Қазыналы білім ордасы

Қазыналы білім ордасы
жеке
блог

        «Мына жарық дүниеде маңызды екі таңдауда қателеспеу керек» деп осы сөзді ата-әжелеріміз бала кезден бері құлағымызға құйып келеді. Оқығанға жай бір ақыл секілді естілетін бұл сөздің мына жалғанда өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қазіргі заманда өз қалаған мамандығында қызмет істеп жүргендердің саны айтарлықтай аз. Оның себебін сұрасақ, біреулер сол мамандықтарға жалақы аз десе, екіншілері мүмкіндіктің жоғынан деп отыр. Жалпы қарастырғанда бұл мәселенің себебі өте көп. Жастарымыздың мамандық таңдауда қателесуі тікелей мектепке байланысты деп пайымдаймын. Себебі, 11 жыл мектеп қабырғасында өскен баланың мамандық таңдай алмай, басын сипап отырғаны нағыз ақымақтық. Бұл өткен 11жылдың сапасыз, бос өткендегінің бейнесі.

         Мамандық – ол сенің болашақ өмірлік құралың. Бұл құрал – сенің келешек табыс көзің, яғни отбасыңның күнкөріс көзі. Мамандықты дұрыс таңдай отырып, елдің болашағын көркейтуге, заманның едәуір даму процесіне ілігуге үлкен мүмкіндік туады. Ал, бұл қабілеттерді, әрине, біз жоғарғы оқу орнында оқып үйреніміз. Мамандығымыздың нағыз діңгегі ол мектеп қабырғасында қаланса, жоғарғы оқу орнында ол әрі қарай шарықтай түспек. Яғни, тек білім нәрімен қандырып қана қоймай, ол баланың жеке қызығушылықтарына, толғаныстарына, шығармашылық бейіміне жол ашады. Мамандықты кәсіби тұрғыда таныстырып, студентті нағыз маман ретінде қарастыру негізгі міндеттерінің бірі. Оқып жатқан студенттерге тек маман ретінде ғана қарамай, оған дұрыс бағыт беріп, елінің азаматы, жерінің жанашыры, шығармашылық дарынды тұлға ретінде қарап, келешегіміздің жұлдызы ретінде тану қажет. Мұндай жанашыр тұлғаларымыздың жанып, асқақтауы, кәсіби тұрғыда үйреткен жетекші мамандардың еңбегі деп білемін.

         Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде, баспа ісі мамандығының 2 - курсында оқимын. Бұл мамандықты таңдамас бұрын мың толғанып, мың ойланып үлкен қиындықтар туды. Енді міне қазақ елінің жанашыры, халқымның жанында болуды ұйғарып осындай бір шешімге келген едім. Мамандығыма сай оқу орнын таңдау мен үшін қиынға соқпады. Қарастырған әр түрлі университеттердің ішінен ешбірі ҚазҰУ-ға тең келмеді. Қай саласында болсын мен үшін алғашқы орындарда тұрды. Қаншама жыл тарихы бұл университеттің алатын орны мен үшін ерекше.

         Әлемге төнген мына бір қауіпті пандемия бәрімізге залалын тигізгені әбден анық. Университетке түскенімізге қуанғанымен, алғашқы оқу жылымызды онлайн форматта өткізетініміз ішімізді күйдірді. Асық арман қуған қаншама студент өзінің ҚазҰҰ-ға деген сол кездегі ыстық сезімін жеткізе алмас. Онлайн формат деп 1 жылымыздың қалай өткенінде білмей қалдық. ҚазҰҰ-ға барам деген ыстық леп сол күйінде қайнап жатты. Алайда, осы жылы танысқан группалас дос-таныстарымды көріп біраз шер тарқаттым. Университетіміздің ішін бір аралап сағынышымызды бір басқанымыз бізге тамаша көңіл-күй сыйлады.

        Қазіргі таңда білім алып жатқан мамандығым – баспа ісі. Мамандықты оқу барысында қазіргі баспа ісінің үдерісін қамтып, редакциялау мен стилистиканы меңгеріп, баспаның стандартты түрлерін жіктеуді үйреніп жатырмыз. Өтіп жатқан сабақтардың ішінен өзіме қатты ұнағаны ол – стилистика мен редакциялау. Күні бүгінге дейін бұл салалардан хабардар болмағаныма іштей қынжыламын. Себебі, баспадағы ең ауқымды, жауапкершілігі мол салалардың бірі екеніне көзім жеткендей. Редакциялауды өту барысында біз газет-журналға, кітапқа, әр түрлі сарындағы мақалаларға тоқталып, олардың жіберген өрескел қателіктерін тізбектеп, тауып жатырмыз. Болашақ редактор ретінде айтарым, редакциялауды жауапкершілікпен сезіне отырып, оқып жатқан мәтінге назарды толықтай аударып істеу керек. Әр жіберген қатеге аса мән беріп, дұрыс шешім қабылдауда басты талаптардың бірі. Апайымыздың берген сабағына қызыққаным соншалық, кез-келген кітаптың қатесін бірден тауып алатын қасиет пайда болды. Маған бұл, болашақта баспадан шығатын кітаптардың айна-қатесіз басылуына өз үлесімді барынша қосуыма талпыныс берді. Бұл саланы меңгеріп жатқан студенттердің келешекте сауатты редактор болуына менің үмітім зор!

        Қазақтан шыққан дарынды публицистер, жазушылар және журналистер бар. Олардың әрқайсысының жеке дара стилі, жазу мәнері бар. Осы стильдердің ара-жігін толықтай ашу, оны саралау және ойға түю стилистиканың меншігіне кіреді. Стилистиканың қырын, мәнді де сәнді тұстарын, қызығы мен шыжығын үйреніп жатқан жайымыз бар. Стильдердің түрлілігімен, сан қилы ерекшілігі тіліміздің көркемдігін көрсетеді. Және осы түрлердің әрбірінде жеке тұлғалы дарынды қаламгерлердің бар болғаны көңіл қуантады. Қазіргі уақытты осы сала бойынша журналистік зерттеу жүргізіп, әр журналистің жазу стилі мен мәнерін талдап, жарыққа шыққан мақала-еңбектерін саралап ауқымы кең дүние шығармақпыз. Міне осындай қызыққа толы пәндерді қамтып жатқан баспа ісі мамандығын таңдағаныма еш өкінбеспін!

         ҚазҰҰ-дың оқу процесі, жағдай қазіргі заманға сай, инновациялық құралдармен толықталған, студенттердің көңілінен шығатындай етіліп жасалған. Бұл жерге түскен студенттердің оқуға деген құштарлығы асып, елге қызмет қылуға деген ыстық лебізі білінетіні айдан анық. Басында айтып кеткендей, осы оқу орнының студенті ретінде университетіміз өз студенттеріне толыққанды білім алу үшін және де өсіп келе жатқан қазіргі әлемнің талаптарына сай болу үшін көптеген мүмкіндіктер береді деп үлкен сеніммен айта аламын. Сол себептен, үздік оқу орнында оқығанға не жетсін демекші, ҚазҰУ-ды таңдаңыздар!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Журналистика факультеті, баспа ісі мамандығы 2-курс

Қали Әсет Саматұлы