Кедей болсаң-кінə өзіңнен

Кедей болсаң-кінə өзіңнен
жеке
блог
Қай кітаптың, қай ертегінің, қай фильмнің желісіне көз салсақ та, жағымсыз кейіпкерге - байды, ал жақсылықтың жаршысы етіп кедейді көрсетеді. Осы бір дұрыс емес ой көп адамның санасына байлар жаман, кедейлер байғұс деген түсінік қалыптастырып берген. Жағдайы төмен жандар "Осылай туылған екенмін, тағдыр маған осындай өмірді бұйыртыпты" деп сен тимесең мен тименің күйін кешіп отыра беруге еті үйренген.
Ал өмірге бір сəтке реалистік көзқараспен қарап көрдіңіз бе? Кез келген бай өз басынан "баю процесін" өткерген. Демек, кез келген бай кезінде кедей болған. Өзі тікелей кедейлік зардабын шекпесе де, əкелері, аталары тіпті болмаса арғы аталары жоқшылық көрген. Олардың қазіргі еш уайымсыз, молшылықтағы өмірінің артында үлкен табандылық, өз күшіне деген сенім ,қажырлы еңбек, қайнаған намыс пен адал арман жатыр. Ал еңбектенбеген, бір күндік астан артық ешнəрсені уайымдамайтын, арманы материалдық дүниелерден ары аспайтын, өзінің төменгі тап болғанына намыстанбайтын адамдар , əрине өзінен байларды жамандап, қоғамды кінəлап, өмірге өкпесін айтып, тағдырға нали береді. Демек, алдына мақсат қойып, оған жететін жоспар жасамай, саусағының ұшын қимылдатуға ерінетін адамның тапқан табысы күнкөрістен артылмайтыны анық. Сондықтан да жəбірленуші, жапа шегуші, өмірдің қиындығын көруші деген рөлден шығып, алдыңызға бір сəтке  мақсат қойып, арманыңызға сеніп , биікке ұмтылып көріңіздерші. Қазақтың  "қарапайым" деген сөздің артына тығылып, қара байыр күн көргені менің жаныма батады, намысымды қайнатады. "Жарлы болған жігіттен есіктегі ит артық " деген халқымыздың даналығын есте сақтағайсыздар. Бір сəтке байлар жаман деген ойыңыздан аттап, сол деңгейге жетуге тырысып көріңіздерші. Себебі қандай өмірге лайық екеніңді өзің шешесің. Тек дұрыс армандап, дұрыс мақсат қойып, соған жету үшін талмай еңбек етсеңіз болғаны. Бұл сөздермен кейбір адамның пікіріне, өмірлік принциптеріне қарсы шығармын. Бірақ қазағымның əрбір ұрпағы молшылықта уайым қайғысыз ғұмыр кешсе, мен үшін зор мақтаныш. Осы сөздерді оқыған адамдардың ішіндегі бір адам болсын өмірге деген көзқарасын өзгертіп, арманына қарай нық қадам басса мен үшін одан асқан жетістік жоқ. Назар қойып оқығандарыңызға рахмет!