31 арнада азды-көпті жұмыс істеп, ірі компаниядағы, ТВ-дағы қызмет секілді маңызды мәселелерге қатысты үлкен тәжірибе арқалап шыққаным бар. Білетінім, отандық ТВ-контент жасау, дамыту - 31 арнаның баса назар аударатын бағыты. Мен болған бірнеше айдың ішінде "Нархоз" түсірілді, "Дом-Весы" дайындалды, мәселен. Арнаның бас директоры Бағдат Қожахметовтың сөйлеген сөзі мен берген сұхбаттарынан осыны аңғаруға болады.
Жә, жыныңызға тимей, негізгі айтпағыма көшейін. Өткенде "Мирас" салтанат сарайында 31 арнаның кезекті төл өнімі - "Келіндер бәйгесі" жобасы таныстырылды.
Кейбір қыздарға өре түрегеліп, қаралы хабар жеткіздің деп мені жазғыра кетуге негіз жоқ, себебі суреттен сіздер танып отырған Тәуекел Мүсілім жәй ғана "Келіндер бәйгесі" реалити-шоуы форматында өткен баспасөз мәслихатына қатысқан болатын. Ерекше рөлде, әрине, бірақ сонда да болса...
Жоба не туралы: Төрт бойжеткен үздік қалыңдық атану үшін бір-бірімен күресіп, түрлі сынақтан өтеді.
Қатысушылар не істейді: Төрт қалыңдық бір-бірінің тойына барып, сынап, қарап, зерттеп, кім келді, қандай әртістер шақырылды, қандай тамақ ұсынылды, залдың безендірілуі қандай болды деген секілді "дерек жинайды".
"Келіндер бәйгесі" қашан басталады: 2016 ж. 28 наурызында (дүйсенбі) кешкі сағат 23:00-де.
Қандай пайдасы бар: Үйленемін, күйеуге шығамын деп жүрсеңіз жоба сізге пайдалы болмақ. Ал тойға тікелей ақша шығаратын жандар қатарынан болсаңыз (ата-ана, аға-әпке деген сияқты), онда тіпті де көрмек керек. Қанша ақша жұмсаймын, дастарханға не керек деген сияқты масштабты сұрақтан бастап, қалыңдықтың шашына тағатын әшекейіне дейін (негізі ең басты мәселе осы ма деймін) қамтитын дүниелер туралы біле аласыз.
Арнаның атқарушы продюсері болып отырған Әсел Тоянова менің тікелей басшым болды. Жауапты, еңбекқор шығармашылық адам ретінде танимын. Сондықтан жаңа жобаның эфирді "жаратынына", көрермендерге ұнайтынына сенемін.