Шілтер Ата имандылық шырағы ғой,
Ақбура ізгіліктің бұлағы ғой,
Қазығұрт әулиелер тұрағы ғой!
Ел аузынан
«Көк тәңірі адам баласын жаратуын жаратып алып, кейін адамдардың тәубасынан жаңылып, әбден шектен шыға имансыз болып кеткенін көріп, қаһарланып, топан суын қаптатып жіберген екен.
Жаңа бір пәк дүние жасау үшін Нұх пайғамбардың кемесіне адамзат, жан-жануар, ұшқан құстан, өсімдіктен жұп-жұбымен отырғызып, таза тұқым сақтап қалмақ болған. Топан тартылып, су қайтқанда, Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауының басына қайырлапты.
Сол кеме Синай тауының басында қалған деп еврейлер айтады. Арарат тауының басында қалған деп армяндар айтады. Және олар сол Синай мен Араратты өте-мөте қадірлеп, құдайдай қасиет тұтады.
Синай мен Араратқа арналған халық туындысы бар ма, жоқ па, білмеймін.
Ал қазақтар осыдан мыңдаған жыл бұрын Қазығұртты кие тұтып, дүниенің тұтқасы тұтып:
Басында Қазығұрттың кеме қалған,
Болмаса ол әулие неге қалған?!-
деп басталатын ғажайып дастан тудырған.» Бұл сөздерді естімеген қазақ азаматы кемде-кем шығар. Осы бір аңыз сарыны қолына қалам ұстаған көптеген азаматтардың шығармаларына арқау болған. Валерий Брюсов «Қазақтың Пушкині» деп атаған Мағжан Жұмабаевтың өзі көне Тұран өңірі мен Түркістан туралы жазған өлеңінде түркі әлеміндегі атақты жерлердің бәрін тізбектей келіп, былай дейді:
Балқашты бауырына алған Тарбағатай,
Жоталы жер кіндігі-Памир, Алтай,
Қазығұрт қасиетті тау болмаса,
Топанда Нұх кемесі тоқтар қалай?
Қасиетті Қазығұрт «Қорқыт ата кітабында» да тілге тиек етіледі. Белгілі тарихшы Әбілғазының айтуынша, жырдағы Қазанбектің жақсы көретін, әрі ордасының көп тұрған жері, батырдың сиынып, ас-садақа беретін орны Қазығұрт тауы болған. Ескі аңыздар бойынша, осы тауда ерте кезде ұлы адамдар тұрған киелі үңгір болған екен. Батырлар осында «Алтын қабақ» атысқан. Ақындар домбыра, қобыз тартып, жыр шығарған, Қорқыт ата осы Қазығұрт тауына жиі келіп, Қазанбекті мақтап өлең айтқан:
Қазығұрт тауындағы үңгір тасты
Салор Қазан барып көркейтті.
Онда ата-бабасына садақа таратты.
Ит бетене оны көріп есі кетті.
Бір қазанға қырық бір аттың етін салды.
Ол қазанды сол қолымен көтереді,
Оң қолымен елге жүріп үлестіреді.
Алыптар, билер, көремісің Қазанбектің кім екенін.
Осы үзіндіде аты аталған Қазанбек-оғыздардың ең белді батыры Салор Қазан. Осы батырдың көркейткен үңгірі Қазығұртта әлі күнге дейін бар. Тіптен өте ерте заманда тарихтың атасы атанған Геродоттың өзі аса үлкен қиянкескі соғыс деп бағалаған Кир патшаның массагеттер патшасы Тұмар ханыммен шайқасы Қазығұрттың етегіндегі Келес даласында өткен. Соңынан Кир патшаның кегін алуға келген Дарий патшаның әскерін адастырып, құмға бастап апарып, қарусыз-ақ жалғыз өзі қан қақсатқан Шырақ бабамыздың ерлігі әлгі Отырар мен Түркістан маңындағы құмды далада болғаны рас. Оған куә болған-қазақ даласыныың Қызылқұмы мен Қарақұмы, Бетпақ даласы мен Мойынқұмның бірі болса керек. Өйткені Дарий патшаның Сырдан өткені анық.
Айта берсек, бұл көне Қазығұрт ежелден қаңлы тайпасының мекені болған. Ол туралы Түркия мемлекетіндегі орта ғасыр тарихшыларынан бастап, өзіміздің қазақ шежіресінің аса білгірі деп есептелетін Шәкәрімге дейін жазып кеткен. Иә, Қазығұрт тауы мен Қазығұрт өңірін әңгіме еткен тұста бұл аймақтың тарихын сонау Нұх пайғамбардың кезеңіне апарып тірейтіндіктен, сол көне дәуірден бастап, соңғы кезге дейін осы кең байтақ өлкені жайлаған, билеген, өркендеткен елдер кімдер еді дейтін сауал өзінен-өзі туындайтыны белгілі. Түбіміз бір түркіміз дегенмен де, кейіннен сол түркілер деп аталған одаққа кіретін тайпалардың да өз аттары болған. Болғанда да тарих беттеріне тайға таңба басқандай етіп бадырайып түскен атаулары бар. Рас, сол кезеңде түркі әлемін қалыптастыруда үлкен ықпал жасаған тайпаның бірі-ғұндар. Тек ғұндардың негізгі отаны-Шығыс аймақ. Қытаймен шекаралас аймақ.
Ал Қазығұрттың маңын сонау тарихи жазбаларда аты аталғаннан бері жайлап келе жатқан-негізінен қаңлылар тайпасы дейді. Осы жерде бір айта кететін жайт, жалпы Оңтүстік Қазақстан аймағын біздің заманымызда жайлау мен қыстау етіп отырған тайпалар мен рулар-қазақтың үш жүзінің үшеуіне де кіретін топтар. Қазақтардың дәл осылай орналасуы басқа облыс көлемдерінде көп кездесе бермейді. Бұл-мақтаныш.
Қазығұрт өңірі-қазақ даласының сонау көне дәуірлерінен бастап бүгінгі болмысына дейін білеу-білеу із қалдырған өлке. «Нұх пайғамбардың кемесі тауға қайырылып, содан былай жаңа өмір басталды» дейтін аңыз-болжамға бас идірген жер. Яғни, Қазығұрт тауы-жаңа өркениеттің, жаңа өмірдің, жаңа болмыстың бастауы немесе сол замандардан бері тоқтаусыз ағып жатқан өмір-өзеннің көз бұлағы. Иә, сол дәуірлерден бастап бұл өлкеге қызыға қараған жатжұрттықтардың да, өз елін қызғыштай қорғаған батыр бабалардың да ат тұяғы бұл аймақты талай шиырлаған. Ертеректе Кир патша мен Ескендір Зұлқарнайын, одан соң маңғолдар мен жоңғарлар, ал тарихи өлшеммен есептегенде, кеше ғана Қоқан, Бұқар хандықтары мен Ресей империясының озбырлары талай-талай ойран салған өлке. «Қазығұрттың төбесінің жырым-жырым болып қалғаны-сондағы жау қылышының іздері»,-дейді көне аңыздар.
Расында, Қазығұрт тауы мен оның айналасы біржола қопарып тастауға әрекет еткендердің сойқанын талай көрген. Таулар соғыста өзі жараланса, кейінгі дауірлерде айналасындағы тауларға адамдар тиісіп жатты. Сол аңыздардың бірінде былай дейді.
Бір күні Түркістан аймағының ханы қаһарына мініп: «Ана Қазығұртты біржола қопарып тастаңдар. Неге ол желке тұсындағы Алатаулардан ерекшеленіп, ілгері ұмтылып, Қаратауға қарай мойын созып тұрғанын қоймайды?»-депті. Ханның нөкерлері барлық бақсы-балгерлерді жинап, тапсырманы орындауға жарлық береді. Бірақ жиналған білімдарлардың ешқайсысы мұны орындай алмайды. Өз қауқарларының Қазығұртқа қарсы әрекет жасауға жетпейтінін айтып, ашудан жарылып кетейін деп тұрған ханның аяғына жығылады. Осы кезде мәселенің насырға шабарын сезген жеті жасар бала: «Маған рұқсат етіңіз, хан ием,» -депті. Ашу үстіндегі хан ә дегенде баланың басын шауып тастауға ниет еткенмен, ол райынан бір сәтке қайтып: «Ал сен не істей аласың?» -депті. Бала: «Бір сәтке көзіңізді жұмыңыз, сонан соң қайтып ашқаныңызда тау жоқ болады», -деп жауап беріпті. Хан баланың айтқанын орындайды. Көзін жұмып-ашса, шынында да Қазығұрт тауы көзден ғайып болып кеткен екен. «Сол жеті жасар бала –болашақ ғұлама Қожа Ахмет Иассауи», -екен дейді түркиялық әйгілі шығыстанушы ғалым Купурулзаде.
...Талай сыр Қазығұрттың басында бар,
О, мұнда алтын да бар, асыл да бар.
Шаманның шалқып жанған от алдында,
Билеген суреттері тасында бар.
Қасиетті Қазығұрт-жұрт не десе, о десін, оңтүстікте өз орны бар мекен. Оның тарихы да, шырайлы шежіресі де бәрімізге қымбат. Қадірің арта берсін, қасиетті Қазығұрт!
Сөз соңында айтарым, киелі мекен Қазығұрттың рухы сіздерді қолдай жүрсін, ағайын!
Дайындаған: Арыстан Асема, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті
Жетекшісі: Қозыбақова Ф.А. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры