Қазығұртқа сағыныш

Қазығұртқа сағыныш
жеке
блог

қазығұртҚазығұртқа сағыныш!

Бала кезде талайды күле алдадық,

Бірдеңені бүлдірмей жүре алмадық.

Ауылдың дәстүрі бар, тәртібі бар,

Үлкенге қабақ шытып, түйе алмадық.

Құрметтеп әке-шеше, аға-әпкені,

Ешқашан айтқанынан шығалмадық.

Солардың рұқсатынсыз ешбіріміз,

Сауық пен сайранды да құралмадық.

 

Қайран біздің балалық махаббат-ай,

Ғашық болған жандарды сүйе алмадық.

Қайран сол бала  кезгі достарым-ай,

Түгелдеп, бастарын бір жия алмадық.

Адалдығы айқары жолдастарым,

Ешқашанда көрмеген күмәнданып.

Қайран Келес бұл күнде «елес» болған,

Жаздыкүні құмына мың аунадық.

 

Шақырса қыздар бізді сауық-кешке,

Топырласып, ешқашан гүл алмадық.

Балалық кезеңдегі шалалық қой,

Онымыздан ешбірім ұялмадық.

Сұлу әрі ибалы Қазығұрттың

Қыздарын ешкімге де қия алмадық.

Сол қыздар өзімізде қалса екен деп,

Жігіттер шетімізден қиялдадық.

 

Жігіттері-ай ауылдың мықты-мықты,

Асауды үйрететін құмарланып.

Көкпарын жібермейтін ауылдағы,

Ауа-райы тұрса да тұманданып.

Ерегессек көрші ауыл балдарымен,

«Қазығұрттан болам» деп ұрандадық.

Сағындым бала кезді ауылдағы,

Сағынышқа қарсы айла қылалмадық.

 

Қасиетті мекеннен шет жүрсек те,

Ол көркеймей бізде еш қуанбадық.

Азды-көп еңбек етіп елімізге,

Әйтеуір жаман атын шығармадық.

Балалық шақ қалған сол – Қазығұрттай

Мекенге жыр арнамай тұра алмадық.

Ауылды сағынған жан, оқыңыздар,

Сағыныштан осылай жыр арнадық!

Ақтөре АЙТУБАЕВ.