, жұрт көзіне қалай көрінетінін бейнелеп, көрсету. Расында, шоу еш сценарий, скриптсіз өтпек. Демек, экраннан көретін жағдаяттың барлығы - шындық. Қамшы да, ат басы да бұл шоуда келіндердің қолына беріледі.

Спикер ретінде келіп отырған 31 арнаның бас директоры Бағдат Қоджахметов пен жобаның атқарушы продюсері Әсел Тоянова халық сөзін сөйлейтін БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, бұл "бәйгенің" тәрбиелік мәні зор екенін айтты. Қызғаншақтық, көре алмаушылық, өзгенің жеңілісін өзінің жеңісінен көбірек ойлау, менмендік пен оларға кереғар мейірбандық, кеңпейілдік пен адалдық сынды қасиеттердің бәйгесін көрсетпек екенін астарлап жеткізді.

"Келіндер бәйгесі" апта сайын өтеді. Шоуға төрт келін қатысады. Әр аптада бір қалыңдықтың тойы тойланып, қалған үш ару қонақ ретінде келіп, тойдың безендірілуі, бағдарлама, мәзір және қалыңдық образына баға беріп, талқылайды.

Асаба БАҚ өкілдерімен талқы аяқталғаннан кейін "қалыңдықтың" қолындағы гүл шоғын лақтырып, қағып алған бойжеткеннің Тәуекелмен өзі таңдаған мейрамханаға барып, кешкі ас ішетінін жариялады. Кешкі астың шотын 31 арна төлеуге дайын.

"Беташардың" спикері ретінде отырған Тәуекел Мүсілім бұл рөлге қалай "кіріп" кеткенін өзі аңдамай қалғанын айтады: "Продюсерім Жанна маған костюміңді ки де, пәленше деген жерге бар" деп айтты, келсем осындай жаңалықтар күтіп тұр екен, бірақ мен қарсы емеспін, керісінше журналист, блогерлермен әңгімелесіп, біраз сұрақтарыма жауап ала алатыныма ризамын. Ал өзіме келгенде, әзірше бір-екі жылда үйленбеймін, бұйырса жер үй салып барып, үйленбекшімін, әрі ес-түссіз ғашық болатындай қызым да жоқ" деп көңілін білдірді.

Бұл кездесуге келген Меломен тобының мүшесі Ролан "Келіндер бәйгесі" жайында: "Той - жақсылық, той - қазына. Тамаша жоба. Мұның астарлы мәні келіндергі бәйгелетіп қою емес, той үшін ысырапшылдыққа бармай, кеңпейілмен, берекелі түрде өткізу керектігін көрсететін жоба деп түсіндік. Сәттілік тілейміз!" деп тілегімен бөлісті.

Құрметті оқырман, жаңа "Келіндер бәйгесі" шоуын 28 наурыз күні сағат 23.00-де 31 арнадан тамашалаңыз!

Сіз бұл шоудан қандай әсер, пайда күтесіз? Өзіндің жорамалыңыз қалыптасты ма?