Қазығұрттың туристік нысандарына блогтур
жеке
блог
блог
2017 жылдың 12 ақпаны күні Қазығұрт аудандық кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен Қазығұрт ауданындағы туристік нысандарды насихаттау (пропаганда) мақсатында ақпараттық-блогтур өткен болатын. Ақпараттық-блогтурға республикаға танымал шымкенттік блогерлер, ақпарат құралдар және туристік фирма өкілдері қатысты.
Ақпараттық-блогтур Қазығұрт асуынан басталып, қатысушылармен алдын-ала келісілген «Кемеқалған» монументі-Аудандық өлкетану музейі-Ысмайыл ата архитектуралық кешені-Ысмайыл ата архитектуралық кешені маршрутымен өтті.
Қатысушылардың керемет көңіл-күйіне ауа райының бұлыңғыр бұлтты кейпі де әсер ете алмады. Қазығұрт асуында орналасқан (теңіз деңгейінен 1100м биікте) орналасқан «Кемеқалған» монументіне көтерілгенімізде суық желге тап болғанымызға қарамастан айнала көрінген пейзажға қатысушылар таңырқай қарап жатты.
Аудандық өлкетану музейінде музей директоры Оралбек Тәжиевтің өзі күтіп алып, гидтік қызмет көрсетті. Ауданның көне тарихынан бастап, түрлі тақырыптарға арналған арнайы бөлмелерін аралай жүріп, бүгінгі күнге дейінгі уақытты толық қамтыған таныстырылым қатысушыларды бей-жай қалдырмады.
Белгілі блогер Ғани Назарбекті музейдің «Ұлы Отан соғысы» залы қызықтырса, Асхат Шотаевті «өздігенен жылжитын» ақшалар жиынтығы тәнті етті.
Музей директоры блогерлерге музей ішінде фото-видео түсіруге рұқсат берілгеннен кейін, сытырлаған дыбыстар бірімен-бірі жарыса кетті. Тіпті фейсбук пен инстаграм әлеуметтік желілерінде тікелей эфирден ақпарат таратып жатты.
Түскі астан кейінгі сапар аудан орталығынан 17 шақырым қашықта орналасқан Тұрбат ауылында орналасқан Ысмайыл ата архитектуралық кешенінде жалғасты. Мұнда гид-жолбастаушы ретінде ауылдың тарихын жақсы білетін азамат Б. Сабитов архитектуралық кешеннің қақпасынан күтіп алып, таныстырылымын сол жерден бастап жіберді. Ағаштан жасалған қақпаның 1299 жылы (әрине Хижра жыл санауымен) жасалғанын естігенде Қайрат Кәрібев (#ҰлыДалаЖиһанкезі хештегімен танылған белгілі блогер) таңданысын жасыра алмай қайталап сұрап жатты.
Ақпараттық-блогтурға қатысушылар Ысмайыл ата архитектуралық кешенімен танысу барысында архитектуралық кешен және Ысмайыл ата әулетіне қатысты білген қызықты мәліметтерді тікелей әлеуметтік желілерге жариялап жатты. Жәбірейіл ата, Ысмайыл ата, Қошқар ата кесенелеріне зиярат етіп, ортағасырлық шілдехана мен мешіттің құрылысы мен ғимараттардың аккустикасына таңданыстарын білдіріп жатты. «Аser» туристік фирмасының өкілі Камила Калдыбекова өздерінің турларына осы архитектуралық кешенді қосуға қызығушылық білдірді.
Ысқақ ата архитектуралық кешеніне де гид-жолбастаушы қызметін ауыл азаматы Б. Сабитов көрсетті. Архитектуралық кешеннің ерекшеліктері, Ысқақ ата әулиенің шежірелік деректері, діни-әулиелік кереметтері туралы деректер қатысушыларды қызықтыра түсті. Әсіресе, түркі жазба әдебиетінің жауһарларының бірі Мәуләна Атаидің осында жерленгені туралы әңгімесі ерекше болды.
Ақпараттық-блогтур туралы қатысушы блогерлер керемет әсер алып, келесі ақпараттық турды «Сайрам-Өгем» табиғи ұлттық паркінің Қазығұрт ауданына қарайтын Сусіңген көлі, Мақпалкөл, Бақшелпек аумағында ұйымдастыруды ұсынды. Сәті түссе, сол ақпараттық-блогтурдан да қызықты ақпараттарды таратылатын болады деп ойлаймыз.