ҚАЗЫҒҰРТ ТАУЫ

Қасиетті Қазығұртты көпшілікке таныстыру мақсатындағы «Қазығұрттың туристік нысандары» фото-экскурсиялар сериясын жалғастырамыз. 2-ші күнгі таныстырылымында Қазығұрт тауы жотасы туралы мәліметтерін ұсынамыз.

 

 

Қазығұрт тауы – Оңтүстік Қазақстанда орналасқан тау. Талас Алатауының оңтүстік-батыс сілеміндегі Өгем тау қыраттарының батысын ала оқшаулау орналасқан. Шымкент қаласынан 35 км оңтүстікте. Шығыстан батысқа қарай 20 км созылып жатыр, ені 8-10 км. Абсолютті биіктігі 1768 м. Кемеқалған шыңы. Тау шығыстан батысқа қарай бірте-бірте аласарады, сыртынан қарағанда керісінше батыс жағы биіктеу көрінеді. Беткейінде бетеге, боз, аңғарында арша, долана ағаштары өседі. Тау маңайында қасиетті саналатын орындар аса мол.

 

 

 

Кемеқалған шыңы.

 

Қазығұрт ауданының мақтанышы – Қазығұрт тауы өзінің аңызға толы кереметімен тек қазақтың ғана емес, шығыс халықтарының, тіпті адамзаттың алтын бесігі деуге тұрарлық. Жер бетін топан су қаптағанда Нұх пайғамбар кемесін әр елдер өздерінің қасиетті тауларына, ал қазақтар Қазығұрт тауында қайырлатады. Қазығұрт асуынан динозавр сүйегінің табылуы – өзге де жаратылыстарды зерттеген ғалымдардың пікіріне сүйенсек, Қазығұрт, Қаратау, Қаржан, Өгем таулары аралығы тіршілік ерте пайда болып, адамзат баласы осы маңда тіршілік еткенін мақтанышпен айтуға болады.

 

 

Асан-Қайғы бабамыз жырлағандай «Қазығұрт – Алланың мейірімі түсіп, шапағатын шашқан тау екен, Нұх пайғамбардың кемесі қалып, бар қасиет бойыңнан табылғандай тау екенсің.

Жемісі көп, жері көп,                                                                   

Жер төресі мұнда екен.

Жігіті көп, ері көп,

Ел төресі мұнда екен», -деп сүйсінген тау. Алыстан қарағанда шөгіп жатқан қос өркешті түйені елестетін Қазығұрттың төбесі ойпаң, жазық. Мұнда «Адам ата шоқысы», «Пайғамбар тоқтаған», «Пайғамбар саусағы», «Пайғамбар атының су ішкен жері», «Ғайып-Ерен қырық шілтен», «Маңсары әулие» сияқты аңыз жетегіндегі орындар бар.

 

 



Бөлісу: