ҚАЗҰУМЕН БІРГЕ ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ!

жеке
блог

ҚАЗҰУМЕН БІРГЕ ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ!

Ән мен жырдың бесігі саналатын киелі Түлкібас өңірінің дарабоз дарындар мен толағай таланттардың басын қосқан мерейлі мекен екені баршаға мәлім. Қаншама ақын-жазушылар, небір талантты жастар осы кішкентай ғана ауылдан үлкен үмітпен өздерінің болашақтарының айнасы болып шықты. Қысы салқын, жазы жанға жайлы табиғаты әрбір адамды баурап алады.
Адамға талай жерді көрген артық,
Танысып әркімдерді білген артық.
Мысырға патша болып тұрсаң-дағы,
Болмайды туып-өскен жерден артық, -деп Шал ақын айтқандай алыста жүрсем де ет-жүрегім елжіреп туған жерге бүйрегім бұрып тұрады.Дәл осы жерде менің көңілді де, шаттықты, уайымсыз балалық шағым өтті. Үйдің маңындағы аулада ойнағаным және осы ауылымның киелі қара шаңырағы Абай атындағы мектеп-лицейіне алғаш барған кезім әлі есімде. Уақыт деген зымыран. Кеше ғана мектеп оқып, ойыңда ешқандай алаңдайтын мәселеcі жоқ ойын баласы едік. Мен өз мектебімді мақтан тұтамын. Себебі, дәл осы мектептен Отан үшін, елі үшін еңбек етіп жатқан ғалым, акедемик, генерал, профессор, жазушы, ақын, ірі қоғам қайраткерлері, ұстаз, дәрігер, бәрі – бәрі біздің мектептің түлектері. Атап-айтар болсам, Филология ғылымының докторы, – Мекемтас Мырзахметұлы, экономика ғылымының докторы, академик- Оразалы Сәбден, танымал жазушы Мархабат Байғұт, Генерал-майор – Сұлтанов Жеңісбек т.б. біздің мектептің ғана емес бүкіл қазақ елінің мақтанышы. Міне, осынау дана да дара жандардың ізі қалған Түлкібастың түлегі ретінде, мен де, бабалар салған сара жолмен жүріп, еліне пайдасы тиетін саналы, білімді азаматша болуды перзенттік борышым деп санаймын. Ал, осы игі мақсат жолындағы алғашқы қадамым дәл осы жылы мектепті үздік бағамен бітіріп, арман қала Алматыдағы Қазақ Ұлттық Университетіне оқуға түсуім деп білемін. Санжылдық тарихы бар, халқымыздың қастерлі тұлғалары білім алған қасиетті қарашаңырақ - Әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің студенті атануым мен үшін зор жетістік әрі үлкен абырой болды. Дәл осы сәтте мектеп директоры: Спабекова Қарлығаш Төрегелдіқызына, маған білім берген барша ұстаздарға ерекше алғысымды білдіремін. Сол білімнің арқасында міне, қазіргі таңда Әл –Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттің бірінші курсында оқимын.Өзім білім алып жатқан осынау құтты мекен жайында қысқаша айтып өтуді жөн көрдім. Мен сияқты мыңдаған жастардың арманына айналған бұл оқу орны- бүгінгі таңда Қазақстандағы ғана емес, сонымен бірге, Орталық Азиядағы жетекші университеттердің бірі де бірегейі. Қазақ Ұлттық Университеті- республикадағы барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі және білікті мамандар мен білімді студенттердің ордасы. 1934 жылы іргесі қаланған білім ордасы күннен- күнге әлемдік білім беру жүйесінде өзіндік орнын айқындап келеді. Оның дәлелі ретінде, белгілі QS World University Ranking халықаралық рейтинг агенттігінің 2017 жылы жариялаған зерттеу қорытындысына сәйкес, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті әлемдегі үздік 800 университет арасында 236-орынды иемденіп, ең үздік 250 университет қатарынан тағы да көрінді. Университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары, технопарк жұмыс істейді; 2 мыңнан астам профессор, ғылым докторлары, кандидаттары мен философия докторлары, 100-ден астам ірі академиялардың академиктері, 40-тан астам Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері, 40-қа жуық ҚР Мемлекеттік және атаулы сыйлықтарының лауреаттары және 40 жас ғалымдар сыйлығының лауреаттары, 47 Мемлекеттік ғылыми стипендиялардың стипендиаттары жұмыс істейді. Білімге құштар жастар үшін университетте барлығы бар. Мәселен Ө. А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы. Мұнда Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, көркем өнер үйірмелері, хореорграфия топтары жұмыс істейді.Спортпен айналысуға барлық жағдай жасалынған (ҚазҰУ қалашығының спорт кешені, Студенттердің спорттық клубы, түрлі секциялар, денсаулық топтары). Қызметкерлер мен студенттердің спартакиадасы ұдайы өткізіліп, олардың қалалық жарыстарға қатынасуы қамтамасыз етіледі. Біздің университетте спорт командалары әрдайым жоғары орындарға ие болады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - Quacquarelli Symonds (QS,Ұлыбритания), Thomson Reuters (США) агенттіктерінің зерттеулеріне сәйкес, дүние жүзі деңгейіндегі университеттер көрсеткіші бойынша әлемдік топ-университеттер рейтингінде 220 дәрежеге енген, БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунның ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымының «Академиялық ықпал» бағдарламасына қабылданған әлемдік үздік университеттердің ортаңғы бөлігіндегі Орталық Азиядағы тұңғыш университет. Осындай көрсеткіштер ҚазҰУ-ін Қазақстан Республикасының аса ерекше, жетекші жоғарғы оқу орны деп айтуымызға толық мүмкіндік береді және мақтан тұтамыз. Қорытындылай келе, университтің миссиясы – еліміздің қоғамдық өмірі мен ғылымына, экономиканың маңызды бағыттарының қарқынды даму мәселелерін шешуге бағытталған заманауи, жоғары білімді, бәсекеге қабілетті мамандар буынын қалыптастыру.
Сөз соңында айтарым, құрметті жас түлек! Өзіңе сенімді бол! Қандай жағдай болмасын арманынның орындалатынына, бәрі жақсы болатынына сен, сол армандарың әрдайым көкейіңде, көз алдында болсын! Ең бастысы қалайда соған жетемін деген ниетпен әрекет етіп, ешқашан тоқтамай жұмыс істе. Күндіз - түні үнемі еңбек ету, мәңгілік оқу, оқуға әбден жаттығу, соншалықты өжет болу қажет... Ол үшін әрбір сағат өте қымбат. Уақытыңды болмайтын дүниелерге босқа кетірме! Дәл осы сәтте Әл-Фарабидің мына бір керемет сөздері есіме түсіп отыр. «Ғылым үйренем деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері, тілек-мақсаты ақиқат пен әділдік үшін талап жолында болуы шарт. Жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмасқа керек. Өз ісіңнің білгірі һәм шебері атану үшін жақсы жұмыс істеп, жетік білуге ұмтылу керек. Қандай әрекет жасап, қандай іс істер болсаңыз да – игілігін көріп, рахатына бөленуді мақсат тұтқан жөн.» Сондықтан, үлкен өмірге қадам басар уақытында дұрыс таңдау жаса. Себебі, өз өмірімізде жасаған әрбір талғам тағдырымызға адам мөлшерлеп жете алмастай әсер етуі мүмкін.Ертеңгі бақытың дәл қазіргі шешіміңнен басталуы мүмкін! Сені ҚАЗҰУ күтеді. ҚАЗҰУ-мен бірге биік шыңдарда бол!


Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің,
механика-математика факультенің 1-ші курс студенті
КЕНЕС АЙЖАНАР КУРМАНЖАНҚЫЗЫ

Жетекшісі: ҚазҰУфилология факультеті, Шет тілдер
кафедрасының аға оқытушысы
ТЛЕУЛИНОВА МЕЙРАМКҮЛ БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ.