«Бәріміз келіннің «аяғымен» дүниеге ендік. Сонда келін деген кім? Келін деген келген кісі. Қазақ солай бола тұра келінді қонақ демейді. Керісінше, қыз баланы қонақ деу дәстүрі қалыптасқан. Келін қонақ емес, ол отбасыңызға енген бақ, береке. Келін дүниеге ұрпақ әкелуші, демек, ол отбасының ырысы мен өрісі. Бұл деген керемет мағына. «Қыз өссе елдің көркі», деген мәтел осындай мәнге орай айтылса керек. Келін тастай батып, судай сіңу ниетінде бөгде үйдің есігін ашқалы отыр, онысы ерлік…» деп «Егемен Қазақстан» газетіне философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла ЕСІМ ағайдың «келін» ұғымына жазған әдемі мақаласынан үзінді келтіріп отырмын. Енді ол ұғым туралы өзімнің ойымды білдірсем...
Келін болу – барған үйіңнің тірлігін атқарып, отымен кіріп, күлімен шығу, тамағын жасап, кіріп жуу, қонағын күтіп, кеш жатып, ерте тұру... Иә, тағысын тағы осы сынды бітпейтін тірліктер шығар. Дегенмен, менің ойымша, келін болу дегеннің негізгі мақсаты ол – сол барған үйіңнің ұрпағын дүниеге әкелу, үрім-бұтағын көбейту, жақсы келін, жақсы жар, жақсы ана болу. Ал, жоғарыда аталған бітпейтін тірліктер сол үйге келін келмей тұрып та атқарылған, өз уақытында істеліп тұрған жұмыстар. Келінді болды – ененің қолы ұзарды деп жатады. Иә, әрине, келін үй тірлігіне, енесіне, қайын сіңлі, қайны әпкелеріне жәрдемдесіп, сол үйдің тірлігін кешіп, бірге етене араласып кетері онсыз да айқын нәрсе. Дегенмен, келінді қазан-ошақтың маңынан шықпай, тек үй тірлігін істей беретін, шаршамайтын роботтай көру, меніңше, қателік. Оның тұрмысқа шықпай тұрып та өзіндік қызығушылықтары, хоббиі болған. Әлі сонымен айналысқысы келетін шығар. Ол да адам. Ол да туыстарына, достарына қыдырып, не болмаса кітап оқып, тоқымасын тоқып, қызығушылықтарымен айналысқысы келетін шығар? Ол әлдекім айтпақшы, «құлдыққа» келмеген шығар? Қыз бала «бақытты болам деп емес, барған жерімді бақытты қыламын» деп барады дегенді көп естідім. Демек, қанша жерден қыз бала «уақыты келді, отырып қалдым» деп неше жаста тұрмысқа шықса да, түпкі ойы – сол, яғни, барған жерін бақытты қылуға талпыну. Егер адам шын қаласа, ниет етсе, сөзсіз ол тілегіне де жетеді...
Және бір таң қалатыным. Егер де келін әлдебір істі білмей жатса, әлдебір тамақты жасай алмай жатса, оған басқаша көзбен қарап, сол білместігін үлкен қателік деп ойлайтындарға таң қаламын. Білмегенін үйренеді, білетінін үйретеді. Ешкім де тұрмысқа шықпай тұрып, келін мектебін оқымайды ғой. Анасының үйреткенін, өздігінен үйренгенін ғана істеп біледі. Білмегенін енді үйренетін болады. Оған бола оны сөгіп, бір білместігіне бола жаманатты қылу қателік емес пе? Қыз бала онсыз да қолынан келгенін аянбасы, білмегенін үйренуге талпынары анық.
Қыз баласына да көзін тырнап ашқалы көріп жүрген әке-шешесін, бауырларын, туыстарын, достарын қиып, өмірі-ғұмыры көрмеген, білмеген, тек тұрмысқа шыққан жолдасын ғана танитын, өзіндік ерекшілігі, өзіндік салты, ережесі бар бөгде ортаға «топ ете» түсу оңай ма екен? Қанша жерден «тұрмысқа шығамын» деген қуаныш сезімі болса да, жүрек түбінде сонша жылғы көз қуаныштары мен жанына жақын адамдарын қиып кету тым қиын-ақ. Қыз орнында болмаған соң оны жігіт адам түсіне де бермейді. Тіпті келінді болған үй бұған дейін қыз ұзатып көрмеген болса, ол үйдің адамдары да оны түсінбейді. Сонша уақыт мәпелеп өсіріп, оқытып, тоқытып, баққан көз қарашығын өзге ұяға шығарып салу, ұзату қайсы әкеге, анаға, бауырға болсын ауыр тиері анық. Сондықтан да келінді болған үй біреудің мөлдір қарашығын аманат қылып алдық деп, өз баласындай көрсе, сонда бәрі де орынды болады деп ойлаймын...
Аллаға шүкір, барған жерім өзімнің екінші үйімдей. Бірден үйренісіп, сол үйдің қызындай болып кеттім. Келін деп бөліп, жұмысты үйіп тастап, не болмаса адамдар өздері ойлап тауып алған болмайтын «келіндік міндеттер тізімі» де жоқ. Аллаға сансыз мадақ айтамын. Әкемнің, бауырларымның, ұзатылғанымды көрмей кеткен анамның, дос, туыстардың тілегінен болса керек барған үйім – нағыз өзім қалаған құтты мекендей. Ол жер - ин ша Алла, бағым. Иә, кішкентай ғана саялы бағым. Алла қаласа, ата-енемнің, жолдасым екеуміздің тәп-тәтті, жұпар иісті жемістеріміз өсетін кішкентай ғана бағымыз...кішкентай ғана мемлекетіміз...
Барлық Көркем есімдер иесі Аллаға шүкір!
Н.ғ.: ...көп айтылатын тілектің бірі - "барған жеріңе балдай/тастай батып, судай сің". Барған жерге балдай батып, судай сіңу үшін де барған жердің сені балдай, судай етіп қабылдайтын ниеттері болуы керек...